Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: ТЕК БЮДЖЕТКЕ ҚАРАП
ОТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Сыр елінде биылғы жылдың көктемінен бері бастау алған жобалар жетерлік. Тіпті өңірлер арасында инвестиция тартудан да алдыңғы орынға жайғасты. Бұның барлығы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Мемлекет және Үкімет басшыларының тапсырмаларын тиісті дәрежеде орындауының анық белгісі.

Желтоқсанның 20-сы күні Нұрлыбек Нәлібаев өңірде атқарылған жұмыстар жайлы Хабар 24 арнасында Берік Уәлиге сұхбат берген болатын. Кешкілік сұхбатты сырбойылықтар ғана емес, күллі жұрт, оның ішінде үкімет мүшелері, тіпті Президентіміз де көрген болуы мүмкін. Берік Уәлидің бір кездері Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы ретінде оған жақын адамдардың бірі болғандығы да бұл сұхбаттың өзіндік артықшылығы болғаны анық.

Осы орайда телеарнада жарты сағатқа созылған сұхбатты оқырман назарына беруді жөн көрдік.

– Алаштың анасы атанған Сыр елі Президентіміздің ерекше назарында. Туған жеріңіз Қызылорда өңірін көркейтуде өзіңіз де аянып жатқан жоқсыз. Өзіңіздің әкім болғаныңызға 8 ай болған екен. Осы 8 ай ішінде аймақты дамыту үшін қандай нақты қадамдар бойынша жұмыс жасап жатырсыз? Әңгімемізді әуелі осыдан бастасақ…

– Үлкен рақмет. Биыл жылды табысты, әрі нәтижелі аяқтауға, қорытындылауға бізде толық негіз бар деп айтсақ артық емес. Президентіміз Қ.Тоқаевтың қолдауымен өңірде заманауи-әлеуметтік нысандар салу ісі қарқын алып, экономиканың барлық көрсеткіштерінде оң динамикаға қол жеткіздік.

Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндірісі қазір 8,5 пайызға ұлғайды. Ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты өткен жылмен салыстырғанда 71 пайызға өсті. Оның 95 пайызын өңделген өнім құрайды. Соңғы жылдарда импорттаушы елдер саны 17 ден 21 пайызға дейін көбейді. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 29,5 пайызға артты. Оларда жұмыспен қамтылғандар саны 6,4 пайызға өсті. Кәсіпкерлерді барынша қолдаудамыз. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға әртүрлі көздерден 20 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Оның шеңберінде 1300-ден аса жоба несиелендірілді. 3400-ден аса жобаға қайтарымсыз гранттар берілді. Гранттардың 40 пайызын жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға арнап жатырмыз.

Қазір тұрғын үй беруге де үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Бізде тұрғын үй берілуі 6,4 пайызға өсті. Алдағы 3 жылда 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз деп жоспарлап жатырмыз. Келер аптада облыстық бюджет есебінен 100-ден аса жанұяға, үйі аппатты деп танылған кісілерге жаңа үйдің кілттерін табыстаймыз. Келесі жылы жастарға да үй салуға көңіл бөліп, жастарымызды тұрғын үймен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен қаржы қарап, «Отбасы банкпен» жаңа жобаларды өңірде жүзеге асырып, бірінші кезекте жастарды, мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтысақ деген жоспарымыз бар.

Әрине, өмір болғандықтан қиыншылықтар болады. Бізде қазір мұнайдың қоры өте төмен. Осыдан 10 жыл бұрын өңірімізде 12 миллион тонна мұнай өндірілсе қазіргі таңда 3,5 миллион тоннаға дейін түсіп кетті. 3 есеге дейін азайды. Әрине бұл орайда бюджет түсімі де азаяды. Бірақ, мұнай компанияларында жұмыс орындарын қысқартпауға, жалақысын көбейтуге жұмыс жасаудамыз. Жыл басынан бастап мұнай саласындағы мекемелерде жалақы 50 пайызға артты. Біз 52 ірі компаниялармен меморандумға отырып, алдағы уақытта мұнай қоры азайса да жұмыс орнын қысқартпауға, жалақыны жылда көбейтуге қол қойдық.

Қазіргі таңда Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясымен жаңа мұнай орындарын, кен орындарын барлау жүргізуге жұмыстар жасап жатырмыз. Облыс аумағындағы перспективалы Шу-Сарысу, Сырдария, Арал бассейндерінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп экологиялық, геофизикалық зерттеу жұмыстарын бастадық. Осыған 4 миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Алда барлау жұмыс[1]тарын жүргізіп, тереңдігі 5000 метрге дейін зерттеп, жаңа кен орындары ашылар деген үміт бар.

Бірақ мұнай азаюының орнын басқа өндірістермен толтырудамыз. Он жылдан бері «әңгіме болған» Шыны зауытын іске қостық. Қазан айынан бастап жұмыс жасап жатыр. Қазірде Алматы, Шымкент, Астанаға шынылар жөнелтіп жатырмыз. Қазіргі таңда 17 мың тонна шыны жөнелтілді. Негізі зауыттың қуаттылығы 197 мың тонна. Бұл -үлкен жоба. Президентіміздің қолдауымен іске қосылды. 42 миллиард теңге тұратын жоба.

– 8 айдағы атқарылған жұмысты бір сұрақтың ішіне сыйдыру оңай емес. Сізді жан-жақты толық қамтып айтып алсын деп сөзіңізді бөлмедім. Сұхбатымызды Президенттің сөзімен жалғастырғым келіп отыр: Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арнал­ған жер туралы толыққанды ақпа­рат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет,-деген болатын. Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығына алаңдаулы. Өйткені өңірдің ақмаржаны азаюы мүмкін. Бұл мәселе қазір қалай шешілуде?

– Қазір біраз зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Соңғы 10 жылдың көлемінде Аралға келетін судың өзі де төмендеп кеткен. Қазір ол жақта 9 миллиардқа дейін су азайды. Соңғы жылдары 7 миллиард су аз келсе қалған 2 миллиарды буланып кеткен.

Мен қызметке келген кезде күріштің көлемін 20 мың гектарға дейін қысқартамыз деп жоспарланған екен. Біз тәуекелге барып 5 мың гектарға қысқарттық. Өйткені күріш біздің өңірдің ең негізгі дақылы, күріштің айналасында қаншама адам жұмыс жасайды. Биыл 78 мың гектар жерге күріш дақылдарын орналастырып, жақсы өнім алдық. Су тапшылығы Мемлекет басшысының, Үкімет басшыларының, Үкімет мүшелерінің қолдауы арақасында көп сезіле қоймады. Сырдария өзені бойында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, ойлағаннан көп су келді. Одан бөлек биік жерлерге су жеткізуге үкімет резервінен 3,6 миллиард қаражат бөлінді. Оған 156 көтерме насос сатып алдық. 50 ұңғыма қаздық. Гидротехникалық нысандарды жөндеуден өткізіп, нәтижелі жұмыстың арқасында судан биыл тапшылық көрген жоқпыз.

 Келесі жылға да дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз күріш көлемін қысқартпаймыз. Күріш көлемі азайса жеріміз тез тұзданып кетеді. Оны барлығы біледі. Қазір суды аз қажет ететін күріш сорттарын қарастырып жатырмыз.

– Сырдың ақмаржаны Америка асып, кәріқұрылық Еуропаға да жөнелтілетінін білеміз. Қазір әртараптандыруға мойын бұратын уақыт. Өңірде күріштен басқа қандай өнім өндіруді қолға алып жатырсыздар?

– Қазір бақша өнімдеріне көңіл бөліп жатырмыз. Осы қызметке кіріскелі барлық ауданның басшыларына демеушілер көмегімен жер дайындауды тапсырдым. Сол араның жергілікті халқы өздеріне керекті дақылдарын егіп, картоп, жуа, сәбіз өсірді. Жерін толықтай демеушілер арқылы жасап бердік. Келесі жылы осы жұмысты ұлғайтамыз деп жатырмыз. Осы арқылы халықты бір шетінен жұмыспен қамтуға, екіншіден бағаны тұрақтандыруға үлкен әсерін береді.

Одан бөлек түрік компаниясымен жұмыс жасап жатырмыз. Жаңақорған ауданында жылына 24 мың тонна қызанақ және қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу жөнінде келісімге келдік. Келесі жылы бастаймыз деп жатыр. Түріктің «KOC Holding» компаниясымен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жоба 13,8 миллиард тұрады. Бұдан халыққа жұмыс ашамыз. Қызанақтың егіс көлемін көбейтеміз.

– Нұрлыбек мырза, Президент әкімдерге инвестиция тартуды тапсырған болатын. Президенттің сөзінен мысал келтіргім келіп отыр. «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады» -деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Енді Қызылорда дотациялық өңір. Әлбетте аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыру жағы қалай болып жатыр?

 – Бұл бойынша да жұмыс жасап, жаңа мүмкіндік көздерін қарастырып жатырмыз. Инвестор келсе барлық жағдайды жасап, жерін дайындап, керекті инфрақұрылымды жеткізіп береміз. Биыл облысқа 373 миллиард теңге инвестиция тарту межесі бекітілген болатын. Жоспарға қол жеткізу үшін барлық қала, аудан әкімдері, тиісті басқарма басшыларына тапсырма беріліп, жол картасын әзірледік. Берілген тапсырмалар нәтижесінде біз жоспарымызды 94 пайызға жеткіздік. Жылдың аяқталуына әлі де уақыт бар. Біз жоспарымызды орындаймыз!

Өңірлер бойынша біз ең алдыңғы қатарда тұрмыз. Инвестиция тарту көрсеткіші осы жылдың 11 айында 31 пайызға өсті. Индустриялық жобалар мұнай-газ, уран компанияларында іске асырылған жобалар есебінен өнеркәсіп саласына тартылған инвестиция көлемі 41 пайызды құрады. Алдағы 5 жылдықта өңірде инвестиция көлемін 613 миллиард теңгені құрайтын 37 индустриялық жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жаңа атап өткен Шыны зауыты айналасынан да 8 жобаны іске асырсақ деген жоспарымыз бар. Қазір 3 инвестормен келісімге келдік. Тағы да 5 инвестормен жұмыстар жүруде.

Одан бөлек біздегі «Шалқия» кен орнын «Самрұқпен» бірлесе іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осы бағытқа биыл 35 миллиардтай инвестиция тартылды. Жоба іске қосылса өңірге үлкен көмек болғалы тұр.

– Ауыл медицинасына ойыссақ. Осы ауыл медицинасы айтылса Президент сөзі еске түседі. «Бүгінде елімізде 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық, фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша мемлекет бір миллионнан аса адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды» деген болатын. Медицина саласы бойынша облыста 27 дәрігерлік амбуллатория салмақшы екенсіздер. Өңір халқының денсаулығын жақсартуға арналған тағы қандай жобаларыңыз бар? Бұның барлығын салып үлгересіздер ма?

– Өте дұрыс айтасыз. Бізде алдағы 3 жыл ішінде 27 медициналық нысан салу жоспарда бар. Оның барлығы ауылдарда салынатын болады. Ұлттық жоба аясында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асайын деп жатыр. Медицина саласындағы өзекті мәселелердің шешілуіне үлкен ықпал тигізбек. Бізде көптен келе жатқан жоба бар. 100 орындық емханасы бар, 300 орындық көпсалалы аурухана жобасы бар. Оның құны 36,5 миллиард теңге тұрады. Аурухана құрылысы келер жылы қаламызда басталатын болды. Алдағы 3 жылдық бюджетке еніп, тиісті қаражаттар қаралды.

 – Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы Президент жолдауына арқау болған бағыттың бірі. Халықпен сындарлы диалог орнатуда жақсы тәжірибе жасапсыздар. Барлық деңгейдегі басшылармен ауылдарға барып, кездесу жасап, мәселелерді сол сәтте шешуге машықтанып жүр екенсіздер. Бұл өз нәтижесін беріп жатыр ма?

– Осы қызметке барғалы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жұмыс жасаудамыз. Бірінші менің орынбасарларым, құқық қорғау органдарының басшыларымен барып халықты қабылдады. Бір жеті бұрын кездесу күні жарияланады. Бұндай кездесуді дәстүрге айналдырып, аудан орталықтарына, ауылдарға барып кездесу өткізіп жүр. Біз жылына кем дегенде екі рет, қажетті жағдай болса міндетті түрде барамыз. Нәтиже бар. Мәселен облсоттың төрағасы, ҰҚК басшысы, облыстың прокуроры, ІІД-нің басшысы барлығымыз халықты азаңғы 9-дан бастап соңғы адамға дейін қабылдадық. Ешқандай шектеу жоқ.

 Біз 27-ші желтоқсан күні облыс орталығында кездесу өткіземіз. Ал жылдың басын Байқоңыр қаласынан бастаймыз.

 – Басқа облыстарға да үлгі болар жағдай екен. Бастамаларыңыз басқаларға да жұғысты болсын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл «Балалар жылы» болып белгіленгенін білесіздер. Жыл аяқталып қалды. Жалпы Президент жолдауында жас буынның білімді болуына баса назар аударғаны белгілі. Президенттің сөзімен айтсақ: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жанжақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды». «Жайлы мектеп» жобасы Қызылордада қалай жүзеге асып жатыр?

– Бізде алдағы 3 жылда Мемлекет басшысының қолдауымен 31 жайлы мектеп салынатын болады. Қазір жобалар жасалып жатыр. Бұл шамамен 100 миллиардттан аса қаражат. Білім саласының дамуына шынында серпін берейін деп тұр. Одан бөлек жеке инвесторларды тартып жатырмыз. Қазір өңірде 21 жеке мектеп жұмыс жасап тұр. Алдағы 1-2 жылдың ішінде тағы да 12 жаңа мектеп инвесторлар есебінен салынатын болады.

«Балалар жылында» өңірде біршама жұмыстар атқарылды. Демеушілер көмегімен 1,6 миллиард теңгеге 80 спорт, ойын алаңдары салынды. 7-8 айдың ішінде өңірдегі кәсіпкерлердің қолдауымен 9 миллиардқа жуық қаржыға нысандар салынды. Оның ішінде ойын алаңдары, «Аналар үйі», Сырдария ауданында «Еңбекшілер» паркі, Жаңақорған ауданында «Жастар паркі», Арал ауданындағы Тоқабай елді мекенінде апатты мектеп орнына кәсіпкер қолдауымен жаңа мектеп салынып жатыр. Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен біздің бюджетіміз жақсы бекітілді. 520 миллиардпен бекіттік. Былтырғы бюджетпен салыстырғанда 160 миллиардқа артық бекітілді. Бұл – біздің өңір үшін өте үлкен қолдау.

 – Студиямызға келіп атқарылған жұмыстарды барынша айтып, барлық сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған