Биылғы жыл басында қала басшылығына келген С.Қожаниязовтың қалалықтардың тұрмысын жақсарту бағытында қандай ойлары бар? Сондайақ Қызылорданың қай бағытта бағы жанар деген көпшілік сұрауын аманат етіп, Қоғам TV телеарнасының “Әкім сағаты” хабарында арнайы сұхбат жүргіздік. Сұхбаттың газетте, теледидарда жарияланғанына да бір жетіден астам уақыт өтті. Көрермендер мен оқырмандар әзірге жақсы пікір білдіруде.
Қала әкімі қалалықтарды газбен қамту мәселесін айтқанда сұхбат барысында Шакизада Өтетілеуұлы, “Біз осы уақытқа дейін көзшамамен қарап отырсақ, Қызылорда қаласы газбен толық қамтамасыз етіліп отыр” деп тоқкөңіл танытып келе жатыр еді, Қожаниязов “сұрағыңыздың басында өзіңіз газбен толық қамтамасыз етілген дедіңіз. Шындығында олай емес. Қаланы толық қамтамасыз ету мүмкін де емес” деп қойып қалды. Бұлай деп ел айтса, біз айтсақ дұрыс. Әкім айтқаны қалай? – деп дағдарып та қалғандаймыз. “Алайда, қалада жаңа құрылыстар салынып, жаңа қоныстар пайда болып жатыр. Қаланы газдандыру тұрақты түрде жүргізіле береді” дегенде көңіл шіркін жұбаныш тапқандай болды.
Қаланы газдандыру мәселесіндегі түйткілді мәселелерге орай, мәселен газдың үйге келіп тұрып, бірақ тұрғындардың тоңып отырғанына әкім де ренжулі екен.
От жағып, күл шығарудан құтылдық деп қуанған қызылордалықтар күн суытып, аяз қысса салқын үйде маңдайы жылымай, “тоңдық, газды дұрыстап беріңіздер” деп талап арызды борататыны бар. Әкімнің өзі бұл мәселеге газдандырудағы “ақтаңдақтар” деп ат қойыпты. Онысы елді газдандыру жұмысындағы техникалық талаптардың сақталмайтындығына көңіл толмастығы. Расында да, Қызылордада бір үйді газға қосу үшін нақты ақша болса 500 мың, әйтпесе несиеге рәсімдесе 600 мыңның үстіне шығады. Жасыратын несі бар, қалтасынан бірден 500 мың суырып беретіндер некен-саяқ, содан да 600 мыңның үстінде несие алып, газға қосылғандар күн суықта жылына алмағаннан соң қала әкімін іздейді.
Қала қала болғалы бері газсыз да өмір сүрдік. От жақтық, күл шығардық. Тәуекел, енді бір шамалы уақыт шыдайық деп тұрғындарға тілек артқан Қожаниязов газ жеткізушілер мен таратушыларға “техникалық талапқа сай келмейтін болса, халықты құр алдап, газ кіргізбей-ақ қояйық. Тоқтата тұрайық” деп талап қойып отыр. Расында да сан қуалап, бәлен үйді газға қосып, артынан ел ренжіген жаман әкім болғанша, сапаға жұмыс істеп ел алғысын алған дұрыс-ау. Тұрғындардың өздерінің де бүйтіп алдап газ бергенше көмірімізді жағып неге отырмадық дейтіні де осы шешімге себеп.