Құрметті Маржан Қылышбайқызы, VIII шақырылымдағы Қызылорда қалалық мәслихатының жұмысына кіріскелі бір жылдан асты. Осы уақыт көлемінде қандай жұмыстар атқарылды? (қай оркругтен сайландыңыз).

2023 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен мәслихатының кезектен тыс сайлауы өткізілген болатын. Қызылорда қалалық мәслихатының VIII шақырылымына өзін-өзі ұсыну тәртібімен №16 сайлау округінен сайланып, халықтың өкілі ретінде жұмысқа кіріскен болатынмын.

Қызылорда қалалық мәслихатында тұрақты 4 комиссия жұмыс жасайды. Мен Әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамындамын. Біздің комиссияның қарауына жататын мәселелер: өңірдің әлеуметтік саласы (білім, денсаулық, мәдениет, спорт, халықты жұмыспен қамту, жастар саясаты), БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, дін, қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығы  мәселелері.

Менің негізгі жұмыс жасайтын бөліністі аймағым– қала орталығындағы №12, №233 мектептер аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер, Сәулет тұрғын ауданының бір бөлігі.

1 жыл көлеміндегі атқарылған жұмыстарымыз бен тыныс-тіршілігіміздің барлығы да қоғамның назарында жүріп жатыр. Мәслихаттың, комиссия құрамындағы әріптестер мен өзімнің де әлеуметтік желілерімізде жарияланып, желі арқылы да көпшілікпен кері байланыс орнатылған.

2023 жылды нақты жұмыстар бойынша айтсақ:

2023 жылы Панфилов №30, Абай №51 көпқабатты тұрғын үйлерінде сыртқы бетін жаңарту, әрлеу жұмыстары бойынша модернизация өткізілді. Сондай-ақ, осы аумақтарға жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, көпқабатты үйлердің сыртқы есіктері ауыстырылды.

Жеке кәсіпкерлер арқылы демеушілік есебінен 2 балалар ойын алаңы салынды.

Демесінов, Мұратбаев көшелері бойында жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өткізілді.

Бөкейхан, Абай көшелерінің жолы жөнделді.

Амангелді мен Жеңіс екі ортасындағы Сәулет мөлтек ауданының тұрғын үйлерінде жаяу жүргіншілер жолы мен балалар ойын алаңы салынды.  

Қаламыздың сол жағалауында салынып жатқан тұрғын үй құрылысының сапасы, қала аумағындағы азық-түлік дүкендеріндегі баға тұрақтылығы, ЦОН аумағындағы жаяу жүргіншілер жолының салыну барысы, Қызылорда автобус паркінің жұмыс барысы, электронды төлем жүйесіне ауысу мәселелері, жаңадан салынып жатқан Бәйтерек ауданының халқымен кездесуде ауданның 7 көшеге төселген асфальт сапасы, жол бойындағы инженерлік жүйелерге орнатылған қақпақтардың ұрланып жатқандығы, ауданға келетін №22, №25 қоғамдық көліктер жолын тұрғын ауданның шеткі көшелерімен жүргізу, үйлерді орталық кәріз жүйесіне қосу, ауыз су қысымын көбейту, қалып қойған жерлерді газдандыру, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мәселелері көтеріліп, сол бойынша да мекемелермен бірге жұмыстар жолға қойылды.

Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен бірге мәслихат тарапы түнгі мезгілде рейд жүргізіп, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің беймезгіл уақыттағы қозғалысы мен түнгі уақытта қызмет көрсететін мейрамханалар мен түнгі клубтарға арнайы тоқталдық.

№ 12 мектептің ата-аналары мен оқытушылары тарапынан мектептің артқы бөлігіндегі жаяу жүргіншілер өткелін қайта қарау, қоқыс салатын ыдысты дұрыстау секілді мәселелері ұсыныс ретінде көтерілді.

Сондай-ақ, №233 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да кездесу тарапында көтерілетін қоғамдық маңызы бар сұрақ.

 «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшесі ретінде жергілікті сайлаушылармен неше рет кездестіңіз, олардың көп қозғайтын ұсынысы қандай?

         Мәслихаттың жоспарына сай арнайы бекітілген кесте бойынша депутаттар кездесу ұйымдастырып, өз аумағы немесе өзі мүшелік ететін комиссия бағытына сай сұрақтарды қарастырады. Кездесу барысында жиі қойылатын сұрақтар негізінен әлеуметтік бағыт, тұрғын үй кезегі, жер кезегі, тұрғын үй алуға жеңілдіктер қарастыру, сонымен қатар, қоғамдық маңызы бар мәселелер жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, абаттандыру, бейнебақылау камераларын орнату сынды.

Ұсыныс, пікір айтып, көмек сұраған әр азаматтың толық аты-жөнінін жеке-жеке ашып айта алмаймыз, кей жағдайдар да қаржылық, азық-түлік алу мәселелерін де жеткізеді. Мүмкіндігінше қолдау білдіріп, демеуге тырысамыз. Ал көтерілген қоғамдық мәселелерге заңдылық тұрғыдан баға беріп, салалық мекемеге депутаттық сауал жолдап, бюджет шамасына қарай, ретімен шешілуде. Барлық қоғамдық маңызы бар мәселелер мен сұрақтар айналып келгенде бюджетке байланысты іске асады ғой.  

Мәслихатта ай сайын әр депуттаттың кездесуі кестеге сай ұйымдастырылып отырады, алдын-ала хабарландырулар жіберіледі. Одан бөлек, қарасты аумақ мекемелерінде, тұрғын үйлерде аралау жұмыстарын өткіземіз.

 Бүгінде өзіңіз сайланған округ тұрғындарының жиі көтеретін мәселесі қандай? Ол мәселені шешу жолдары қарастырылған ба?

Өзіміздің жауапты аймақ бойынша мектепте мұғалімдер, ата-аналар және оқушылармен жүздескенде мектепке қатынайтын жол бойында жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу мәселелері көтерілді.

Кездесу барысында тұрғын үйлердің алаңындағы ойын алаңдарының сапасы, жөндеу жұмыстары қозғалады. Осы бойынша осы уақытқа дейін бізде аралау, зерделеу жұмыстарын жүргіздік.

Депутаттық сауалдардан бөлек, қала әкімшілігіндегі салалық бөлімдер мәслихатқа бюджет немесе жоспар мен есеп мәселесі бойынша келгенде өз сауалдарымызды қозғап, қала бойынша атқарылған жұмыстар мен атрақырылатын жоспарлар туралы есебін тыңдаймыз. Өз аймағымыздағы өзекті мәселе бойынша өзгертулер ұсынып, орындалу барысын бақылауда ұстаймыз.

 Өзіңіз сайланған округ бойынша биылғы жылы қандай жұмыстар атқарылады? Сайлаушылардың талап тілегі орындалады ма?

Биылғы жылы осы уақытқа дейін Қызылорда қаласы бойынша мектеп асханаларының жай-күйі мен оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру және сапасы бойынша сондай-ақ, қала аумағында орналасқан қоғамдық орындар мен базарлар, сауда орындары және әлеуметтік нысандарда, қолайсыз аймақтарда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау талаптарының сақталуы назарда болып, аралау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мамандармен бірге жұмыстар атқардық.

2024 жылы: Абай №43, Бөкейхан №37 көпқабатты тұрғын үйлері модернизациядан өткізіледі.

Тәуке хан, Сейхун көшелерінің жарықтандыруы қайта қаралып, жөндеу, ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

Отырар, Баян Ауыл, Демесінов, Есенов, Алтынсарин, Байконур көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы жөндеу жұмыстарынан өткізіледі. 

Енді бекітілген арнайы комиссияның жоспары бойынша қала аумағында атқаруға тиісті жұмыстарымыздың тізбесі келесідей:

1. Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасында тәрбие беру жұмыстары мен  құқық бұзушылықтардың (топтық төбелес, құмар ойындары мен түнгі ойын-сауық, ұрлық, есірткі, темекі шегу)  алдын алу;

2. Мектеп оқушыларының жазғы каникул кезеңіндегі демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру және дайындығы;

3. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету, олар үшін кедергісіз орта құру мәселелері;

4. Жалпы орта білім беретін мектептердің 2024-2025 жаңа оқу жылына дайындығы (соның ішінде, мектептің қауіпсіз инфрақұрылымы, ғимараттарының жағдайы, аз қамтылған отбасы балаларының мектеп құралдары және киімдерімен қамтылуы);

5. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жұмыстары;

6. Қызылорда қаласы бойынша пайдалануға берілген спорттық және балалар ойын алаңдарының жай-күйі және алдағы жоспарлар туралы жұмыстар.

Қай бағыт болсын қаламыздың өркендеуі жолында маңыздылығы басым. Барлық жұмыстарымыздың түпкі тамыры сайлаушылар мүддесі, қоғамның алға басуы деп білемін.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған