Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кешегі сейсенбідегі Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асыру барысы қаралды.

Жиында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жоба аясында 655 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын (медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулаториялар) салу, 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуды, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау нысандары үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлау жүзеге асып жатқанын баяндады.

Бүгінде 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы аяқталған, 7 медициналық мекеме бойынша жұмыстар жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің барлық нысанында компьютерлік техникасы бар телемедицина кабинеттері көзделген, алайда құрылыс аясында телемедициналық консультациялар өткізу үшін медициналық жабдықтармен жарақтандыруға қаражат көзделмеген. Осыған орай ауыл халқының сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардан аталған нысандарды интернет желісіне қосу және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сұралуда

Үкімет жиналысында қазіргі уақытта жобалардың сараптамасын кешіктіру орын алып жатқандығы да ашық айтылды. Тіпті оны Ұлытау және Қостанай облыстарында объектілерді салу мерзімдері ауысуда.

Үкімет басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселесі Үкіметте бірнеше рет қаралғанын, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ екеніне тоқталды.

– «Өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды», — деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысының айтуынша, әкімдіктер былтыр типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді, бұл жұмыс та аяқсыз қалған. Жалпы биыл 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалған. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр.

– «Құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Сондай-ақ оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады», — деді Үкімет басшысы.

Оған қоса Олжас Бектенов ұлттық жоба үшін жиһаз және құрылыс материалдарын жеткізуге отандық өндірушілерді тарту қажеттігін баса айтты.

– «Өткен аптада ғана жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Әбдікәрімова Салтанат “Самұрық-Қазына” қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурстарда шикіліктің барын айтып, шағымданды. Мен кәсіпкерлердің пікірін қолдаймын. Біз осы саладағы жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін құруға тиіспіз», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы жергілікті әкімдерге әрбір жоба бойынша жұмыс қарқынын барынша күшейту қажеттігін, атап айтқанда, әрбір объектінің құрылыс құжаттарын дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақытылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу керектігін тапсырды. Сондай-ақ медициналық жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған