Қоғам болған соң түрлі мәселелер, түрлі түйткілдер орын алмай
тұрмайды. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Заңының 1-тарауындағы жалпы ережелерде медиацияның қолданылу саласын айқындап берген. Заңның қабылдануы, медиацияның дамуы, өркениет көшіне батыл бет түзеген қоғамымыздағы оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігі даусыз. Нәтиже де жоқ емес.
Медиация – талаптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Медиацияның нәтижесінде «кінәлілер» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды. Қысқаша айтқанда, медиация кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған. Медиатор басшылыққа алатын негіз болатын 5 қағидамен ерекшеленеді – еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық. Медиацияның артықшылықтары: тараптар уақытын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау, мемлекеттік баж салығы төленбейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 4-бабына
сәйкес дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізудің міндеті ретінде нақтыланған. Бұл мақсатта медиация, татуласу келісімдері, партисипативтік рәсім, сотқа дейінгі хаттама бойынша бітімге келу, татуластырушы-судьялар арқылы дауласушы тараптарды татуластыру бағытында барлық жағдайлар жасалған.
Татуласу тетіктері қазақы қалыппен жаңа заманғы үрдістерді ұштастыра отырып, сапаны жақсарту, жалпы адамдық құндылықтарды сақтап қалу мәселесін оңтайлы шешкендей.
Әлбетте, татуласудың тиімділігі мен артықшылығын, өзектілігі мен өміршеңдігін қарапайым халыққа түсіндіру бағытында үгіт насихат жұмыстары мұнымен тоқталмауы тиіс. Ата-бабамыз қолданған бітімгершіліктің алдағы уақытта да кең қолданылып, дауласқан тараптардың мәселесін екеуара оңтайлы шешілуіне үлесін тигізе беретініне сенімім мол.
Қызылорда облысының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының кеңсе меңгерушісі А.Әбілқасымқызы