- Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүние жүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады.
- Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық.
- Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24ке, ал Алматыда 16ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр.
- Мысалы, туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс.
- Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес. Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет.
- Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білік ті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет. Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәліметі бойынша биыл Алакөл бағытындағы әуе рейстері субсидиясыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді.
- Туристік базаларда энергия қуатының өзі жетіспейді. Сол себеп ті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Соның салдарынан адамдарға қатер төнеді. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұрмыстық тех ника жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер құралдардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланысты зор шығынға батады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, курорт аймақтарын инженерлік инфра құрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуге тиіс. Туристік орын дарды инженерлік инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, кәріз жүйесімен, тазарту құрылғыларымен, ауызсумен және кіреберіс жолдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік бағдарлама қажет.
- Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жылдан жылға артып келе жатқан нөпірге төтеп бере алмайды. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа келушілер саны оның өткізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаңғысы кластерін, оның ішінде Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды.
- Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс.
- Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәс түріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпараттар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министрлігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын.
- Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана сезіміне байланысты. Әрине, азамат тардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс.
(Президент Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңестегі сөзінен)