Өткен жылдың қорытындысымен «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанған Сырдария ауданы “Бесарық” ауылына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен барып әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.
Қазір бірқатар игі жобалар жүзеге асуда. Жалпы құны 389,2 млн. теңге тұратын Спорт кешенінің құрылысы 2022 жылы басталды. Ауыл халқының спортпен тұрақты шұғылдануына оңтайлы мүмкіндік жасайтын нысан құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС салуда. Бүгінде ішкі жұмыстары жүргізіліп, спорттық құрылғылар орнатылуда. Нысан биыл пайдалануға берілмек.
Аймақ басшысы аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа ауылда салынатын әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын мұқият қадағалауды және тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын күнделікті бақылауды тапсырды.
Жыл басында Сырдария ауданының бюджеті 10,3 млрд. теңге болып бекітілсе, 4 айдың қорытындысымен 11,6 млрд. теңгені құрады. Бюджеттің 65 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылым салаларын дамытуға бағытталды. Жыл басынан қаңтар-сәуір айларында ауданның өнеркәсіп орындары 30,8 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 160 пайызды құраған. Негізгі капиталға 20 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 123,7 пайыз болды.