Қазақстандықтар саяхаттап барғанды жақсы көретін, әрі сонда барғанын мақтаныш ететін Дубайда ақпанның 19-ы мен 23-і аралығында тағам өнімдерінің әлемдік деңгейде ірі көрмесі болып өтті. Көрмеге әлемнің түкпір-түкпіріндегі 190 елден 5,5 мың компания қатысқан. Бір өкініштісі біздің елімізден небары 2 ғана компания өз өнімдерін көрсете алған. Елдегі ірілі-ұсақты дүкендердегі азық-түлік, тағам өнімдерінің басым бөлігі сырттан келетінін ескерсек Дубайда көрсеткеніміздің неге аз екендігі түсінікті.
Ресми мәліметтерге зер салсақ егін егетін де, мал бағатын да жері жеткілікті елдің сыртқа шығарғаннан гөрі ішке кіргізгені екі есе көп екен. Мәселен былтырғы жылы жан-жақтан 5 млрд. доллардың өнімін өзімізге әкелсек, өзімізден бар болғаны 2,5 млрд. доллардың өнімін сыртқа шығарғанбыз.
Сырттан әкелетініміздің көптігіне қарағанда тамақ өнімдерімен өз-өзімізді қамтамасыз ете алмаймыз. Егін егетін де, мал бағатын да жеріміз де, адам ресурстары да жеткілікті бола тұра, оның үстіне тұрғындардың саны да көп еместігін, енді ғана 20 млн-ға жеткенімізді ескерсек, бұл жағдайдың кім-кімді де алаңдататыны анық. Бүгінде өз өңірімізден күріш, қамыс, қант, балық, қой тағы да басқа өңделмеген өнім түрлерін сыртқа шығарып жатқанымызды жариялап жатамыз. Алайда, өзіміз күнделікті дастарханға қойып жүрген тағам түрлерінің көбісі Ресей сияқты көрші елдердікі екені анық.
Жуырда Үкіметте Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен қант саласы бойынша кеңес болып өтті. Осыдан біршама уақыт бұрын қант қат болып, ел таңатқаннан күн батқанша қант іздеп, дүкен аралап кеткені, қант бағасының еселеп қымбаттап, халықтың қалтасына ауыр тиіп, қант қатшылығы мен қымбатшылығы елді дүрбелеңге салғаны ел есінде. Содан үркіп қалған Үкімет өткен жылы қант қызылшасы тұқымдарын және тапсырылған қызылшаның көлемін қайта өңдеуге субсидиялауды кемінде 15 теңгеден 25 теңгеге дейін көтерді. Зауыттар қызылшаны сатып алу бағасын 5 теңгеге де болса арттырды. Сондай-ақ қант өндірушілер үшін өткен жылдан бастап қосымша құн салығы бойынша 70 пайыз жеңілдік мерзімі ұзартылды. Бұдан басқа да қолдаулардан бөлек қант қызылшасының егіс алқабы ұлғайтылып, 25 мың гектарға егу жоспары қойылған.
Нәтиже қандай? Рас, қымбаттаған қант бағасы түсті, әрі жеткілікті, қай дүкенге қай кезде барсаңыз да қантсыз шықпайсыз. Алайда Ресей қанты өзіміздің қанттан арзан, әрі тәтті. Таңдауға келгенде тұтынушы сырттың қантын таңдайтыны анық. Қант мәселесін шешеміз деп қызылшаны көп еккенменен, егіп алынған өнімді шығынсыз, уақытылы қайта өңдейтін отандық қант зауыттарының құрал-жабдықтары әбден тозған, жаңалауды, жаңғыртуды қажет етеді. С.Жұманғариннің айтуынша, “қамыс шикізатындағы зауыттардың жұмысы тиімсіз”. Сондай-ақ Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті А.Наурызғалиеваның айтуынша да “елдегі қант зауыттары әбден ескірген. Ең алғашқыларының бірі 1967- ші жылы салынған Ақсу қант зауытына 90 жыл болған. Әлі газдандырылмаған. Мұның бәрі өнімнің құнын арттырады”.
Халықтың ең көп тұтынатын өнімінің бірі – күнбағыс майы. Ресми ақпарат бойынша өткен жылдың 1 ақпанынан бастап күнбағыс тұқымын әкетуге жүк құнының 20 пайызы мөлшерінде, бірақ тоннасына 100 еуродан кем емес экспорттық баж салығы қолданылады. Отандық май зауыттарына қайта өңдеуге тапсырғаны үшін өндірушілер күнбағыстың тоннасына 22 мың теңгеге дейін субсидия алады екен. Бірақ, осыған қарамастан күнбағыстың шикізат түрінде экспорт көлемі артқан. Мәселен күнбағыс экспорты 2020-21-ші жылы 247 тонна болса, 2021- 22-ші жылдары 226 тонна, ал 2022-2023-ші жылдары 317 мың тонна болған. 2023-2024-ші жылдың қаңтар-ақпанында 66 мың тонна күнбағыс сыртқа шығып үлгерген.
Демек шикізатты ішкі өңдеуден гөрі сыртқа шығару басым. Содан да қайсыбір тағам түрінен болмасын ұн, дән болсын сыртқа сатылып, өзімізге печенье, тоқаш тағы да басқа тәтті тағамдар болып өңделіп, қымбат бағаға сатылады.
Шикізат түрінде қайсыбір өнімнің болмасын арзанға кететіні белгілі. Оның үстіне өңделген өнімге қосылатын құн да басқаларды байытып жатыр. Біз өзіміздің терлеп-тепшіп, шаршап-шалдығып өндірген өнімімізді арзанға шетке шығарып, одан жасалған тәтті, дәмді тағамдарды қымбатқа сатып алып, мәз болып жүрміз.
Соңғы кездері қайта өңдеу өнеркәсібі дегенді жаттап алдық. Жақсы білеміз. Бірақ өнімін біле бермейміз. Бір ғана ұнды алайық. Біздің білетініміз жоғары, бірінші, екінші дегендей ұнның үш сорты. Ал, кешегі Дубай көрмесінде көп жұрт дәрумендермен толықтырылған ұн, минералдарға бай ұн, тағы да басқа пайдалы заттары бар пайдалы ұндарды ұсынумен қатар, қазіргі кезде көп қолданылатын пицца пісіретін, торт пісіретін, тағы да басқа тәтті тоқаштар пісіретін ұндардың түр-түрімен көз қызықтырған.
Бәріміз тұтынып жүрген шұжық пен сүт өнімдерінің де басым дені сырттан келеді. Қанттың 95 пайызы импорт. Қалбырдағы жемістер мен көкөністердің де жартысы өзімізде жасалмаған. Ал, осының бәрін неге өзімізде жасауға болмайды? Бәлкім егіс көлемін ұлғайтыңдар деп міндеттеп, өздері сырттан ішке кіретін өнімдерге жеңілдік жасап, жол ашып тұрған Үкіметтен де кінә бар болар…
Жаңа технологияларға ұмтылмай ескі-құсқыны жамап-жасқап, өткізілген өнімді қайта өңдеуді ұқсата алмай отырған ескі зауыттар да есені жіберіп отырған болар. Әйтпесе, өнімін өндіріп алып, өндіріске өткізе алмай жүрген егінші, фермерде не жазық бар?..
С.Бихожаева