Президенттің аграрлық секторға су үнемдеу технологияларын енгі­зу жөніндегі тапсырмаларының орын­далуы барысымен, өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйімен таны­суды мақсат еткен Үкімет басшысы  Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары­мен келіп, кетті.

Премьер-министр заманауи су үнем­­деу технологияларын іске қосқан Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқаптарында болды. Шаруашылықта күріш, күздік бидай және жоңышқа өсіріледі, ал суару үшін суды ұтымды тұтыну жүйе­лері қолданылады. Қолданылған шешімдердің тиімділігі осы жылдың вегетациялық кезеңінің мысалында көрсетілді.

Олжас Бектенов өңірдің негізгі гидротехникалық нысандарының жұмы­сымен танысты. Атап айтқанда, Сырдария ауданында орналасқан «Әйтек» су торабының жұмысын тексерді. Су торабы 2004 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген. «Әйтек» арқылы 13 мың гектар егіс алқабы мен 3 319 гектар көл жүйесі, сондай-ақ 120,8 мың гектар шабындық және жайылымдық жерлер сумен қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр Қызылорда қала­сындағы, Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 120 мың гектардан астам аумақтағы көл жүйесі мен жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз ететін Қара­өзек арнасына әуеден шолу жасады.

Қызылорда су торабын аралау барысында Үкімет басшысына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімінің орын­басары Бақыт Жақанов өңірдегі су шаруашылығы жағдайы мен қазіргі қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Қызылорда су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген және 120 мың гектар аумақты суаруды қамтамасыз етеді.

Сапар барысында Премьер-министр Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын қарқынды түрде енгізу жөніндегі алға қойған міндетіне назар аударды. Бұл қазіргі гидрологиялық жағдайда өте өзекті. Осыған байланысты Үкіметтің баса көңіл бөліп отырғаны – ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұрақты сумен қамту, соның ішінде оларды суды тиімді пайдаланудың заманауи технологияларына кезең-кезеңімен көшіру. Осы тұрғыда 2024 жылы Су және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министр­лі­гімен бірле­сіп инвестициялық субсидиялау және суармалы су ережелеріне тиіс­ті өзгерістер енгізген болатын. Соған сәйкес тамшылатып және жаң­быр­латып суаруды енгізген шаруашылықтармен суды пайдалануға арналған келісімшарттарға басымдық беріледі. Қалғандары қалдық су көлемі және суды үнемдейтін шешімдерге көшу міндеттемесі болған жағдайда ғана су ресурстарын ала алады.

Елімізде егістік құрылымын әр­тараптандыру жұмыстары жүйелі жүр­гізілуде. АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес ылғалсүйгіш дақылдардың алқаптарын қысқарту көзделіп отыр. Атап айтқанда, күріш пен мақта алқабы 41 мың гектарға, оның ішінде күріш алқабы 10 мың гектарға азайтылмақ. Сонымен бірге жүгері мен жем-шөп дақылдарының өндірісі кеңейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласы дамуда. Бұл шаралар суар­малы жерлердегі су тұтынудың үлесін кем дегенде 20%-ға төмендетуге бағытталған. Өңірде су балансының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мелиорация бойынша шаралар енгізілуде. Мәселен, Түркістан және Қызылорда облыстарында 118 тік дре­наж жүйесі және 243 сорғы агрегаты іске қосылды. Коллекторлық-дренажды суды қайта пайдалану жүзеге асырылады және кезектестіре әрі түнгі суару жүйесі тәжірибеден өтуде.

Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту және шаруаларды суарудың заманауи әдістеріне көшу­ге ынталандыру қажеттігін атап өтті. Жалпы алғанда, Үкімет бұл бағыт­­тағы жұмысты өңірлермен, жауапты министрліктермен және су пайдаланушылармен үйлестіре отырып жалғастыратын болады.

***

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруа­шылықта бүгінде 360 адам еңбек етеді. Егін алқаптарына 2985 гектар күріш, 780 гектар бидай, 769 гектар ескі жоңышқа егіліп, 2000 гектар жерге лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді.

