«Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директоры Мақсат Жүсіп Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында әлеуметтік желі арқылы қала тұрғындарымен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне 2022 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстары және 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары жөнінде баяндады. Өз сөзінде ол: – 2022 жылы аймақ басшысы Н.М.Нәлібаевтың тікелей қолдауымен Серіктестікке «Өнеркісіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға облыстық мәслихат шешімімен алдын-ала төлемге 1 млрд. 434 млн. теңге бөлініп, оның 100 автобусы алынып, қазіргі таңда қала ішілік 12 бағыт (1,11,14,17,18,19,20,22,2 5,28,29) және қосымша жүктелген «Ягодка» саяжайы бойынша бағытта қызмет көрсетуде. Қалған 50 автобус бойынша тиісті құжаттар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» Ақ-мен шарт жасалып жоспарланған қоғамдық көліктердің келуі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында күтілуде.
Қазіргі таңда қала ішінде жолаушылар тасымалына күнделікті 110-120 автобустар қызмет көрсетуде. Қоғамдық көліктердің бағыттардағы қатынау интервалы 10-12 минутты құрайды. Алдағы уақытта, 50 автобустардың келуіне байланысты №15, №16, №31 және №32 бағыттары іске қосылады деп жоспарлануда.
Қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серіктестіктің штаттық бірлігі де артуда. Мәселен, серіктестікпен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2022 жылдың қараша айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін 88 жүргізуші жұмысқа қабылданған.
Сондай-ақ, автопарк теліміндегі бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы көліктердің 30-40 данасы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қосымша бағыттарға қосылып, қала ішінде жолаушылар тасымалдау жұмысын жақсартуға өз үлесін қосатын болады,-деді Мақсат Жүсіп.
Мұхаммедшах КАЮП