РЕСМИ АҚПАРАТ: ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҮКІМЕТТЕ ӨТКЕН КЕҢЕСТЕ ХАЛЫҚТЫ КӨМІРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША БІРҚАТАР ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, 2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде 73,7 млн тонна көмір өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%- ға көп. Көмір өндіруші кәсіпорындардың деректері бойынша оның негізгі разрездердегі құны өткен жылғы деңгейде сақталған.

Ал сату орындарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін оны үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуді шектеу (6 айға) жөнінде шаралар қабылданды.

Қызылорда облысының әкімі Н.НӘЛІБАЕВ:

– Барлық әлеуметтік нысандарға қажетті отын қорында проблема туындамауы керек. Әсіресе, аудандарда тапшылық орын алып, халық кезек күтіп, ажиотаж болмауын бақылауға алу қажет. Мектептерде, ауруханаларда, халыққа қызмет көрсету орындарында, мәденит және спорт мекемелерінде жылу беру үзіліссіз жүруі тиіс. Бұл бағытта әр ауданның ұйымдастыру жұмыстары мұқият қаралады. (Үкімет кеңесінен кейін іле-шала әкімдік жиынын өткізген аймақ басшысы жылуға дайындық және көмір жеткізу мәселесін арнайы қарады).

Сонымен қатар азаматтарға ыңғайлы болуы үшін көмірді танымал маркетплейстер мен банк қосымшалары арқылы өткізу жолдары пысықталып жатыр. Бұл бағытта еліміздегі ең ірі банктердің бірі Қостанай облысында пилоттық жобаны іске қосты.

Премьер-Министр бұл тәсіл көмір сатылатын орындарда кезектерді азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бұл тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Кеңес соңында ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көмірді жеткізіп беру мен бөлуді ерекше бақылауда ұстауы тиіс, ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көмірдің бөлшек сауда бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және фактілердің жолын кесу қажеттігін атап өтті.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған