Биылғы жылдың 31 қаңтарында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстанның жаңа Ата Заңының жобасын қоғам талқысы үшін жариялады.
Қоғамдық пікір екіге жарылды. Әдеттегідей көпшілік жаңа жобаға қолдау білдіріп жатқанымен, жаңа жобаның кей тұстарына келіспеушілік білдіретіндер де баршылық. Осы ретте жаңа жобаның кей тұстарын оның бұрынғы нұсқасымен салыстыра отырып оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. (Кесте Информбюрода жарияланған).
| Қазіргі Конституция | Конституцияның жаңа жобасы |
| Мемлекет қызметінің қағидаттары мен стратегиялық бағыты айқындалмаған. | Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты: адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту. |
| Халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде белгіленген. | Халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде белгіленген. |
| Жоқ | Жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін екені жазылған. |
| Жоқ | Діннің мемлекеттен бөлек екені айқындалды. Діни ұйымдардың қызметі мемлекет заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. |
| Қазақстан қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартатыны жазылған. | Бұл норма алынып тасталды. |
| Мемлекеттік рәміз атауы Гимн деп берілген. Қазақстандықтарға заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетілетіні жазылған. | Рәміз атауы қазақшаланып, Әнұран деп жазылды. Бұл норма алынып тасталды. |
| Жоқ | Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негізі мен құқықтары түсіндірілетіні жазылған. |
| Жоқ | Зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны жазылды. |
| Жоқ | Сөз еркіндігі және ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс екені жазылды. |
| Жоқ | Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы екені айқындалған. |
| Жоқ | Білім беру ұйымдарында (діни білім беру ұйымдарын қоспағанда) білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие екені айқындалды. |
| Жоқ | Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ екені айқындалды. |
| Президенттің кезекті сайлауы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі. | Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі. |
| Жоқ | ҚР президентін ҚР кәмелетке толған азаматтары конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайланатыны туралы ереже өзгермейтіні нақтыланды. |
| Жоқ | Вице-президент туралы жеке бап енізілді. Оны Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайды. Ол депутат болып сайланбайды, саяси партияға кірмейді және өзге ақы төленетін лауазымды атқармайды.Вице-президент президенттің тапсырмасымен халықаралық аренада Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді, Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президент атынан өкілдік етеді, президенттің тапсырмасымен Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағарту ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды, президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. |
| Жоқ | Президент Конституциялық сотқа өтініш беру арқылы өз еркімен орнынан түсуге құқылы екені айқындалды. |
| Президент қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына көшеді. | Президент қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда оның өкілеттігі вице-президентке көшеді. Құрылтай 7 күн ішінде сайлау өткізу туралы жариялап, одан кейінгі 2 ай ішінде президент сайлауы өткізіледі. |
| Заң шығарушы орган – Парламент, ол Сенат пен Мәжілістен тұрады. | Заң шығарушы орган – Құрылтай. Ол 145 депутаттан тұрады. |
| Парламентке жасы 30-дан асқан адамдар депутат бола алады. | Құрылтайға жасы 25-тен асқан адамдар депутат бола алады. |
| Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша республика президенті тағайындайды. | Президенттік квота және Қазақстан халқы Ассамблеясы квотасы алынып тасталды. |
| Парламенттің құзыреті 8 тармақтан ғана тұрады. | Құрылтайдың құзыреті кеңейтіліп, 21 тармаққа дейін көбейді. Жаңа құзыреттер қатарында президентінің сайлауын жариялау, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру, президентке вице-президентті тағайындауға келісім беру, Конституциялық сот судьяларын, Жоғарғы Сотының судьяларын тиіспеу кепілдігінен айыру, Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру және басқалар бар. |
| Заң жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті. | Заң жобалары бойынша кемінде үш оқылым өткізу міндетті. |
| Жоқ | Қазақстан Халық Кеңесі туралы жаңа бап енгізілді. Ол – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган.Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді; Құрылтайға заң жобаларын енгізеді; жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді. |
| Жоқ | Конституциялық сот – конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және бүкіл ел аумағында ел Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган екені нақтыланды. |
| Жоқ | Бас прокурорды президент тағайындайтыны және бір адам бір реттен артық бас прокурор болып тағайындалмайтыны нақтыланды. |
| Жоқ | Адам құқықтары жөніндегі уəкілді президент тағайындайтыны нақтыланды. |
| Жоқ | Адвокатура туралы жеке бап енгізілді.Оған сәйкес, адвокатура адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын және заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдесуді көздейді. Заң көмегін адвокаттар мен өзге тұлғалар заңға сәйкес көрсетеді. |
| Жоқ | Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жеке бөлім енгізілді. Оған сәйкес, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жалпыхалықтық референдумда енгізіледі. |