Ресми ақпарат: Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен осы аптада өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және вегетациялық кезеңді өткізу мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген дерек бойынша, 2025 жылы еліміздегі жалпы егіс алқабы 23,7 млн. гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру нәтижесінде екі жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды, бұл ретте мал азықтық және майлы дақылдар алқабы 3,3 млн. гектарға жеткізілді. Бұл ретте күнбағыс алқабы 1,4 млн. гектарға, дәнді және бұршақты дақылдар 16,6 млн. гектарға, мақта алаңы 135 мың гектарға жетеді.

Биыл мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғайды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 700 млрд. теңге, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 млрд. теңге бөлінген.

Олжас Бектенов әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторингті жүргізуді тапсырды. Бұл ретте қаржыландыру тек қана тиімді, әрі адал өндірушілерге берілуі тиіс – деді.

Осы Үкімет отырысында баяндама жасаған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев:

– Еліміздің көптеген өңірінде ыстық әрі құрғақ ауа райы, дегенмен астықты өңірлерде, тау бөктерлері мен оңтүстіктің шеткері аймақтарында жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақын мөлшерде болады деп болжам жасалуда, – деді.

Оның айтуынша биыл еліміздің көп бөлігінде қыс жылы және қарлы болып, топырақтың жақсы ылғалдануына әсер етті. Еліміздің солтүстігі мен орталығының егіс алқаптарында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық әрі тиімді.

Мамыр айы республиканың көп бөлігінде ыстық және құрғақ болуы мүмкін. Дегенмен, астықты өңірлерде, тау бөктерлері мен оңтүстіктің шеткері аймақтарында жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақын мөлшерде болады.

Құрғақшылық жағдайы Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының солтүстік аудандарында қалыптасуы мүмкін.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндауынша ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлінетін 15 текше шақырым судың шамамен 12 текше шақырымы тұрақты суаруға жұмсалады, оның 98%-ы еліміздің оңтүстігіндегі – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі екен.

«Арал-Сырдария бассейні бойынша Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының болжамды кестесіне сәйкес, 1 сәуірге Шардара су қоймасына келетін су көлемі 10,9 млрд. текше метр деңгейінде күтілген, нақты келіп түскені – 12,6 млрд. текше метр, яғни болжамнан 1,7 млрд. текше метрге артық. Вегетация кезеңіне Шардара су қоймасына шамамен 3,7 млрд. текше метр көлемінде су келетіні көзделген. Сәуір айында су қоймаға 1 млрд. текше метр су келді, ал мамырдың алғашқы онкүндігінде 54 млн. текше метр түскен, бұл болжамнан 231 млн. текше метрге кем. Мұндай төмен көрсеткіш Сырдария өзенінің тармақтық ағынының азаюымен байланысты. Осыған орай, Шардара су қоймасына тұрақты су келімін қамтамасыз ету мақсатында, Министрлік Нарын Сырдария су қоймалары каскадының Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының аясында бекітілген жұмыс режимін сақтау бойынша көршілес елдермен жүйелі жұмыс жүргізуде».

Түркістан және Қызылорда облыстарында тәуекелдер сақталуда: 6 мамырдағы жағдай бойынша бассейндегі су қоймаларының орташа толымдылығы – 75%, бұл өткен жылмен салыстырғанда 498 млн. текше метрге аз.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған