Фото: Pexels

Қазақстанда 2025 жыл бастала салысымен, картоптың бағасы күрт өсті. 21 қаңтарда республика бойынша картоп орта есеппен 320 теңгеден сатылды. Астананың азық-түлік дүкендерінде әр адам тек 5 келі картоп ала алатындай жағдай қалыптасты. Үкіметтің баспасөз қызметі бағаның күрт өсуіне картопты көрші елдерге жеткізу мөлшерінің артуы себеп болғанын және картоп экспорты алты айға тоқтатылғанын хабарлады.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша сарапшы  Кирилл Павлов Taspanews.kz тілшісіне шаруа қожалықтарының сату бағасы, тауар құнын мемлекеттік реттеу және жақын арада тағы қандай азық-түлік түрі қымбаттауы мүмкін екендігі туралы айтты.

Павлов картоп бағасын мемлекет реттей ала ма деген сұраққа ең алдымен мемлекеттің өзі жауап беруі керек деген ойда.

– «Нарық және оған әсер ететін тетіктер бар. Сонымен қатар, мемлекеттік реттеу кезінде де мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін, алайда бұл жағымды әсер ете ме, жағымсыз әсер ете ме белгісіз», – деп санайды сарапшы.

Кирилл Павлов елдегі картоп бағасының өсуіне арадағы делдалдар үлес қосқанына сенімді, яғни фермерлерден өткен өнім тұтынушыларға асыра  үстемеленген бағамен сатылды.

– «Фермерлер картопты тиімді бағамен сатады. Алдыңғы жылы олар картопты тіпті өз құнынан төмен бағада сатты, өткен жылы да үстінен түсетін пайдасы көп болмады. Олардың өткізу бағасын жоғары деп айтуға келмейді: картоп бағасы келісіне орта есеппен 120-150 теңгеден басталып, кейбір таңдаулы сорттар үшін 180 теңгемен шектеледі»,– дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, картоп қоймалардан осы бағамен шығады.

– «Теориялық тұрғыдан қарасақ, менің ойымша, көктемде пияз бағасы көтеріліп кетуі мүмкін, себебі Орталық Азиядағы мүмкін болатын жағдайлар бізге де әсер етуі ықтимал. Тынық мұхитындағы төмен температураның әсері Ауғанстанда, Пәкістанда және Иранда құрғақшылық пен жоғары температураны туғызады», – деп бөлісті сарапшы.

Нәтижесінде, аталған мемлекеттер егін тапшылығына тап болуы мүмкін және бұл біздегі пияздың бағасына әсер етері сөзсіз. Осылайша, қазақстандықтар пияз егісімен жаппай айналыса бастайды. Мұндай жағдай – қалыпты үрдіс.

– «Біздің фермерлер пияздың қымбаттағанын біле сала, оны жаппай өсіре бастауы мүмкін. Мәселен, Жамбыл облысында кемінде жүз гектар жері барлардың бәрі пияз егуге кірісіп кетсе, келесі жылы пияз бағасы төмендеп кетуі мүмкін, себебі көкөністің елде көп болуы бағаның құлдырауына әкеліп соғады. Бұл фермерлерге қолайсыз», – дейді Павлов.

Ақпарат көзі: https://kaz.taspanews.kz/zhanaliktar/altyn-kartoptan-keyin-kazakstanda-ozge-de-azyk-tulik-bagasy-osedi-me-759645137551/

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған