Жалпы кездесудің түр-түрі болады. Кей кездесуге адамдардың аяғы тартпай барса, басқа кездесуге адамдарды күштеп апарады. Бұған дейін өңірімізге іс сапарымен келген салалық министрлер аймақ халқымен кездесу өткізетін. Президенттің берген тапсырмасы сондай, елмен кездесу керек, жұртқа жақын болу керек. Ұйымдастырушылар министрлерден ұят болмасын деп кездесуге қаладағы әр мекемеден залды толтыруға қызметкерлер сұрайтыны да өтірік емес.
Бірақ аймаққа келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездесуге ешкімді де шақырудың, жинаудың керегі болмады. Медицина сапасынан мезі болған тұрғындар қаладан да, аудандардан да жиналған екен. Министр, басшы деп сызылып сөйлеген жұрт көрінбеді. Сөйлегендер жасалғанды жасалды, істелмегенді істелмеді деп кесіп айтты. Таяқтың бір ұшы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловқа да тиді.
Бұл кездесуде оны жақтаған, қостаған ешкім болмады. Көрермендер залына аурухана қызметкерлері де келді. Сол шамада халық та жиналды. Содан болар Достық үйі медицина қызметкерлеріне толғаннан ба залдың ішінен емхананың, аурухананың, дәріхананың иісі шығып тұрды.
Жалпы облыста 8 айдың есебі бойынша өлім-жітім көрсеткіші 19, ана өлімі көрсеткіші 27 пайызға төмендеп отыр. Қатерлі ісіктен болатын ауру көрсеткіші былтырғы жылдан өзгеріссіз болса керек.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “Дені сау ұлт” бағдарламасы қолға алынуда. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі талқылануда. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша елімізде пандемиядан өлім-жітім он бес пайызға азайып отыр,-деді министр Ажар Ғиният.
– Қазірде Досбол би, Бала би, Тәжібай, Бестам, Дүр Оңғар, Қуаңдария, Қармақшы, Қызылжар, Тоқабай, Досбол, Абай, Каукей, Мырзабай, Есет батыр, Қаракеткен, Қаратөбе, Талап, Әбдіғаппар, Н.Ілиясов ауылдары жақын арада медицина ұйымдарымен қамтамасыз етілмек.
Аудандық ауруханаларды да жаңғыртып, ішіне төрт-бес орталық ұйымдастыруға болар еді. Бірақ, кадр мәселесі тағы бар. Және де алдағы уақытта ауданаралық ауруханалар ұйымдастырмақпыз. Ішінде инсульт, инфаркт, тамырларды емдейтін орталық, хирургиялық орталық, реабилитациялық, перинаталдық орталықтармен жабдықтау жоспарда бар. Облыс әкімі Н.Нәлібаевпен жолығып, орталық салынамын дегенше кадр мәселесін шешу жайлы айттым. Қазалы, Арал, Жаңақорған ауданаралық ауруханасын ұйымдастыру ойда бар,-деді министр.
Қаладағы және аймақтағы медицина саласындағы жаңалықтарды талқылай келе министр сұрақ-жауап форматына көшті.
– Сізбен Елордада кездескен болатынбыз. Мен шындықты айтқым келіп отыр. Сіздің айтуыңызша көрсеткіштер керемет секілді. Бірақ, қарапайым жедел-жәрдемді шақырсақ 3-4 сағат күтеміз. Екіншіден біздің мүгедектігі бар балаларымыз бар. Емханаға келген кезде арбадағы баланы олай да – бұлай, жоғарыдан төменге тасып жүреміз. Балдақтағы үлкен кісілер онсыз да тар дәлізде кезек күтіп тұрады. Бізде ЭЭГ құрылғысы ескі. “Алексей Сұлтан” клиникасына жақында жаңа КТ қойылды. Ол жаққа барсақ 6 сағат түсетін жерге бізді 3 сағат түсіреді. Себебі кезек көп. Қаңтар айында тегін дәрі-дәрмек бөлініпті. Ол дәрілер ақпан айына жетпей таусылып қалды. Қазірде көзім көрмей, екінші топтағы мүгедектікті алдым. Сонда дәрігерлер тек катарактыға ғана керек дәрілер бар деп айтқан. Басқалары жоқ. Баламды үшінші топтағы мүгедектікке түсіріп тастады. Бірақ, балам әлі де қалтырап, судорга ұстап жатыр. Сізбен кездесуге келерде дәрігер маған хабарласып, «министрге бармаңыз, ертең мен сіздің барлық шаруаларыңызды реттеп беремін» деді. Бұл не масқара! Бұл сұрақтар мына отырған Пазыловтың алдына барып отыр. Ол не қарап отыр. Бізде дәрігер жетіспейді,-дейді қала тұрғыны Арыстанбаева Нұргүл.
– Есімде, сіз министрлікке келген болатынсыз. “Жедел жәрдем” мәселесін көтердіңіз. Құжаттарын қарағанда 4 сағат кешігу байқалмады. Әрбір “Жедел жәрдемге” түскен шақырым мамандарымен қаралады. Ауру категориясы бойынша халыққа көмек көрсетіледі. Сіз сол мәселені шағым ретінде айтып отырсыз. Төрт сағат қашан кешіккенін, қай шақырым бойынша кешіккенін айтсаңыз құжаттарды көтеріп, қараймын. Мен кездесуге келмес бұрын “жедел жәрдем” орталығына бардым. Ондай кемшілік байқамадым. Егер расында сондай факті болса тексеріп берем. Мүгедектігі бар балаларға, адамдарға емханада жағдай жасау керек. Оларға жағдай жасауға сол мекеменің басшылары міндетті. Арбадағы адамдарға бірінші қабаттан орталықтар ашылу керек. Бұл жағдайды жасауға ешқандай жарлық та, бұйрық та керек емес. Бұйрық керек десе, сол бұйрыққа енгізіп беремін. КТ мәселесі көп жерде бар. Олар қазір жеке клиникалар арқылы шешілуде. Себебі жеке клиникаларда мемлекеттік тапсырыс бар. Педиатр жетіспеушілігі бар дедіңіз. Олардың неге жетіспейтінін білесіздер. Көп жыл бойы педиатр факультеті жабылып, маман дайындалған жоқ. Қазірде факультеттер ашылып, мамандар оқытылуда. Баяғыдай әр балаға бір педиатр деген жағдай жоқ. Әрбір келген дәрігерге сыйластықпен қарау керек. Өйткені халықтың басына күн түскенде кім керек болды? Дәрігерлер керек болды,-деді министр.
– Мен Абибуллаева Айда боламын. Медицина ахуалы бойынша мониторинг жасап, мәселелерді анықтадық. Экологиялық аймақ болған соң Арал және Қазалы аудандарындағы дәрігерлерге 50 пайыз қосымша қаржы төленетін. Бірақ, осы екі ауданның дәрігерлері ешқандай үстемақы алып отырмаса керек. Келесі мәселе емдеу протоколдарының жаңалануы өте баяу. Дәрі-дәрмектер мәселесі бойынша дәрігерлердің өздері шағымдануда. “СК Фармацияға” дәрі-дәрмек бойынша жылына екі рет ғана ұсыныс беріледі екен. “СК Фармация” тарапынан өтетін тендерлер өте баяу өтіп, дәрі-дәрмектің келуі кешігіп қалады. Бұл дәрілердің ішінде қымбат дәрілер жоқ. Басым бөлігі Шымкентте шығатын дәрілер. Азаматтардың тісі ауырып барып, оны дәрігер дұрыс емдемей, тісі асқынып кеткен. Осындай жағдайлардың анализдерін біз көріп отырған жоқпыз. Дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру үшін анализ жасап отыру керек секілді. Біз екі мың адамға сауал жүргізгенде түрлі жағдайлардан құлағдар болдық. Сондықтан, алдағы уақытта анализ жасайтын бағдарлама енгізу керек деп ойлаймыз. «Даму мед» болса өте әлсіз бағдарлама,-дейді облыстық мәслихат депутаты Айда Абибуллаева.
– Мысалы Солтүстік Қазақстанда әрбір келген жас маманға 5 миллион теңге көмек беріледі. Сол секілді, кадр мәселесі өзекті екенін өздеріңіз де білесіздер. Ал сіздерге келген мамандарды ұстап қалу, ынталандыру өздеріңіздің қолдарыңызда. Экологиялық ақша төленбейді деген ақпаратты тексеру керек. Себебі, бүгін ғана маған экологиялық үстемақы төленеді деген ақпарат берілді. Протоколдың жаңалануына келер болса, ол қалыпты жағдай. Тіпті Ұлыбританияның өзінде протоколдар баяу жаңаланады. «СК Фармацияға» байланысты тендер өте кеш өткізеді дегенге жауап берейін. Мысалы келесі жылға керекті дәрілерді алу үшін қазірден бастап конкурс өткізіліп жатыр. Биылғы жылдың дәрісін де былтыр алып қойғанбыз. Сондықтан, бізде қолайсыз жағдай орын алмады. Отандық өнім жөнінде, неге сіз Шымкенттен шыққан дәріні жаман дейсіз? Отандық өнімді қолдауымыз керек. Дәрінің пайдасы болмаса, тиімсіз болса ғана ол дәріні өндірістен алып тастай аламыз. Ем алған пациенттер ресми түрде тиімсіз дәрі-дәрмек деп комитетке шағым беруі керек. Тіс еміне келер болсақ, олардың бәрі емханаларға берілген. Ал емханалар жеке клиникаларға берген. Олар расында емделіп жатырма, әлде бұл жәй ақшаны тиімсіз жұмсау ма белгісіз. Өйткені құжаттарға сүйенсек кейбір адамдардың 52 тісі бар екен. Сол тістерін емдетіп, клиникалар ақша алып отырса керек. Келер жылдан бастап келісімшарт болады. Тікелей тіс емханалардың жұмысы назарға алынатын болады. Қор емдеуге қаражат бөлгеннен кейін оны тексеріп қарап отыру керек. Пациент арқылы да тексеріп отыру керек,-дейді министр.
– Сіздің келгеніңізге қуаныштымын. Біздің Қызылорда қаласында «Темір Жол емханасы» бар еді. Сәуір айында жекенің қолына өтіп кетті. Содан бері біз секілді мүгедектерге жағдай жасалмауда. Бұл мәселені арыз қылып жазып, Пазылов мырзаға барып едім, сонда олар «ТЖ Емханасы жекенің қолына өткендіктен біз ештеңе жасай алмаймыз» деді. Бұны қалай түсінуге болады? Екінші мәселе, өзіміздің қалада баллондағы ауамен демалатын саусақпен санарлық мүгедек бар. Әр баллонның құны 8000 теңге тұрады. Ол баллонды екі күн сайын сатып алу керек. Біз бұл мәселе бойынша өзіңізге арыз жаздық. Сіз оттегі баллонын бізге беру жөнінде тапсырма бердіңіз. Ал ОМО-тағы баллонға ауа толтыратын құрылғы істен шыққан екен,- дейді қала тұрғыны.
– Темір жол емханасы не себепті жекеге өтті? Қажеті қанша?-дейді қала тұрғындары.
– Біз «Темір Жол емханасына» қатысты мәселені қосымша зерттеп, жауабын береміз,-деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары.
– Кислород туралы, Сәбит Бексейітұлы, сізге тапсырма беремін. Оттегі жетіспейтін азаматтарға көмек көрсету керек. Аурухана басшыларына тапсырма беріп, уақытында оттегімен қамтамасыз етіп тұрсын, – деді министр.
– Сіздің алдыңызға бірнеше рет кірдім. Бірақ, ешқандай мәселем шешілмеді. Алматыдағы Қазақ ғылыми зерттеу институты жекеге өткелі жағдай нашарлады. Квотамен барған кезде бар жоғы 3 күн жатамыз. Баламның көзі көрмейтіндіктен алты ай сайын ота жасатып тұрамыз. Қазір 3 күн ғана жатқызып, ота жасайды. Бұл уақытта наркоздың күші де тарқамайды. Еліміздің аумағында ота жасайтын ғана емес, оны емдейтін көз аурулары ауруханасы салынса деген тілегіміз бар. Сәбит Бексейітұлы отыр. Кеше ғана облыстық прокуратураға бардық. Бір үйде үш көз мүгедегі бар. Олардың ойынша бұл мәселе емес-ті. Қазақстанда емделіп жүргенімен 12 жыл болды. Осы жылдар арасында баламның бір көзінен айрылдық. Мен шетелге квота талай рет сұрадым. Бірақ, сіздер мені үнемі еліміздегі орталықтарға жібересіздер. Дәрігерлер бізге дәрі жазып береді, ал олар тегін дәрілер қатарында жоқ. Медицинадағы жабдықтар өте нашар. МРТ, КТ-ға түсіртеміз. Қызылорданың дәрігерлері барлығы жақсы деп береді. Дәл сол суреттерді, дискіні Алматы, Астанаға апарсақ баламызға тоқпақтай диагноз қойып береді. Неге біздің дәрігерлерді шетелде оқытпасқа? Біздің медицинада еш өзгеріс жоқ. Ем алу қиын, мүгедектікке шығу қиын,-деді қала тұрғыны.
– Тағы бір мәселе. Страховкасы жоқ адамдар өле беру керек пе? Емханаға барсақ баламызды дәрігерге көрсете алмаймыз. Біздің Қармақшыда бір ана осының салдарынан қайтыс болды. Ол ауырып, ауруханаға барса, «сізде страховка жоқ, емдемейміз» деген жауап алған. Күйеуінің айлығын тосып, ем аламын деп жүргенде қайтыс болып кетті. Біздің үйде де 18 жастағы мүгедек балам бар. Оған страховка төлеуге менің шамам жетпейді. Ал страховкасы жоқ болған соң оны емдемейді, – дейді қала тұрғыны.
– Көз аурудың институты жөнінде мәселе көтердіңіз. Ол кезінде жекеге өтіп кеткен нысан. Біз ол институтты қайта сатып алғанша қазір Алматыда университеттік клиника ұйымдастырғалы отырмыз. Ол жақта мықты ғалымдар жұмыс жасайтын болады. Бұл жобаны мемлекет басшысы қолдады. Қазір жоспарда тұр. Көз ауруын ешқандай мемлекетте ауруханаға жатқызып, емдемейді. Сондықтан олар тек 1-2 күнге ғана клиникаға жатқызылады. Хаттамада да ондай жоқ. Қазір ешкім бір апта бойы көз ауруы бойынша емделмейді. Әр облыста бас дәрігерлер болады. Республикалық деңгейдегі мамандар ғана сізге шетелге немесе еліміздегі клиникаларға квота бере алады. Республикалық комиссияға облыстық комиссия жібереді. Дәрілердің тегін дәрілер тізімінде жоқ екені анық. Сондықтан, біз бұл мәселені қайта қараймыз. КТ, Рентген бойынша нәтижелер жоғарғы деңгейдегі мамандармен екінші рет оқылуы керек. Республикалық деңгейдегі клиникалардың құрылғылары жаңа болғандықтан, мүмкіндік көп. Емханаларда лифт жоқ, жағдай жасалмағанына келер болсақ, ол ғимараттар ескі болғандықтан құрылысы солай жобаланған,-деді министр Ажар Ғиният.
Әне-міне дегенше министрдің де сұрақжауабы аяқталды. Сауалдарын жолдай алмағандар да көп болды. Ал елдің көзінше сауалдарын жолдаған қала тұрғындары жиыннан кейін министрдің тұрғындарды қабылдауына тағы да барды. Басқасы басқа, медицинаға келгенде мәселеміздің де жетерлік екені анық.
Дамир АМАНГЕЛДІ