Шардара су қоймасы мен Көк­сарай су реттегішінің 2025 жылдың веге­тацияаралық кезеңінің жұмыс режиміне сәйкес, биылғы 1 сәуірге дейін осы қоймаларға 6,7 млрд. текше метр су жинау жоспарланған. Шар­дара – 5,2 млрд., Көксарай – 1,5 млрд. Алайда, небәрі 5,9 млрд. текше метр су, яғни жоспарланған көлемнен 737 млн. тек­ше метр кем жиналды.

Шілденің 30-ы күнгі мәлімет бойын­ша Шардара су қоймасына жоғарыдан түскен су көлемі секундына 158,1 текше метр, қоймадағы нақты су көлемі 571 млн. текше метр. Бұл жоспардағыдан 1529 млн. текше метрге кем. Мемле­кетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысында қоймада 2268 млн. текше метр болады деп белгіленген.

Су тапшылығына байланысты қалып­тасқан жағдайға тұрақты мониторинг және түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін барлық ауданда арнайы жұмысшы топтары құрылды.

Қазіргі таңда барлық каналдан су алу кестесі бекітіліп, су кезекпен берілуде. Қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бағытында облыста 324 насос қондырғысы іске қосылған.

Сондай-ақ, 5 магистральді және 3 шаруашылықаралық канал арқылы кезектестіріп су беру кестесінің жос­пары әзірленіп, соған сәйкес су жұмыс атқарылуда. Жалпы егілген егістің 98%-ы кезекпен суарылуда.

Премьер-министрдің орынбасары веге­тациялық кезеңнің күрделі жағдайда өтуіне байланысты атқарылған жұмыс­тарға тоқталды.

– «Бүгін Өзбекстан тарапы 200 текше метр, Қырғызстаннан 150 текше метр, шамамен 300 текше метрден астам су 15 тамызға дейін жіберілетін болып шешім қабылданды. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде алдағы уақыт­та су көлемі жеткілікті болады деп күтілуде», – деді Қ.Бозымбаев.

***

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қазалы ауданына да жұмыс сапарымен барды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Қара­шеңгел ауылдық округіне қарасты Ақөзек учаскесіндегі «РЗА» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты.

«РЗА» АҚ – 2000 жылы құрылған және су үнемдеу технологияларын енгізген алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы кәсіпорыны. Негізгі бағыты – ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру және өңдеу. Биыл 4706 гектар жерге егін еккен. Оның 2238 гектары күріш, 419 гектары жүгері, 702 гектары жаңа жоңышқа және 1347 гектары ескі жоңышқа. Шаруашылықта 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ауыл шаруашылығы техникалары да жеткілікті, паркінде 25 трактор, 15 комбайн, 2 шөп шапқыш, 3 тіркеме және 11 экскаватор-погрузчик бар. Климаттың өзгеруі мен су тапшылығына байланысты кәсіпорын 2021 жылдан бері су үнемдеу технологияларын енгізе бастады. Бұл мақсатта 600 миллион теңгеге арнайы жобаны жүзеге асырды. Германиядан дренажды құбырлар мен арнайы соқа сатып алып, Испаниядан әкелінген жаңбырлатып суару жабдығы орнатылды. Жаңа технологиялар суды тиімді пайдалануға, өнімділікті арттыруға, экологиялық тұрақ­тылыққа айтарлықтай оң ықпал етті.

Аудандағы суармалы жер көлемі 31 024,3 гектар, оның 17 445 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары, атап айтқанда дәнді дақылдар 5 881 гектар­ға, майлы дақылдар 500 гектарға, малазықтық дақылдар 8 900 гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 2 164 гек­тар­ға егілді. Күріш көлемі 5 636 гектар. Егін шаруашылығымен 9 шаруашылық айналысады, барлығы күріш егеді.

Вегетациялық кезең басталғалы бері жоспардағы 295,03 млн текше метр судың 259,6 млн текше метрі, яғни 88 пайызы жеткізілген.

Сапар барысында Қанат Бозымбаев «Басықара» гидроторабының жұмысын тексеріп, шаруашылық жетекшілерімен кездесуде халықаралық келісімдер туралы айтты.

***

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Қармақшы ауданындағы «Жаңажол» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

«Жаңажол» – өңірдегі ауыл шаруа­­шылығын дамытып, халықты тұрақты жұмыспен қамтыған жетек­ші құрылымдардың бірі. Биыл шаруашылық 4547,5 гектар алқапқа егін екті. Оның 3100 гектары күріш, 469 гектары жаңа, 600 гектары ескі жоңышқа, 325 гектары бидай, 39 гектары жүгері. Сонымен қатар 5 гектар картоп, 9,5 гектар алма бағы да бар.

Қазіргі таңда мұнда 360 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серік­тестіктің 159 арнайы техникасы бар. Бұл егін ору, тасымалдау және басқа да жұмыстарды орындауға мүмкіндік береді.

Серіктестік егіншілікпен ғана шек­телмей, жем-шөп өндірісі мен бау-бақша шаруашылығын да дамытып келеді. Табиғи ресурстарды ұқыпты пайда­ланып, заманауи әдістерді енгізуде.

Ауданның суармалы жер көлемі 41 147 гектар, 25 258 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары, атап айтқанда дәнді дақылдар 14123 гектар­ға, майлы дақылдар 1205 гектарға, мал азықтық дақылдар 8 750 гектарға, картоп, көкөніс және бақша 1180 гектарға егілген. Күріш көлемі 12993 гектар. Қармақшы ауданында 32 шаруашылық егін шаруашылығымен, 30-ы күріш егумен айналысады.

Биылға жоспарланған 404,0 млн. текше метр судың 296,2 млн. текше метрі нақты жеткізілді. Қазіргі уақытта 33 насос 9 шаруашылықтың егіс алқап­тарындағы күріш пен ауыл маңындағы картоп, көкөніс, бақшаны суаруға қызмет етеді.

Мұнан бөлек, Қ.Бозымбаев 2004 жылы құрылған «Жаңажол» шаруа­шылы­ғының алмабағымен танысты. Шаруашылық 4,5 гектар жерге 1521 түп алма, 138 түп алмұрт және 205 түп өрік отырғызып, өнім алуда.

620 түп «Семеренка», 177 түп «Бес жұлдыз», 105 түп «Голдинк», 138 түп «Белиналип» сорттары арық арқылы суарылады. 2023 жылы тағы 5 гектар аумаққа 8 600 түп алма көшеті тамшылатып суару әдісімен егілді. Көшеттер Жамбыл облысы Мерке ауданындағы тұқымбақтан алынған. Жаңа алмабақта «Голден Делишес», «Старкримсон», «Мельба», «Столовка» және «Қызылай» сорттары өсірілуде.

Суару жүйесі Израиль технологиясы бойынша жасалған.

***

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Жалағаш ауданы Таң ауылындағы «Таң LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

«Таң LTD» ЖШС биыл 3668 гектар жерге егін екті. Оның 1226 гектары күріш, 75 гектары қант құмайы, 379 гектары жаңа жоңышқа, 661 гектары ескі жоңышқа, 700 гектары жүгері. Серіктестік 300 тұрғынды жұмыспен қамтыған.

Премьер-министрдің орынбасары веге­тациялық кезеңдегі қиындықтардан өту үшін барлық тиісті шаралар қабылдануы керек екенін айтты.

Су тапшылығына байланысты қалып­тасқан жағдайға тұрақты мониторинг және кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін барлық ауданда арнайы жұмысшы топтары құрылды.

Қазіргі таңда, барлық каналдан су алу кестесі бекітіліп, су кезекпен берілуде. Қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін облыста 324 насос қондырғысы қосылған.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған