• Экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар да жеткілікті. Атап айтқанда, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

• Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды сала. Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 865 жоба жүзеге асырылмақ. Оның құны – 2,6 триллион теңге.

• Еліміз кәсіпкерлік саласының өркендеу жолына түсті. Шағын және орта бизнес халықтың экономикадағы белсенді бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Елдің іскерлік ахуалы мен инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту мақсатында мамыр айында Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлыққа қол қойдым.

• Отандық кәсіпкерлер елдегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Олар мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салып жатыр. Сондай-ақ өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға инвестиция құйып, қайырымдылық бастамаларды қолдап жүр. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы жасампаз серіктестіктің, бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрсеткіші.

• Үкімет пен әкімдердің тікелей міндеті – биз­нес-қауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсету, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау.

• Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 115 жаңа медицина нысаны салынды. Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр. Орташа өмір сүру ұзақтығы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет 75 жастан асты. Ұрпаққа сапалы білім беру – маңызды міндет. Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Соның арқасында 500 мыңға жуық бала жаңа білім ордасында оқитын болады.

• Ғылымы және техникасы дамыған елдер әлем көшін бастап тұр. Осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет.

• Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Білім-ғылымның сапасын жақсартуға қатысты басқа да шаралар қолға алынды. Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын.

• Биыл өз бастамаммен «Таза Қазақстан» акциясы басталды, бұл халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге арналған жалпыұлттық жоба.

• Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Қазақстан ұлттық мүддеге негізделген теңгерімді, конструктивті сыртқы саясат жүргізеді. Биыл біз үшін халықаралық маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан бірден бірнеше көпжақты ұйымдарға төрағалық етіп, бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап өтуге болады. Мемлекетіміз әлемдік аренадағы орнын дәйекті түрде нығайту арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. Қазақ дипломатиясы сан ғасырлық тарихы мен дәстүрі бар Ұлы даладан бастау алды. Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайта түсу – ұлттық дипломатияның алдында тұрған маңызды міндет. Қазір дүние жүзі қауымдастығы біздің елімізді орта держава деп атайтын болды. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, әлі де өте белсенді жұмыс істеу қажет. Әлемде түрлі қақтығыстар көбейіп, қарулану жарысы белең алғанын және сауда соғысы өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Бірақ ең қауіптісі – сананың милитаризациясы, бір-бірінің ұстанымын мойындамау және сенімсіздіктің артуы, диалог пен консенсус үшін мүмкіндіктің азаюы. Осы[1]ның бәрі әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқанын көрсетеді. Біз осындай жағдайдың өзінде тұрақтылық пен келісім мекені болып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бейбітшілік пен тыныштық – біздің ең құнды байлығымыз, оны аялап, көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

• Бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алады.

Бұл – біздің байыппен таңдаған айнымас қағидатымыз. Ол қоғамдық санада тамыр жаюға тиіс. «Заң – ізгілік пен әділет өнері» деген әйгілі тәмсіл бар. Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет. Әрине, заңның қатаңдығына наразылық білдіріп, «қылбұрау салып жатыр» деп ойлай тын адамдар әрқашан табылады. Бірақ жазадан жалтарып, жүгенсіз кеткендер, шын мәнінде, халық пен ел мүддесіне қарсы адамдар. Мемлекет қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру үшін шара қабылдауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізеді.

• Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ. Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс.

 Мемлекет басшысының Ақордада Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінен

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған