Еуроодақ жасанды интеллекті реттейтін маңызды заң қабылдайтын болды, технологияны дамытуға шектеу режимін енгізуге көшті. Адамзатқа пайдасы мен қатері бірдей бағаланып отырған жасанды интеллект технологиясын тежеу мүмкін бе?
Financial Times басылымы Еуропарламент депутаттары заңның басты қағидаларымен келіскенін хабарлады. Депутаттар заң ережелері жасанды интеллект технологияларын пайдалануға кепілдік беретінін, сонымен бірге компанияларға «артық ауыртпашылық» жүктемейтінін айтуда.
Еуроодақ комиссары Тьерри Бретон заңның негізгі тұжырымы бойынша келісімге қол жеткізілгенін растап, оны тарихи шешім деп атаған.
«ЕО AI пайдаланудың нақты ережелерін белгілеген алғашқы континент болды. ЖИ туралы заң ережелер жиынтығы ғана емес. Бұл Еуроодақ стартаптары мен зерттеушілеріне жаһандық ЖИ жарысында көшбасшы болуға көмектеседі», – деп жазды ол X әлеуметтік желісіндегі жазбасында.
Жаңа заң Еуроодақ елдерінде адамзаттың мүддесін қорғау үшін жасанды интеллект қандай болуы керек, қажет болғанда оны қалай тежеу керек деген ұзақ жылдар бойы жүргізілген талқылаулардан кейін қабылданды.
ЕуроОдақ парламентінің депутаттары жалпы мақсаттағы ChatGPT сынды жасанды интеллект үлгілеріне арналған ашықтық талаптарын қолдап, болашақта пайда болатын өте қуатты модельдерге қатаң талаптар қоюдың қажеттігін мақұлдаған.
Жаңа ережелерде адамның бейнесін тану технологиясын қолдануға қатаң шектеулер қоюға келіскен, бұл ретте құқық қорғау органдарына қатысты да шектеулер бар.
Заңнама сонымен қатар «әлеуметтік рейтинг» үшін ЖИ-ді қолдануға тыйым салады. Адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетін бағалауда ЖИ технологиясын пайдалану, «адамның ерік-жігерін басқаратын» жүйелерді қолдануға да тыйым салынды. Бұл талаптарды орындамаған компанияларға 35 миллион еуро көлемінде айыппұл салынады.
Еуропарламент депутаттары Еуроодаққа мүше мемлекеттермен және Еуроодақтың атқарушы органы Еуропалық комиссиямен ортақ мәмілеге келу үшін көптеген жылдар бойы дауласып келді.
Үш жақ та – ұлттық министрліктер, парламентшілер және комиссия – 8 желтоқсанда жұма күні кешке заң жобасының заңға айналуына мүмкіндік беретін соңғы мәтінді қабылдауға келісті.
Бірақ бұл заңға технологиялық алпауыттар қуанған жоқ. Еуропалық компаниялар ЖИ технологияларына қатысты шектен тыс шектеулер инновацияны тұншықтыратынына алаңдаушылық білдірді. Маусым айында француздық Airbus және германиялық Siemens сияқты Еуропаның ондаған ірі компаниялары инновацияларды ілгерілету және жергілікті өнеркәсіпке көмектесу үшін ережелер тым қатал екенін мәлімдеген.