150 жыл
Дүрбелең заманда дүниеге келіп, елді дүрліктірген қос төңкеріс жылдарында өз ұлтын соңынан ерте білген Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толыпты.
Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Ұлы тұлға – дарынды ақын, ғалым-публицист, түркітанушы, аудармашы, педагог, қоғам қайраткері.
Құғын сүргінде жүріп, зорлық көріп өткен аз ғұмырында өшпес-өлмес мұра қалдырыпты. Ахмет Байтұрсынов өзінің саналы өмірін қазақ қоғамында халыққа білім беру, оны жетілдіру саласында көп ізденді. Көптеген мақалалар, еңбектер жазды.
«Әліп – би», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» атты кітаптары, қазақ тілінің фонетикасы, лексика, грамматика салаларына сіңірген еңбегі, ережелері мектеп оқулығын жасауға негіз болды.
Ол орыс-қазақ мектептерінде сабақ бере жүріп, қоғамдық – әлеуметтік өмірге үңілді. Айналаға білім-ғылым таратудың тиімді жолдарын қарастырды, теориясымен шұғылданды. Алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, халықтың көркем сөз мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу ісіне араласты, баспасөзге мақалалар жазды, өлең шығарды, аударма жасады.
Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде әділетсіздікке, патша өкіметінің саясатына қарсы наразылық білдіргені үшін Ахмет Байтұрсынов бақылауға алынады да, 1909 жылы июльде Семей түрмесіне қамалады. Кейін оны қазақ жерінен тысқары жерлерге жер аударуға үкім шығарылып 1910-1917 жылдары орынбор қаласында тұрады.
«Маса» атты жинағы, апталық «Қазақ» газеті осы жылдары дүниеге келеді. Ғұмыры қысқа газетке өкімет тағы шүйлігеді, 1500 сом штрафты төлей алмаймын деп Ахмет түрмеге қамалады. Оқырмандары ақша жинап штрафты төлеп Ахметті қамаудан босатып алады.
1916 жылы да газет 3000 сом айып төлеген, солардың бәрін газеттің оқушылары, тілектестері көтерген. Ақыры «Қазақ» газеті жабылды.
Мұхтар Әуезов айтқандай «қазақ даласын өлім ұйқысынан оятқан, жансыз денеге қан жүгірткен, «Маса» болып ызыңдаймын деп өзіне көп жүк артып, бейнет көрген Ахмет Байтұрсыновтың газетінің де өмірі қысқа болды».
Ақынның қай шығармасын алсақ та ұлт мүддесі үшін, бүкіл қоғамды тәрбиелеуге, келешегіне арналған «Жиған – терген» атты өлеңінде елді ойлайтындардың аздығы, бірліктің жоқтығы, ел басшыларының зорлықшылдығы тағы басқа ой – тұжырымдар айтылған. Ахметтің өлендерінің бәрі сол заманның көрінісі, өзінің болмысы, ішкі айнасы «Апама хат» өлеңінде:
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп алдым қалам
Сені онда, мені мұнда аман сақтап, көруге жазғай еді хақ тағалам
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет – өр зорлыққа не бар шараң?
Деп өзінің ақ екенін, жазығы жоқ болса да тар қапасқа түсіп айыпқа тартылғаны – өркеуде, озбырлардың ісі екенін айтады.
Патшадан құтылған мен тонын айналдырып киген қасқырлардың «Кеңес» деген зұлымдардың озбыр әділетсіздігіне шағым жасайды.
«Бақ» өлеңінде:
Бұлттар басын жасырған
Жаңа түсіп басылған,
Таң шапағы сөніп тұр
Жаңаланған өмірден,
Жаңа шығып көрінген
Гүл қамауда семін тұр, деп өкімет жаңарса да, қазаққа таң шапағы күліп қарамайды, бұлт жібермейді, гүл де қамауда, көңіл жабырқаулы дегенді астарлап жеткізеді.
Ахметтің «Заң жобасының баяндамасы» деп аталатын мақаласында, патша өкіметінің қазақ халқын билеу үшін жасалған 1868 жылы шыққан «Уақытша ережесін» егжей-тегжей талдайды. Жаңа жүйенің зардап залалдарын, елге қандай әсері болатынын түсіндіреді. Қазақтарды ауыл ауылға бөлгенде туыстық жақындығын ғана есепке алмай, айырған жерінің һәм шаруасының ретіне қарай бөлу керектігін айтады.
Сөйтіп ұлт ұстазы қашанда өзіндік берік ұстанымымен ерекшеленіп, халықты қоғамдық – әлеуметтік көкейтесті мәселелерді танып білуге үндей отырып, азаттықтың ақ жолына, бостандыққа ұмтылуға жол сілтейді.
«Жаңа низам» ережесі шықсымен, патша өкіметі жерімізді отарлау саясатына кірісті. Жер ғана емес тіл мен дінге, халықтың ішкі рухани тірегі болған тарихи жадына да қол сұға бастады. «Заң жобасының баяндамасы» осындай сорақылықтың ел ертеңіне зиянын ашып айтқан еді.
Қорыта келе, Ахмет Байтұрсыновтың «елім» деп жанкештілікпен, қорлық-зорлық пен өткізген өмірі, жазықсыздан жазықсыз тар қапаста отыруы, талай жылдар бойы «Халық жауы» аталып шығармаларының оқытылмауы бүкіл халыққа жасалған қиянат. Құдайға шүкір, бүгінгі күні Ахметтің ЮНЕСКО көлемінде 150 жылдығының тойлануы, еліміздің түкпір-түкпірінде іс-шаралардың жүргізіліп, шығармаларының насихатталуы, мектеп, көшелердің аты беріліп, бюстердің, ескерткіштердің орнатылуы ғалым бабаның мол мұрасына берілген баға деп білеміз.
Бұл мерейтой бәріміздің тойымыз. Той құтты болсын! Қазақ халқы барда – Ахмет тірі, мәңгі тірі болсын! Ұрпағы жадында ұстап ұстаздың ұсынған жолымен жүріп, шыңға шыға берсін!
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының жетекші маманы Ж.Есенова