Ғалам ғалам болғалы коммуналдық саланың мәселесі белшеден. Оны басқарған басшының да шашы ағарып, елге қарабет болған шақтары да жоқ емес. Қазірде аталған саланың шаруасы дөңгелеуде деп айту әбестік болар.

Ұзын сонар кемшіліктің көкесі жақын арада орын алды. Қалалықтарға су айдап тұрған 8 сусорғыш істен шығып, аяқ асты су қысымы төмендеп, тұрғындардың наразылығын туғызды. Сондай-ақ, оқу жылы басталмай жатып біраз бала қиындыққа тап болды. Мәселе сол мезі қылған қоғамдық көлікте. Осы және өзге де мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын халыққа жария ету мақсатында қалалық әкімдіктің мәжіліс залында жиын өтті.

Қала әкімінің коммуналдық салаға жауапты жаңа орынбасары Ғалымжан Еркебай тиісті бөлім басшыларымен бірлесе БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

– Кеше екі күннен бері қалада ауыз су қысымы төмендеді. Қызылорда қаласы жерасты суын пайдаланады. Бізде 105 скважина болса 70-і жұмыс істейді. Соның 8-і істен шығып, жақын арада су қысымын қалпына келтіреміз. 5-ші қыркүйек күні кешке дейін қалпына келетін болады,-дейді Ғалымжан Еркебай.

– Скважиналардың сегізі бірден істен шыққан. Бұлар ескі болған соң ба, әлде маман қателігінен істен шықты ма?,-деп сұрады «Ақмешіт ақшамы» газетінің тілшісі Д.Амангелді.

– Бұл 2012 жылдан бастап жұмыс жасауда. Өзінің жаңалау мерзімі де жақындады. Бүйжеттен қаражат бөлінсе де, сатып алу заңдылықтарына орай кешігуде. Қазірде құралдары әкелінді,- дейді орынбасар.

Қалалықтар неге ауыз су сатып алады?

– Ақыры ауыз су мәселесі қозғалғаннан кейін айта өтсеңіз. Жалпы Қызылорда қаласы сапалы ауыз сумен толық қамтылған ба? Қамтылса неге тұрғындар үйінде ауыз су ағып тұрса да оны дүкеннен сатып алады?-деп сұрады «Ақмешіт апталығы» газетінің редакторы Ә.Батырбеков.

– Біздің Қызылорда қаласы 2008- 2009 жылдары 8000 гектар аумақты құраса қазірде 13 000 гектарға жетті. Қала кеңейіп жатыр. Сәйкесінше қосымша скважиналар қазылу керек. Сырдария өзенінің сол жағалауында да қосымша 20 шақты скважина қазбақпыз. Қазірде жаз мезгілінде ауыз су тәуілігіне 100 мың кубқа дейін пайдаланылса, қысты күні 30 мың кубқа жетеді. Ауыз су сынамасын ай сайын зертхана тексеріп отырады. Өз басым үйден ағып тұрған суды тұтынамын,-дейді қала әкімінің орынбасары.

Жаңа автобустың жетеуі келді!

– Қоғамдық көлікке байланысты көптеген сұрақтар қойылуда. Бірінші қыркүйек күні қалада 214 қоғамдық көлік жолаушылар тасымалдады. Оның ішінде жеке тасымалдаушы төрт кәсіпкер де бар. Қызылорда «Автобус паркі» қазірде күніне 60-қа жуық автобус шығарып отыр. Қызылорда қаласын қоғамдық көлікпен толыққанды қамтамасыз ету үшін 400-ге жуық автобус керек. Өздеріңіз білесіздер, 150 автобус алу үшін тиісті қаржысы бөлінді. Қазір келісімшарт жасалды. Тиісті мердігер қырық автобусты қалаға жеткізу үстінде. Мердігердің өзі бірінші қыркүйекке дейін 150 автобусты жеткіземіз деп уәде еткен болатын. Алайда, пандемияға байланысты Қытаймен екі арадағы шекара жабылуда. Сәйкесінше біраз автобус шекараның ар жағында қалып қойды. Қазір бірінші кезеңге 40 автобус келсе, қалған 110 автобус жыл аяғына дейін келеді деп жоспарлануда. «Бәйтерек» мөлтек ауданында тұрғындар қосымша автобус сұраған. Қазір біз тиісті сызба жұмыстарын қарап жатырмыз. Тиімділігін зерттеп, 34 бағыттың түгеліне өзгерістер енгізу ойда бар,-дейді орынбасар.

Қоғамдық көліктің мәселесі мынадай, жыл аяғына дейін 150 автобус келеді дегенімен, қыркүйек айында соның 40 автобусы келеді деп уәде етілген болатын. Казірде қалаға уәде етілген 40 автобустың 7-уі әкелінді. Алайда, келісімшарт талабы бойынша бірінші кезекте қырық автобус толығымен келмейінше, қолда бар 7 автобустың өзін рейске шығаруға болмайды. Себебі, қырық автобусты мердігерден тиісті мамандар қабылдап алғанда барлығының төрт көзі түгел, толық іске жарамды болып тұруы шарт. Қырық автобус келемін дегенше әлгі жетеуінің біреуі бұзылса үлкен айып болмақ.

– Оқу басталды. Сабаққа баратын оқушылардың тасымал жағы не болды?-деп сұрады «Ақмешіт апталығы» газетінің редакторы Ә.Батырбеков.

– Мектеп пен оқушының үйі арасында үш шақырымнан аса жол болса тиісті тасымалдаушы көлік бөлінеді. Қазіргі таңда бізде шалғайдағы аудандарға мектеп тарапынан бөлінген көліктер бар. Сырттан қатынап оқитын 103 баланы қамтып отыр. Тасымал бойынша мәселе жоқ,-дейді қалалық Білім бөлімінің әдіскері Мағжан Қаракөз.

«ЖонгТонг»-ты «ЮТонг» алмастырады

– Біз «ақылды» қала деп, аялдамаларға таблойд орнаттық. Ол жердегі сандардың не екенін ешкім білмейді. Жеке тасымалдаушыларға ақылды төлем жүйесі орнайды дедік, екі арадағы келіссөздердің жүргізілгеніне бірнеше жыл болды. Бұған дейін қалалықтарға қызмет көрсеткен қытайлық автобус «ЖонгТонг» тез істен шығып қала беретін. Бірнешеуі өртеніп те кетті. Оның қасында «ПАЗ»-иктар төзімді көрінеді. Осы орайда жаңадан келетін автобустар тағы да қытайлық сол марканың өнімі болмақ па? Әлеуметтік желіден көргеніміздей оқу жылы қарсаңында оқушылар аптап ыстықтың астында автобус күтіп тұр. Олар қашанғы қиналмақ? Жаңа автобустардың бірінші легін әкелу шамамен қай уақытқа жоспарлануда?,-деп сұрады «Ақмешіт ақшамы» газетінің тілшісі Д.Амангелді.

– 150 автобустың бастапқы қырық көлігін қыркүйек айының аяғы, қазанның басы деп жоспарлап отырмыз. Қалғаны жыл соңына қарай әкелінбек. Қытайлық маркаға келсек, аталған автобустар қытайлық болғанымен Қазақстанда құрастырылған. Әлгі «ЖонгТонг» маркалы автобустың орнына біздің алғанымыз «ЮТонг» маркалы автобусы. Қазірде әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Аялдамадағы таблойдқа келсек… Жеке тасымалдаушылар ол жақта көрінбейді. «Ақылды» тақтада тек паркке қарасты қоғамдық көліктердің келу уақыты, уақыт интервалы жайлы ақпарат көрсетілген. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты көп автобустар кейде қызып кетіп жатады. Сондықтан интервал уақыты да өзгеріп тұрады. Жалпы, «Автобус паркіне» қарасты қоғамдық көліктің ең соңғысы кешкі сағат 9-ға дейін жүреді. Бір бағытта он автобус болмаса да, кешке қарай 4-5 автобус бағытта жүреді,-дейді «Автобус паркінің» басшысы.

– Жеке тасымалдаушылардың ақылды төлем жүйесін орнатуына келсек, қазірде біз «Алемпей», «Төлем» жүйелерімен келісімге келдік. Жеке тасымалдаушылар ақылды жүйе орнатуға қызығушылық танытуда,-дейді қала әкімінің орынбасары.

Ауылдың баласы бала емес?

– Тасымалға келсек… Оқушының мектепке қатынауы біздегі Қызылжарма ауылында қиындық туғызуда. Ол жақта жалғыз мектеп бар. 120-дан аса көшенің барлығында жаяулар жолы жоқтығы анық. Сол көшелермен оқушылар қыста да, жазда да мектепке қатынап жүр. Білім ошағы мен үйлерінің арасы үш шақырымнан асады. Ауыл әкімдігі оқушылар тасымалына ұсыныс бердік дегенімен, бұл мәселе әлі де шешілмеген,-деді «Ақмешіт ақшамы» газетінің тілшісі Д.Амангелді.

– Биыл өздеріңіз білесіздер, облыстық бюджеттен ауылға тағы да мектеп салу қарастырылған еді. Десе де, қаражатқа байланысты ол кейінге қалды. Ауылдық жер болғаннан кейін ол жақта оқушы тасымалы қарастырылмаған,-деді білім бөлімінің әдіскері Мағжан Қаракөз.

– Қазіргі таңда қала төңірегінде он бағыттағы автобустар жүрмей тұр. Аталған бағыттарға кәсіпкерлер тарапынан ешқандай ұсыныс жоқ. Біз қазір конкурс жариялап отырмыз. Келіп қатысамын деушілер болса, қолдау көрсетеміз,-деді қала әкімінің орынбасары.

Ардагерлер ардақтала ма?

– Халықтың алдында өтірікші болдық. Қыркүйек келеді, тамыз келеді деді. Автобус келеді деп біз жаза береміз. Сіздер жаңа жақсы айттыңыздар, келісім шарт кезінде аяқ-асты жағдайлар болып тұрады. Автобус келемін дегенше уақытша көліктер табуға болмайды ма? Мен өзім нақты білмеймін. Сіздер мамансыздар ғой. Ендігі жаңбыр жауады, кешке қараңғы болады. Сол мәселені уақытша шешуге болмас па? Ардагерлер…Мен кейде өз-өзімнен ұяламын. Олар соғысты, ашаршылықты көрді. Өсірді, өндірді. Ал біз оларға әлі жолпұл төлетіп отырмыз. Ұят емес пе? Одан бөлек сіздер бағыттардың сызбасын қайта қараймын дейсіздер. Үйреніп қалған бағыттардың жолы ауысса бұл да мәселе болмайды ма?,-дейді «Кызылординские Вести» газетінің тілшісі Әлібек Байшуленов.

– Біздің қала қазір кеңейді. Сондықтан, шетаймақтардағы көшелерді де айнала кететіндей етіп жасағымыз келіп отыр. Ал жолпұл бойынша қазірде кәсіпкерлермен келісімшарттарды қайта қарап жатырмыз. Оның ішінде балаларға, ардагерлерге жеңілдік жасау жағы қарастырылуда. Қосымша ақпаратты хабарлайтын боламыз,-деп жауап берді орынбасар Ғалымжан Еркебай.

Айтып ауыз жиғанша, қоғамдық көлікке қапаланған жолаушылар сол күні де, ертесі де қоғамдық бағыттарды сынап, әлеуметтік желіні шулатты. Десе де, қолдан келер амал бар ма? Қаланың өзінде жолаушыларды түгел қамтуға 400-ге жуық автобус керек болса, жыл соңына дейін келетін 150 автобус жолаушылар жан айқайын жеңілдете ме?

Қазірде жеке бағыттардың көліктері азаюда. Оның да өзіндік себебі бар. Көпшілік қыркүйекте жаңа автобустар келеді деп жар салды. Соны естіген жеке тасымалдаушылар жаңа автобус келген соң жеп отырған нанынан айрыларын сезіп, ескі көліктерін дереу сатып жіберген көрінеді. Бұның рас-өтірігі белгісіз. Ал бізде жаңа автобустарды күтуден басқа амал жоқ…

Д.АМАНГЕЛДІ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған