Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өз жұмысын бастады. Комиссия отырыстарын барынша ашық, жариялы өткізуде. Әрине, жабық есік жағдайында бәрі де сөзге шешен, ойға мығым. Ал, ашықтық әрбір сөзге аса мән беруді талап етеді.
Комиссия отырыстарын дәстүрлі электронды ақпарат құралдарынан көріп, мерзімді газеттерден оқып, ұзын-ырғасымен әлеуметтік желілерден танысып отырған ел бәрін бақылап, таразылап, сарапқа салып отыр.
Сөз бостандығы мен пікір алуандығы кепіл етілген қоғамда әркімнің өз пікірі, айтар сөзі, ойы бар. Комиссия отырыстарында айтылған ұсыныстарға келіспейтіндер де бар екені белгілі. Дегенменен көпшілік ұсыныстарды қолдауда.
Комиссия отырыстарының жариялылығын, оқырмандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Комиссия күнделігі» айдарымен комиссияда айтылған ұсыныс, пікірлерді ресми ақпарат көздері дерегімен жариялағанды жөн көрдік.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысы:
НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫЛАР, ҰСЫНЫСТАР МЕН ШЕШІМДЕР
Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Шара кеңейтілген форматта Парламент депутаттарының, мәслихат төрағаларының, қоғам қайраткерлерінің, орталық мемлекеттік органдардың жауапты лауазымды адамдарының, БАҚ өкілдерінің, өңірлердің қоғамдық кеңестерінің, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың қатысуымен өтті.
Комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті Жарлығын орындау мақсатында жұмыс істейді. Оған Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Комиссия төрағасының орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Алғашқы отырыста қатысушылар ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша негізгі ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастырды.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде бір палаталы Парламент құруғ туралы бастама көтерді.
Бұл – жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына одан әрі елеулі ықпал ететін маңызды саяси реформа.
Өткен жылдың қазан айынан бастап жаңа реформаны дайындау аясында азаматтардан, 7 саяси партиядан, 16 қоғамдық ұйымнан және түрлі салалардың сарапшыларынан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Атап айтқанда, ұсыныс жолдағандар e-Otinish және eGov порталдарын белсенді қолданғаны байқалды. Алайда, ұсыныстар тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана емес, сонымен бірге көптеген басқа да саяси және әлеуметтік өмірге қатысты аспектілерді қамтыды. Осыған орай Мемлекет басшысы шешімімен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды.
Алғашқы отырыстың ашылуында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға көшу ретінде қарастыру керек екенін атап өтті.
Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды толыққанды айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету, – деп атап өтті Эльвира Азимова.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз сөзінде 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы айтқан конституциялық реформаның негізгі ережелеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деп нақты атап өтті. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады.
Құрылтай депутаттарының саны 145-ті құрайды, кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады, толық пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Пропорционалды жүйе партиялардың кадр саясатын дамытуға ықпал етеді, олардың институционалдық рөлін арттырады және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтады, – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен қатар ол конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынына ерекше назар аударды.
ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтқанын атап өтті.
– Президент бірқатар елдерде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, «біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді.
Сонымен қатар реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды.
Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады.
Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді – деп, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі атап өтті.
Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды деп күтілуде.
Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады. Вице-Президенттің құзыретіне Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіру, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік ету берілетін болады.
Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.
Халық Кеңесіне қатысты. Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Атап айтқанда, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет екені айтылды.
Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырылатындығын қамту қажет. Сондай-ақ, Халық Кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша; қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайтуға; мемлекет қызметінің қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі негізгі өкілеттіктерін регламенттеу көзделеді.
Президент Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. Бұл да Конституцияда бекітілуге тиіс. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады.
Отырыста өз ұсыныстарымен, пікірлерімен және ескертулерімен сөз сөйлегендер қатарында болғандар:
– Парламент Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ ұлттық мемлекетті нығайту және республиканың идеологиялық бағытын айқындау үшін Конституцияның преамбуласын жаңартуды ұсынды;
– Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Башимов алдағы болатын қайта құрулардың саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті;
– Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай Конституцияда дінді мемлекеттен бөлу туралы тікелей норманы бекітуді ұсынды;
– Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, ол соттың санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту қажеттігін атап өтті;
– Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев әмбебап және барлығына бірдей: қарттар мен сәбилерге, ерлер мен әйелдерге, дінге сенушілер мен атеистерге қолданылатын іргелі адам құқықтарын бекіту қажеттілігін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі бостандықтардың ішінде өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдеу құқығын тікелей көрсету қажет.
– Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияда тек ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынды;
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Конституцияда зияткерлік меншік пен шығармашылық бостандықты қорғау туралы нормаларды бекітуді ұсынды;
– «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, белгілі журналист Дихан Қамзабекұлы білім беру және тәрбие жүйесіндегі зайырлылық қағидаттарын нығайту мәселесін көтерді;
– М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Конституциядағы терминологияның сәйкессіздігін жоюды ұсынды;
– Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов интернет-алаяқтыққа қарсы тұру үшін конституциялық негіздерді нығайтуды ұсынды;
– Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев азаматтар мен бизнестің жеке меншігін конституциялық қорғауды күшейтуді ұсынды;
– Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдерді конституциялық тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Бірінші отырысты қорытындылай келе, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрағасы Эльвира Азимова келесі отырста Комиссия нақты талқылауға көшетінін және жаңа нормалар мен нақты түзетулер бойынша жұмысты бастайтынын атап өтті.
Конституциялық комиссия түзетулер жобасын талқылауға кірісті
Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысында Ата заңға енгізуге ұсынылған түзетулерді жан-жақты қаралды. Бұл түзетулер қоғам өкілдерінен, саяси партиялардан және сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен көптеген ұсыныстардың барлығы ескеріле отырып қалыптастырылды.
ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимованың хабарлауынша, Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге біріктірілді.
Отырыс барысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды. Әділет министрі айтуынша түзетулердің жекелеген блогы болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайындау тәртібі, депутаттық корпусты қалыптастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регламенттеледі. Өз сөзінде Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров бір палаталы Парламентке көшуге байланысты Конституцияның тиісті баптарына көптеген өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Ұсынылатын тәртіпке сәйкес Құрылтай Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық комиссия мүшелеріне бірінші отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген түзетулердің салыстырмалы кестесін таныстырды.
Жинақталған ұсыныстар Қазақстанның конституциялық құрылысының негіздерін нақтылау мен нығайтуға, жекелеген нормалардың құқықтық айқындығын арттыруға және құқық қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Ерекше назар Преамбуланы күшейтуге, құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын бекітуге, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке бостандық пен қол сұғылмаушылықты, сондай-ақ жеке өмір мен дербес деректерді қорғауға аударылды.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысы бойынша негізгі қорытындылар
Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өз жұмысын аяқтады. Отырыс барысында Қазақстанның көптеген белгілі саяси және қоғам қайраткерлері Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты өз пікірлерін, ұсыныстары мен ескертулерін білдірді.
Парламенттік фракциялардың лидерлері бір палаталы Парламентке көшу бастамасын қолдады. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу және саяси партиялардың рөлін күшейту конституциялық реформаның негізгі тетіктеріне айналады. Сондай-ақ ол пропорционалды сайлау жүйесі мен партияішілік праймериздердің маңыздылығына назар аударды. Аталған тетіктер сайлаушылар мен Парламенттің құрамы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев «Ең шалғай ауылдардың өзінде тұрғындар Парламент пен Үкіметтің жұмысына жіті назар аударып отыр. Конституциялық реформа бойынша түскен екі мыңнан астам ұсыныс жай ғана статистика емес. Бұл қоғамның жаңғыруға, демократиялық бастамаларды күшейтуге және әділеттілікке деген тікелей сұранысы», – деді.
Мәжіліс депутаты Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов конституциялық реформаның мақсаты мемлекеттік билікті неғұрлым ашық, қоғам алдында есеп беріп, оны азаматтарға жақындату екендігін атап өтті.
Мәжіліс депутаты «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров пікірінше, саяси институттарды нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және нормативтік иерархияның айқындығы мемлекеттің орнықты дамуы мен биліктің заңдылығының негізгі шарттары болып табылады.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов бір палаталы Парламентке көшу ұсынысын елді жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі деп атады.
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев бүгінгі күнге дейін мемлекеттік билік жүйесінде бір палаталы Парламенттің өкілеттігін күшейту бойынша оңтайлы шешімдер әзірленгенін, «Халық Кеңесі атты жоғарғы консультативтік органды құру бастамасы және оның мәртебесін Конституцияда бекіту билік жүйесіне әртүрлі этнос өкілдерінің қатысуын 8 есе арттырады, өңірлер мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз етеді және азаматтық қоғам көшбасшыларын саяси жүйеге тартуды қамтамасыз етеді», – деп атап өтті.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым атап өткендей, түзетулерге сәйкес бір палаталы Парламент – Құрылтай 145 депутаттан тұрады, олар бүкілхалықтық біртұтас сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі қазіргі Мәжілістің тәжірибесіне сәйкес 5 жыл деңгейінде сақталуы ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өміралиев «Миранда ережесін» Конституцияда бекіту ұсынысын қолдады. Бұл ереже бойынша, адам ұсталған сәттен бастап құқық қорғау органдары оның құқықтарын түсіндіруі тиіс. Яғни, адам күдікті мәртебесін алған сәттен бастап оның білікті қорғалуы – адвокаттың болуы – құқығын қамтамасыз ету біздің басты талабымыз болып табылады, – деді Жандос Өміралиев.
Астананың Халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили еліміздің кейбір өңірлері үшін арнайы құқықтық режимдерді Конституцияда бекіту бастамасын қолдады. «Қазіргі заманғы мемлекеттерде дамудың сараланған модельдерін қолдану жиілеп келеді. Бұл инвестициялар, технологиялар және адам капиталы үшін бәсекеге объективті жауап болып табылады. Мұндай шешімдердің барлығы мемлекеттік құрылымның негізін қозғайды, сондықтан олар тікелей конституциялық негізде бекітілуі тиіс», – деді .
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов жеке деректерді қорғауға бағытталған ұсынылып отырған норманы қолдады. «Адамның жеке өмірін оның өзіне жария еткісі келмейтін өмірлік аспектілер құрайды. Бұл жеке тұлғаның өзіндік егемендігі болып табылады және қоғам мен мемлекет тарапынан бақылауға жатпайды», – деп атап өтті депутат.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласында ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге қатысты ұсыныстарын білдірді.
«Келешек» жастар кеңесінің жетекшісі Гүлзира Атабаева Конституцияға енгізілетін түзетулер білімнің зайырлы сипатын бекіту, дінді мемлекеттен бөліп көрсету және зияткерлік меншікті қорғауды күшейту, Қазақстанның жасанды интеллект дәуірінде дамуына үлес қосатынын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин өз сөзінде Халық Кеңесін және Вице-Президент институтын құру қоғамдық диалогты нығайтып, мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– «Қоғам қазір белсенді және талапшыл. Диалог алаңдары мен түрлі қоғамдық платформалар кейде жалпыұлттық мүдде мен қажетті талқылау деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан ұсынылып отырған Халық Кеңесі – формалды жаңалық емес, объективті қажеттілік», – деді ол.
Саясаттанушы Марат Шибутов Конституцияның преамбуласы сыртқы және ішкі аудитория үшін маңызды сигналдар беретінін, шекаралардың тұтастығын бекітетінін, бейбіт ниеттерді көрсететінін және заңдылықты, әділдікті сақтау мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап көрсететінін айтты.
«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков атап өткендей, конституциялық реформа қазіргі әлемдік геосаяси жағдай мен Қазақстан алдында ашылатын мүмкіндіктерді ескере отырып, дамудың жаңа бағытын көрсетеді.
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Конституцияның 18 және 32-баптарына редакциялық түзеу сипаттағы өзгерістер енгізілетінін, бірақ сөз еркіндігі мен бейбіт жиналысқа қатысты кепілдіктерге әсер етпейтінін атап өтті. Бұл құқықтар бұрынғы көлемінде сақталады.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Қазақстан Конституциясына табиғатты қорғау бойынша азаматтық жауапкершілікті бекітуді қолдады. Ол президенттік «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологияны қорғаудың әрбір азамат үшін қаншалықты маңызды екенін іс жүзінде көрсетті деп мәлімдеді. Сонымен қатар депутат сөз еркіндігі, цензураға тыйым салу және ақпаратты еркін алу мен тарату құқығы туралы Конституциядағы баптың маңыздылығына тоқталды.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Мырзағараев Конституцияда адвокатура статусын жеке институт ретінде бекіту ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, бұл адам құқықтарын қорғау саласында тың серпіліс болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов «Жалпы ережелер» бөлімін «Конституциялық құрылыс негіздері» деп қайта атауды, еңбек құқығы тұжырымдасын нақтылауды, сондай-ақ некеге қатысты норманы Конституцияда бекітуді қолдайтынын білдірді. «Неке – мемлекет тарапынан заңға сәйкес тіркелетін ер мен әйелдің арасындағы ерікті және тең құқылы одақ. Мұндай тәсіл зайырлы мемлекет саясатына, теңдік пен кемсітпеушілік принциптеріне сәйкес келеді, сондай-ақ халқымыздың рухани-моральдық кодын айқындайды», – деп атап өтті Еркін Дүйсенов.
Отырысты қорытындылай келе, Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Азимова Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер бойынша елеулі ілгерілеу жасалғанын атап өтті.
(Жалғасы бар)