Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының жұтаң тартқан күйі көп жылдан бері көпшілікті алаңдатып келеді. Әсіресе, тарпаң жолмен жүйткіген темір тұлпар тізгіндеушілердің халі мүшкіл. Соған орай күре жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жол салу жобасы қолға алынғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда, халық тарапынан әлі күнге дейін жолдың сапасына қатысты сын-ескертпелер арагідік болса да айтылып қалып жүр.

Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен тасжолға қатысты түйткілдің түйіні 2022 жылдың басында ғана тарқатылғандай болды. Соның ішінде Сыр өңірі аумағына қарасты бөлігіне жөндеу жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Бұл бірінші кезекте жол азабын тартып жүрген жолаушыларды қуантты.

Жалпы аталмыш жолдың Қызылорда облысына қарасты бөлігі ауқымды. Атап айтқанда, Сыр өңіріне тиесілі жергілікті маңызы бар 3418,5 шақырым жол болса, оның ішіндегі 1014,5 шақырымы республикалық маңызға ие.

Негізінен Қызылорда облысы мен Жезқазған өңірінің арасы 430 шақырымға тең. Осы жол аралығының көп бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Екі аралықта халық қоныстанған елді мекен жоқ, қонақ үй де салынбаған. Ұялы байланыс қызметі орнатылмаған. Көлігі бұзылып, далада қалған жолаушылардың күйі не болатынын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Халықтың жол сапасын сынға алып, дабыл қағуының басты себебі осы болатын.

Қазіргі таңда мамандар күре жолдың Сыр өңірі аумағындағы бөлігінде құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқанын алға тартады. Үш жылға жоспарланған бірегей жоба межелі уақытында сапалы жүргізіліп, күйі қашқан күре жол адам танымастай кейіпке енетініне сендіріп отыр.

– «Қызылорда-Жезқазған» жолына байланысты айтар болсам, жұмыстар 2022 жылы басталып, кестеге сәйкес жүргізілуде. Жол негізінен үш қабаттан тұрады. Нақты уақытта жолдың жоғары қабатының 145 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал төменгі қабатының 130 шақырымы салынды. Соңғы кезең бойынша бүгінгі күнге дейін 40 шақырым жол аяқталып тұр. Жұмысшы күші мен техника жеткілікті. Жоба 2026 жылы толық аяқталады. Қажетті құрылыс заттары өзіміздің облысқа қарасты Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кен орнынан жеткізіледі. Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстарын жасаймыз. Оның ішінде, жол белгілерін қою, қоршаулар орнату жұмыстары жобаға енгізілген», – деп түсіндірді бұл жайында «Қазавтожол» Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.

Жобаның жалпы құны 72,6 млрд теңгені қүрайды екен. Құрылыс жұмыстарына 5 мердігер компания тартылған. Оның 4-еуі қытайлық болса, 1-еуі отандық компания болып табылады.

Ал халықтың талабына сәйкес, жол құрылысы сапасын тілге тиек еткенде, тапсырыс беруші мекеме тарапынан даурығатындай мәселе туындамағанын жеткізді.

– «Негізінен қүрылыс басында мердігер мекеменің жол сапасын бақылайтын арнайы зертханасы жұмыс жасайды. Бұл тұрғыда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің зертханасы тұрақты түрде тексеріп, бақылау жүргізеді. Халықтың талап қоюы заңдылық. Дей тұрғанмен, жол қүрылысы әлі жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілген жоқ. Сондықтан құрылыс сапасына баға беруге әлі ерте деп ойлаймын», – деп түсіндірді Ерсайын Болатұлы.

Мәліметке сәйкес, әу бастан жоба шеңберінде Қызылорда облысы аумағынан жаңадан айналма жол салу, 204 шақырымдық жолды қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Сол сияқты 2 жол айырығы, үй жануарларына арналған жол өткелдер, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау өлшейтін аркаларын орнату, 5 заманауи жылы дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелдері және 117 жол қиылысу мен түйісулерін салу көзделген.

Қазіргі таңда халықтың көпжылғы арманына айналған Сыр өңірі мен Ұлытау арасын жалғайтын күре жолдың құрылысы кестеге сәйкес әлі жалғасып жатыр. Мамандар тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылатынына сенім білдірді. Ең бастысы, жол сапалы салынып, халық үдесінен шығады деп үміттенеміз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған