Құрылғанына ғасырға жақындап қалған, облыс орталығы Қызылорда қаласынан 322 километр қашықтықта жатқан, шығысында Қармақшы ауданымен, оңтүстігінде Өзбекстанмен, батысында Арал ауданымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен шектесетін, 76,4 мың халқы бар Қазалы ауданы ел ішінде “Қазыналы Қазалы” деп айтылады. Осы қазыналы ауданды 2021-ші жылдың мамыр айынан бері Оразбаев Мұхтар әкім болып басқарып келеді. Нәлібаев билігіне дейінгі ескіден қалған әзірге жалғыз көне әкім М.Оразбаевтың әкімдік өтілі 2016 жылғы қараша айында Арал ауданы әкімі, одан кейін 2021- ші жылдың мамырынан бастап Қазалы ауданы әкімі болып келе жатқанын санамалар болсақ, ол 8 жылдық еңбек өтілі бар, қазіргі әкімдер арасында ұзақ әкім болған “ақсақал әкім”. Биылғы жыл басында бұрыннан келе жатқан екеудің ауысатыны жайлы ақпараттар тарап, екеудің бірі – Арал ауданы әкімі жаңадан тағайындалды. Ал, Қазалы әкімі М.Оразбаев әзірге отыр. Негізі бүгінгі күнге аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың “төл әкімдері” сайланып та, тағайындалып та болды. Төл әкімдер арасында әзірге бөтені Қазалы ауданы болып тұр. Жасыратын несі бар, Оразбаевтың да қызмет орны ғана емес, мекен жайы да өзгеретіні туралы көп айтылып жүр. Қазіргі аудан басқарған әкімдер арасында да бір ауданды 3 жылға жуық басқарып отырған Оразбаевтың күні кеше өңірлік коммуникация орталығындағы әңгімесі әзірге Қазалының былтырғы мен биылғысы болды.
Жыл жаңарған сайын облыс орталығымен қатар аудандар да өз деңгейінде дамып келеді. Онда ашылып жатқан өндіріс орындары өнім шығарып, халық ахуалы жақсаруда. Аймақта атқарылған көп істе аудандардың үлесі де жоғары.Қазалы ауданы – Қызылорда облысының экономикалық қуатты аудандарының бірі. Мұнда кәсіппен айналысушылар көп болмаса да, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейген. Түрлі балық өнімдері, шикізат, ет, сүт өнімдері Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шетелдерге экспортталады.
Қазалы ауданында өткен жылы өнеркәсіп саласында 21,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 101,4 пайызды құрады. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлері өндірген өнім көлемі 16,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл салада 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Былтыр ауданда 29 кәсіпкерлік нысан ел игілігіне айналды. Биыл олардың қатары тағы 20-ға толығады деген жоспар бар. Кәсіпкерлер 16,9 млрд. теңгенінің өнімін өндірді.
– Ауданда тіркелген 5 912 кәсіпкерлік нысанның белсенділік көрсеткіші 96,4 пайызды құрайды. Былтыр «Бастау бизнес» жобасы бойынша 191 адам білімінжетілдіріп, олардың арасынан 20 адам грантқа қол жеткізді. Өткен жылы 17,3 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 6 450 гектар күріш егілді. Сырдария өзеніндегі су тапшылығына орай биік жерлерге орналасқан күріш егісінің көлемі 543 гектарға қысқартылды. Ендігі кезекте әртараптандыру бағытындағы дақылдарды ұлғайтуға назар аударылуда. Сондай-ақ «Басықара», «Құмжиек», «Майлыбас» ауылдарында 3 көтерме насос сатып өткізілді. Айта кетсек, Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Қытай, Нидерланды секілді 6 мемлекетке 1030 тонна күріш, 1030 тонна балық өнімі және 1267 тонна қамыс шығарылды,-деді аудан әкімі.
Былтыр Ғ.Мұратбаев ауылындағы жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауызсу, газ және электрмен жабдықтау үшін 310, 4 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Оған қоса Әйтеке би кентіндегі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісі жүргізіліп, бүгінде аяқталып қалды. Көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізіліп, аудан орталығындағы вокзал маңы және «Жеңіс саябағын» абаттандырудың жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.
– Өткен жылы «Бозкөл», Абай, «Кәукей» ауылдарынан дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Одан бөлек, қазіргі Жетес би дәрігерлік амбулаториясы және Ұлттық сараптама орталығының облыс бойынша филиалының Қазалы аудандық бөлімшесі ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Аудан орталығында салынатын 25 төсектік инфекциялық корпус құрылысының сараптамасы бойынша оң қорытынды алынды. Аудан орталығында көптен бері құрылысы тұралап тұрған 600 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілген. Биыл ауданда «Руханият орталығының» құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Жобаның құны 1,8 млрд теңге,-деді аудан басшысы.
Аудан халқының 29,9 пайызы жастар. Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен барлығы 350-ден астам іс-шара өткізілді. Олардың бос уақытын тиімді пайдалану және ұсыныстарына ұлақ түру мақсатында «Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Жоба аясында ауылдарда түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріледі.
– Алдағы уақытта ауданға қарасты 15 елді мекен «көгілдір отын» игілігін көреді. Онда 17 мыңнан астам адам, 3 000-ға жуық тұрғын үй, әртүрлі бағыттағы 115 нысан орналасқан. Демеушілік есебінен Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу үшін жасалған жоба-сметалық құжаттар сараптамадан өткізілді. Ендігі кезекте мұндай құжаттар «Ақсуат», Байқожа, «Майлыбас» елді мекендері бойынша қолға алынып отыр. Кейінгі жылдары ауыл арасындағы жолдар мен көшелердің жағдайы жақсарды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен көшелерді қайта жаңғыртуға, орташа жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Былтыр «Бозкөл», Абай және «Кәукей» ауылдарында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сол секілді«Кәукей» ауылындағы 100 орындық клуб биыл ел игілігіне айналады. Аудан орталығы Әйтеке би кентінен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 600 балаға арналған мектептің іргетасы қаланады. Аталған жоба бойынша былтыр Жанқожа батыр ауылынан 300 оқушыға арналған мектептің іргетасы қаланған еді. Жыл басында Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп есігін айқара ашты. Сондай-ақ «Құмжиек» ауылдық округіндегі № 92 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді,-деді Мұхтар Оразбаев.
P.S. Жаңалыққа жаны құмар жұрт Қазалының былтырғы жетістігінен, биылғы жоспарынан гөрі аудан әкімі М.Оразбаевтың «ертеңіне» болжам жасап, енді кім боларына қызығып отыр…
Мұхаммедшах Каюп