Қызылорда қаласының орталық алаңында «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Әз-Наурыз – ұлтымыздың ұлы мәдениеті мен бай салт-дәстүрінен бастау алған мереке екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің жаңа тарихи кезеңі төл жаңа жылымыздан басталатынын айтты. Біз өткен жылды жемісті қорытындыладық, зор жетістіктерге қол жеткіздік. Жақсылықтың жаршысы болған биылғы жылды толайым табыстармен бастадық.
Екі күн бұрын еліміз үшін саяси маңызы бар Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткізілді. Сыр елі бірлік пен тұтастықтың ерен үлгісін көрсетіп, республика бойынша ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Жаңа, Әділетті Қазақстанның жаңа саяси реформалары: республикалық референдумда да, Президент сайлауында да Сыр жұртшылығы жарқын болашақ жолында тура таңдау жасаған болатын. Саяси науқандарға бір қолдың саласындай жұмыла қатысып, елдігімізді, тату- тәтті тірлігімізді, береке-бірлігімізді дәлелдеді. Сыр халқы қай кезде де Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа бастамаларына ерекше қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі Ұлыстың ұлы күніндегі ниеттеріңіз, игі тілектеріңіз қабыл болсын! Қолға алған істеріңіз нәтижелі, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!», – деді аймақ басшысы.