Алдын ала бағалау бойынша осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,4%-ды құрады, ол негізінен мұнайдан тыс секторды дамытумен қамтамасыз етілген. Экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасты. Салалар бөлінісінде келесідей динамика байқалады: ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығарудың 13,4%-ға өсуі байқалды, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады; құрылыста – 10,3%; саудада – 8,2%; көлік қызметтерінде – 8,1%; байланыста – 5,3%; өңдеу өнеркәсібінде – 5,3%. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті.
Сыртқы сауда айналымы биылғы 10 айда $116,9 млрд-ты құрады. Қазақстандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өсті, ақшалай баламада көрсеткіш – $68,5 млрд. Бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, $23,3 млрд-қа жетті. Шикізаттық емес экспорттың тұрақты өсуі көбінесе қазақстандық тауарларды Қытай мен Түркияға жеткізу көлемінің артуымен, сондай-ақ Еуропа нарықтарындағы қатысудың кеңеюімен байланысты.
- Биылғы қызмет көрсету экспорты 10,5%-ға өсіп, $8,4 млрд деңгейінде тіркелді.
- Сонымен бірге есепті кезеңде импорт 3,3%.-ға қысқарды. Импорттың төмендеуімен қатар жүретін экспорт көлемінің ұлғаюының нәтижесі экономиканың оң сауда балансының 33,4%-ға өсуі болды. Аталған көрсеткіш $20,1 млрд деңгейінде қалыптасты.
- Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл инфляция төмендеп, қараша айында жылдық мәнде 8,4%-ды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңінде инфляция 10,3% деңгейінде болды.
Сонымен қатар еліміздің дербес несиелік рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде сақталды.
2024 жылдың 9 қыркүйегінде Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі несиелік рейтингті «Тұрақты» деген болжаммен «Ваа2»-ден «Ваа1»-ге дейін көтерді.
2024 жылдың 15 қарашасында Fitch еліміздің несиелік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, сонымен қатар болжамды «Тұрақты» деңгейде ұстады.
2024 жылдың 1 наурызында S&P болжамды «Тұрақты» деңгейде сақтап қалып, дербес несиелік рейтингі «BBB-/А-3» деңгейінде растады.
Несиелік рейтингтің жоғарылауы экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, еліміздің халықаралық аренадағы беделін жақсартуға ықпал етеді, капитал нарықтарынан инвестициялар тартуға және экономикаға тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң әсер етеді. Айта кету керек, мемлекеттің рейтингі неғұрлым жоғары болса, сыртқы нарықта қарыз алу шарттары соғұрлым жақсы болады.