Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кезекті сенат отырысында сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалын жолдады. Қазақстанда қан донорларын қолдаудың кемдігі туралы айтты.
Сенатордың айтуынша, елімізде жыл сайын 250 мыңға жуық адам донор болады, оның 47%-ы тұрақты донор болып табылады. Донор болған жан қан бергеннен кейін дененің энергия шығынының деңгейін толтыруы керек. Ол үшін донорларға арнайы 0,25 АЕК көлемінде, яғни 923 теңге төленеді. Алайда депутат Әлназарованың айтуынша, бұл сома адамның микроэлементтер мен калорияға деген қажеттілігін қалпына келтіру және анемияның алдын алуға тым жеткіліксіз.
– «Ерікті донорлардың денсаулығы тиісті түрдегі қолдауды қажет етеді. Ұсыныстарға сәйкес, донор қан тапсырған күні анемияның алдын алу үшін тиісті рационда тамақтанып, жоғалтқан килокалория мен микроэлементтердің орнын толтыруы керек. Қазіргі уақытта қан доноры қан берген кездегі күш-қуаты шығынының өтемақысы ретінде 0,25 АЕК алады. Бұл мәселе 10 жыл бойы бірнеше рет көтерілді, бірақ ешқандай назар аударылмай келеді. Осыған байланысты, Үкіметтен донорларға өтемақыны 0,25-тен 1,25 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», – деді Ақмарал Әлназарова.