Соңғы жылдары қала алып құрылыс алаңына айналды. Өңірде бой көтерген жаңа нысандар аймақ ажарын айқындай түсті. Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып, Сыр өңірінде зәулім ғимараттар пен көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Қызылорда облысының әлеуеті артқан. Аймақ күн сайын жаңарып, көркейіп келеді. Барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасып, ілгері басушылық басым. Өңір мұнайға тәуелділіктен арылып, индустриялы-инновациялық жұмыстарды жандандырып, өңдеу секторын дамытуда. Соның арқасында Қызылорда қазіргі таңда республикадағы дамуы дара аймақтардың көшін бастап тұр.
Осы аптаның сәрсенбісі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев облыс көлемінде құрылыс саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
– Жалпы құрылыс саласында негізгі екі көрсеткіш белгіленген. Олар, құрылыс жұмыстарының көлемі және пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі. Осыған сәйкес, өткен жылдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі көрсеткіші 183,4 млрд. теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 140,4%-ды құрады,- деді басқарма басшысы.
Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 740,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 108,4 %-ды құрады. Осылайша өткен жылы Президенттің және де Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында құрылыс саласында жоғары өсу қарқыны байқалып отыр. 2023 жылға бөлінген бюджет көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артып, 87,1 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражатқа облыс көлемінде 177 жобаның құрылысы жүргізілді.
Облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы бірнеше әлеуметтік маңызды жобалар ел игілігіне табысталды. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 4 іргелі мектептің жанынан 2 000 орынды құрайтын қосымша ғимараттар салынды. Мақсатымыз: біріншіден балалардың үйінен мектепке қатынауына жақын және ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражаттарын үнемдеу. Қазіргі нарықтық бағамен есептегенде бір мектепке орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал, жоғарыда аталған бір қосымша құрылысқа 700 млн теңге ғана шығын кеткен.
4 қосымша мектеп құрылысы бойынша бюджет қаражаты тиімді пайдаланып 4 есе үнемделді,-деді Ерлан Кәрімбекұлы.
Сондай-ақ басқарма басшысы мәдениет саласында да қарқын бар екенін айта кетті. Нақтырақ айтқанда аудандарда 4 ауылдық клуб, қаламызда ашылған Неке сарайы ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал 1000-нан аса орыны бар Өнер орталығы осы айдың аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар басқарма басшысы облыс көлемінде құрылысы 2018-2020 жылдары басталып, түрлі себептермен аяқталмай қалған бірнеше әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталып, тұрғындарға пайдалануға берілгенін айтты. Яғни Жаңақорған кентіндегі 300 орындық мектеп, Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп және 600 орындық мәдениет үйі, Жақсықылыш кентіндегі спорт кешені. Бүгінде бұл ғимараттардың құрылысы толық аяқталды.
– Басқарманың биылғы жылғы бюджеті қазіргі таңда 111 жобаны жүзеге асыруға 101,1 млрд.теңге бекітілген болса, бұған қоса 7 ауданда Руханият орталықтарының құрылысына 11,5 млрд. теңге қаржы бөлінуде. Осылайша, басқарманың бюджеті, басқарма құрылғалы болмаған 112,6 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл қаражат жыл соңына дейін жаңа жобаларды жүзеге асыруға тағы да артатын болады,-деді Ерлан Төрәлиев.
Брифинг соңында басқарма басшысы БАҚ өкілдері қойған сұраққа жауап берді. Руханият орталығы қалай жұмыс жасайды?-деген сұрақ қойылды.
– Руханият орталығында музей, кітапхана, архив бөлімі, ардагерлер орталығы, жастар орталығы ашылады. Орталықта түрлі іс-шаралар өтетін болады. Және де барлығы бір ғимараттың ішінде орналасады,-деп жауап берді.
Мұхаммедшах Маратұлы