Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінің бірінде Сенат отырысында сөйлеген сөзінде “Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда. Таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ой[1]лаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын” деген уәдесінде тұрып, биылғы қаңтардың 4-інде Министрлдер кабинетінде бірқатар өзгерістер орын алды.

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ҚОЙШЫБАЕВ – ҮКІМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

54 жаста

Мемлекет басшысының жарлығымен Ғалымжан Телманұлы Қойшыбаев ҚР премьер-министрінің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.

Ол 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университететін тәмамдаған. 2019 жылғы 26 наурызда премьер-министр кеңсесінің басшысы болды.

 2019 жылғы 18 қыркүйекте, 2021 жылғы 18 қаңтарда және 2022 жылғы 11 қаңтарда президент жарлығымен осы қызметке бірнеше рет қайта тағайындалды. Ғалымжан Телманұлы “Парасат” және “Құрмет” ордендерімен марапатталған.

ПРЕЗИДЕНТ ЕДІ, МИНИСТР БОЛДЫ

53 жаста

Ғани Бектайұлы Бейсембаев ҚР оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды.

 Ол 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдады. Еңбек жолын 1986 жылы Шиелі ауданындағы мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі қызметінен бастаған. 2020 жылғы желтоқсан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті қызметін атқарды.

Ғани Бектайұлы РһD докторы, халықаралық академияның педагогикалық білім бойынша корреспондент мүшесі (Ресей), халықаралық ақпараттандыру адемиясының академигі (Қазақстан).

ОРАЛОВ «АМАНАТТЫ» КІМГЕ АМАНАТТАДЫ?

 32 жаста

Асхат Раздықұлы Оралов ҚР мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды.

Ол 1990 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінде оқыған. 2019 жылы Павлодар облысы әкімінің орынбасары.

 2020 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі. 2021-2022 жж. Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдың 2 ақпанынан бастап «Аманат» саяси партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарды.

ТОН КИМЕЙТІН, ЕТ ЖЕМЕЙТІН МИНИСТР

32 жаста

Зүлфия Болатқызы Сүлейменова ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды.

Ол 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Президент жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2014 жылы жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады. 2021 жылғы қаңтардан бастап осы уақытқа дейін VII сайланған парламент мәжілісінің депутаты, өткен жылдың 14 наурызынан бастап өзінен бұрынғы Экология министрінің орынбасары болған.

Ресми ақпарат көздерінің дерегі бойынша бұл министрдің басқа министрлерден ерекшелігі аң терісінен жасалған тон кимейді, ет жемейді, жануарларға тексеріп көрген косметиканы қолданбайды. Сондай-ақ, жұрт су мәселесін біледі ме екен деп алаңдауына да негіз бар сияқты, осыдан бір жыл бұрын «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында су тапшылығына алаңдайтынын, зообақ пен дельфинарийге бармайтынын айтқан екен.

ҚАРАБАЕВ ӨЗ ІШІНЕН ШЫҚТЫ

 35 жаста

Марат Кәрімжанұлы Қарабаев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды.

Ол 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.

 2021 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

ЖҰМЫСШЫ ДА МИНИСТР БОЛАДЫ ЕКЕН

43 жаста

Азамат Несіпбайұлы Есқараев ҚР әділет министрі болып тағайындалды. Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдап, еңбек жолын 1996 жылы Алматы қаласындағы ДЭЗ-2 жұмысшысы болып бастады.

2019 жылғы маусымнан бастап премьер-министр кеңсесі заң бөлімінің меңгерушісі.

Үкіметте бірқатар ауыс-түйіс жасалды. Ресми ақпарат бойынша Премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы және бес жаңа министр тағайындалды. Жаңа министрлердің екеуі 32 жаста, 1990 жылы дүниеге келген. Үкіметтің бұрынғы құрамының орташа жасы 47 жас болса, ол жаңа тағайындаулардан кейін 43 жас болып, 4 жасқа жасарды. Ең жас министрлер – 32 жастағы Асхат Оралов пен Зүлфия Сүлейменова (1990 жылы туған); Ең егде жастағы министр – 58 жастағы Марат Ахметжанов (1964 жылы туған).

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған