Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Дүниежүзілік балалар күні: Өмірім балаларға арналады» деген тақырыптағы дөңгелек үстел барысында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған жоспар барлық тараптардың күш-жігерін біріктіретін қуатты құрал болып табылады. 

Вице-министр Қазақстан мектептерінде бұрын-соңды болмаған кешенді қауіпсіздік шаралары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. 

«Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйесі 100% қамтамасыз етілді. Мектептердің көпшілігі Жедел басқару орталығына қосылған және дүрбелең түймелері орнатылған», – деді спикер.

Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау мақсатында 500-ден астам заманауи автобустар сатып алынды. Сонымен қатар, вице-министр елімізде Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленіп, барлық мектептерде енгізілгенін жеткізді.

«Оның мақсаты – жалпыазаматтық және ұлттық құндылықтарды енгізуде, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарламаның басты ерекшелігі бала тәрбиесіндегі ата-ананың,  мектеп, қоғам ынтымақтастығын нығайту болып табылады», – деп мәлім етті вице-министр. 

Оның айтуынша, бүгінде барлық білім беру ұйымдарында міндеттері оқушылар арасында қолайлы ахуал туғызу және даулы жағдайлардың алдын алу болып табылатын қамқоршылық кеңестер жұмыс істейді. Оған қоса, ата-аналар комитеттері, профилактикалық кеңестер, психологиялық қолдау қызметтері, ата-аналарға тәрбиелік қолдау көрсету орталықтары, әкелер кеңесі, медиация қызметтері құрылған.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған