Биылғы жылы мемлекетімізде бірталай бағдарламалар жүзеге аспақ. Оның ішінде атқарылар жұмыстардың басым бөлігі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына негізделген. Барлық инфрақұрылымдық, цифрлық, құрылыс жұмыстары және басқа да мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында барлық өңірде тиісті жұмыстар қолға алынды. Ендеше, 2023 жылы еліміздің бірталай саласында орын алмақ өзгерістерге назар аударсақ…
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖӘНЕ ҚҰЖАТ АЙНАЛЫМДЫ САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯҒА КӨШІРУ
Биылғы жылы азаматтық хал актісін, немесе некені тіркеу кезінде электрондық анықтамаларды беру мерзімі 1 айдың орнына 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарды. Ал адамның аты-жөнін өзгертуді тіркеу алынып тасталды.
2023 жылы кәсіптік қызметпен айналысу үшін жеке сот орындаушыларын, нотариустарды, адвокаттарды және сот сарапшыларын аттестациялауды автоматтандыру бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл аумақтық әділет органдарында жүргізуші куәлігін алу үшін өтетін тестілеуге ұқсас онлайн тестілеу.
«Цифрлық нотариат» жобасы аясында сенімхаттарды онлайн беру мүмкіндігі бар. Бұл қызмет азаматтарға нотариусқа бармай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, интернет арқылы сенімхаттар рәсімдейді.
Сонымен қатар, QR қол қою және «Цифрлық құжаттар» сервисінде нотариаттық құжаттарды көрсету бөлігінде Egov mobile функционалдығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылдың қаңтарынан бастап пилоттық жоба барлық өңірлерде, оның ішінде қолжетімді нотариаттық қызметтердің тізбесін ұлғайтумен айналыспақ.
2023 жылы жолаушы кедендік декларациясын E-salyq Azamat мобильді қосымшалары мен екінші деңгейлі банктер арқылы тапсыруға болады. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау тәртібін жеңілдету арқылы жеке тұлғалардың уақыты мен ақшалай шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2022 жылдың соңында заңнамалық өзгерістер енгізілді, оған сәйкес ЭШФ АЖ арқылы электрондық нысанда берілген орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер туралы анықтамалар салықтық есепке алу үшін бухгалтерлік құжаттама ретінде танылады. Бұл салық төлеуші бұдан былай орындалған жұмыс актілерінің көшірмелерін қағаз ретінде беруге міндетті емес дегенді білдіреді.
ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫН ДАМЫТУ
2023 жылы елімізде транспортты медицинаны енгізу жұмыстары жалғасады. Шалғай ауылдардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 1,5 миллион ауыл тұрғындарын қамтитын жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады. Бұл ретте медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан астам ауыл тұрғындарына тиісті қызмет көрсету жоспарлануда. Онкологиялық ауруларға қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру басталады, ол келесі қадамдарды қамтиды: диагностикалық жабдықты жаңарту, ядролық медицина орталықтарын ұйымдастыру (ПЭТ/КТ диагностикасы), молекулалық-генетикалық тестілеуді кеңейту, балалар ауруханаларын КТ-мен жабдықтау және МРТ, аз инвазивті хирургия мен емдеудің интервенциялық әдістерін дамыту, ісікке қарсы соңғы препараттардың қолжетімділігін арттыру, заманауи онкологиялық орталықтарды құру, арнайы мекемелердегі төсек-орын санын көбейту, 17 желілік үдеткіш сатып алу және т.б. Биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу қолға алынады. Бұл емделушілерді қорғауды қамтамасыз етеді, дәрігер мамандығының беделі мен құрметін арттырады, өскелең ұрпақтың қызығушылығын денсаулық саласына тартады. 2023 жылы орташа жалақының өсуі қарастырылған: дәрігерлер үшін – 30%-ға – 531 мың теңгеге, орта медицина қызметкерлеріне – 20%-ға – 250 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резиденттік гранттар саны 70 пайызға ұлғайтылады. Ағымдағы жылы ғылыми-зерттеу құрамдас бөлігі бар екі көпсалалы емхананың – 200 төсектік Астанадағы Жедел медициналық жәрдем ұлттық үйлестіру орталығының және Алматыдағы 350 төсектік жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың емдеу-диагностикалық ғимаратын ашу жоспарлануда (барлық нысанның құрылысын түпкілікті аяқтау 2024 жылға жоспарланған). Осымен қатар МЖӘ аясында Көкшетауда 630 төсектік көпсалалы аурухананың құрылысы басталады. Қазақстанда шетелдік препараттарды өндіруді локализациялау есебінен республикада дәрілік заттар[1]ды келісім-шартпен өндіру механизмі белсенді түрде енгізіледі. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай фармацевтика нарығындағы отандық өнімнің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде AstraZeneca компаниясымен Қазақстанға инвестиция салу, технологиялар трансферті жөніндегі мәселелер жүргізілуде.
ЖАҢА ҰЛТТЫҚ ЖОБАЛАР
Биыл «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын жүзеге асыру басталады, оның аясында 842 мың оқушыға арналған қажетті құрал-жабдықтары қамтылған 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Бұл оқу орындары қазақстандық білім беру саласында жаңа сапа стандартын белгілеп, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты осы көрсеткіш бойынша кезең-кезеңімен теңестіретін болады. Тек 2023 жылдың өзінде республиканың әртүрлі аймақтарында 220-дан астам мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы бойынша белсенді жұмыс басталады. Оның аясында 2026 жылға қарай 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу, қайта жаңғырту және жабдықтау, жұмыс істеп тұрған 12-сін жаңғырту және 20 аудандық көпсалалы аурухана ашу жоспарлануда. Соның ішінде 2023 жылы 309 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын ашу жоспарлануда. Ағымдағы жылы қалалар мен ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарлануда. 2023-2027 жылдарға арналған тағы бір «Қолжетімді Интернет» Ұлттық жобасының қабылдануы да күтілуде. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары, сондай-ақ 5G ұялы байланыс желілерін енгізу мақсат етіліп отыр. Бүгінгі таңда Астана, Алматы және Шымкент қала-ларында базалық станциялар орнатылып, 5G байланысының пилоттық іске қосылуы жүзеге асырылды. Айта кетерлігі, ұлттық жобалар аясындағы іс-шаралар Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру және әлеуметтік міндеттемелерді орындап, мемлекет есебінен қаржыландырылатын болады.
ҒЫЛЫМ МЕН ЖОҒАРЫ БІЛІМНІҢ ДАМУЫ
Еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысын арттыру жұмыстары жалғасады. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда биыл студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға, ал магистранттар мен докторанттардікі 15 пайызға артады. Сонымен қатар, мемлекеттік білім гранттарының санын 10 пайызға арттыру жоспарлануда. Ғылыми-зерттеу экожүйесін қалыптастыру және инновациялық технологияларды дамыту шеңберінде отандық университеттерді ғылыми-зерттеу университеттеріне айналдыру процесі жалғасады. Атап айтқанда, 2023 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жаңа мәртебеге ие болады. Бұл оның ғылыми-зерттеу әлеуетін және ғылыми жобаларды коммерцияландыру деңгейін арттырады. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тапсырыс аясында 5500 орындық 9 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, жатақханаларды қайта жаңғырту және жаңадан салу бойынша МЖӘ тетігі жұмысын жалғастырады. Бұл ретте ЖОО-лар жатақханаларда қажетті төсек-орын болған жағдайда ғана қосымша мамандықтар аша алады. Ғалымдарды ынталандыру үшін 2000 АЕК көлемінде 50 «Үздік зерттеуші» марапатын беру тәжірибесі жалғасады. Ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар да мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар арқылы ынталандырылатын болады. Бұл ретте қазақстандық жоғары білімді интернационалдандыру бойынша алдағы қадамдар қарастырылуда. Биылғы жылы отандық университеттердің бірінің базасында Британдық Гериот-Ватт университетінің филиалын ашу және түрік Хаджеттепе университетінің филиалын құру мәселесін пысықтау жоспарлануда. Республиканың жаңа аймақтарында ғылым мен жоғары білімді дамытуға да ерекше көңіл бөлінетін болады. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жезқазғанда техникалық университет ашу және Қонаев қаласында инновациялық орталығы бар академиялық қалашық құру мәселелері пысықталатын болады.
ЖАҢА ӘУЕРЕЙСТЕРІНІҢ АШЫЛУЫ
Республика жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартатын «ашық аспан» саясатын одан әрі жүзеге асырумен қатар әлемдік қаржы орталықтарына тікелей әуе рейстерін ашуды жалғастырады. Атап айтқанда, көктемгі-жазғы бағыт кезеңінде Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге, Астанадан Дохаға, Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға әуе рейстерін ашу күтілуде. Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Анталияға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Мале қалаларына рейстерді ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, Алматыдан Карачи мен Лахорға Пәкістанға әуе рейстерін ашу, Алматы-Дели бағыты бойынша Үндістанға, Алматы-Чэнду бағыты бойынша Қытайға, Алматы-Лондон бойынша Ұлыбританияға рейстер санын арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ Алматыдан Бодрумға, Батумиге, Ираклионға, Подгорицаға және Астанадан Тбилиси мен Подгорицаға бағыттар ашылмақ. Бұл ретте Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқанд, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша әуе рейстері қайта жанданады деп күтілуде. Малайзиялық Air Asia X лоукост – әуе компаниясы көктемгі-жазғы бағыт кезінде Куала-Лумпурдан Алматыға, ал Thai Air Asia – Бангкоктан Алматыға рейс ашуды жоспарлап отыр. Qeshm Air «әуе еркіндігінің» 5-ші дәрежесін пайдалана отырып, Алматы-Токио бағыты бойынша рейстерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Орта мерзімді жоспарда «Эйр Астана» әуе компаниясы Алматы-Тель-Авив бағыты бойынша Израильге аптасына екі тұрақты рейс жасау мәселесін қарастыруда.
КӨЛІК САЛАСЫ
Автомобиль саласында халықаралық тасымалдауға арналған жүк көлігі тракторлары бастапқы тіркеу жарнасынан босатылады. Көлікті цифрландыру саласында жүкқұжаттарды электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік беретін «Бірыңғай көліктік құжат айналымы» жүйесі коммерциялық қолданысқа енгізіледі. Сыбайлас жемқорлықты жою және ашықтықты қамтамасыз ету үшін өңірлердегі барлық цифрлық камераларды және «Сергек ҚХА» біріктіру арқылы көлікті цифрлық бақылауға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖОЛ ЖӨНДЕУ
2023 жылы республикада 15,3 млн шаршы метр құрылыс қарастырылған. Өңірлерде апатты және тозығы жеткен 1500 үйді бұзу үшін жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады. Сондай-ақ, халықты сумен жабдықтау қызметімен қамтуды 97 пайызға жеткізу жоспарлануда. Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы сарқынды суларды тазарту деңгейін 80%-ға, ал жылу мен суды ортақ құрылыс есептегіштерімен қамтамасыз етуді 83%-ға дейін арттыру қажет. Саланың көптеген жүйелі мәселелерін шешетін және оның ашықтығын арттыратын Құрылыс кодексі әзірленетін болады. 2023 жылы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуы 11,8 мың шақырымды құрайды, оның ішінде құрылыс және қайта жаңарту – 4 мың шақырым, күрделі және орташа жөндеу – 3,2 мың шақырым, жергілікті желіні жөндеу – 4,5 мың шақырым болмақ.