Тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтау – дәрігерлер парызы дегенімізбен, көбіне жұрт тарапынан оларға өкпе айтылып жатады. Сондай-ақ ем жасау бағытында дәрігерлерге дәрілердің жетіспеуі, ауруханалардың, емханалардың толық жарақтандырылмауы қолбайлау болатыны да шындық. Осы ретте Үкімет жаңа ұлттық жобалар қабылдап, денсаулық мәселесін жіті қарап келеді. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Искаков биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы қорытындысымен таныстырды.
Жыл өткен сайын медициналық мүмкіндіктер молайып келеді. Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерінің сапасы да жақсара түсуде.
2023 жылдың 1 сәуіріне облыстағы бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 815 103 тұрғын тіркелген. 18 стационарлық, 26 амбулаториялық-емхана, оның ішінде 14 жеке медицина ұйымдары оларға медициналық көмекті көрсетеді.
2023 жылдың 3 айының қорытындысымен аймағымызда 4777 нәресте дүниеге келді. Республика бойынша 5-ші орынға көтерілдік.
2023 жылдың 1 тоқсанына жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 1,2-ні құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға төмендеді.
Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 2023 жылдың 3 айының қорытындысымен өткен жылмен салыстырғанда 66,6%-ға төмендеді.
Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 2023 жылдың 3 айының қорытындысымен 6,4%-ға төмендеді.
Қуантарлығы, 2023 жылдың 3 айында ана өлімі жағдайы тіркелген жоқ.
2023 жылдың 3 айында сәби өлімі былтырғы жылмен салыстырғанда 47% төмендеген.Ана мен бала өлім көрсеткіші – өңіріміздегі денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейінің басты көрсеткіштерінің бірі. Сол себепті өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуі – саланың өркендеуі, мамандардың нәтижелі жұмысы деп білеміз.
Қазіргі таңда медициналық ұйымдарының медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы 84 пайызды құрайды. Балалар стационарларының жарақтандырылуы орта есеппен –82 пайызды құрап отыр.
Жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 2023 жылға1,9 млрд. теңге, сондай-ақ «Әр азаматқа сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Дені сау ұлт» ұлттық жобалары шеңберінде 2023 жылға 1,4 млрд. теңге қаржы қаралса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 813,2 млн теңге бөлініп,өңіріміздегі медициналық ұйымдарды техникамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні өңірімізде жүкті, босанушы әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және гинекология сырқаты бар науқастарға перинаталдық көмек көрсететін жалғыз медициналық мекеме облыстық перинаталдық орталығы десек, жыл сайын бұл орталыққа, оның медициналық көмек көрсету сапасына жүктеме артып келеді. Осыған орай облыстық перинаталдық орталығының жүктемесін азайту мақсатында көпбейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 төсектік перинаталдық орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы да 200 төсек орынға арналғанымен 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Жыл сайын бұл ауруханаға, оның медициналық персоналдарына жүктеме артуына орай, балалар ауруханасын облыстық медициналық “Жедел жәрдем” стансасының Астана көшесі, № 1Б мекен-жайда орналасқан ғимаратына ашу жоспарланып отыр.
Ал, Астана көшесі, № 1Б мекен-жайында орналасқан облыстық медициналық “Жедел жәрдем” стансасы мен облыстық жастар денсаулығы орталығы Ә.Бөкейхан көшесінде орналасқан облыстық перинаталдық орталығының босаған ғимаратына көшіріледі.
Сондай-ақ, «Қамқорлық» корпоративті қорымен қаржыландырылатын мүгедек балаларға арналған оңалту орталықтарының санын көбейту шеңберінде облысымызда көпбейінді облыстық балалар ауруханасы базасында балаларға арналған оңалту орталығы 2022 жылы қаңтар айында ашылып, жұмыс жасауда. Орталықта бүгінгі күнге дейін 2240 бала ем алды.
Қазіргі таңда аудан көлемінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығын ашу мақсатында «Арал ауданаралық ауруханаға» қарасты Жеңіс алаңы №9 мекен-жайындағы А.Байтұрсынов ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жоспарлануда.
Қазіргі таңда облыс халқына 2860 дәрігер, 10721 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді.
2022 жылы 78 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 22-сі елді мекендерге жолданды.
2017-2022 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлауға 147, тар буынды мамандарды резидентурада даярлауға – 131, 2023 жылға 30 облыс әкімінің гранты бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде 2025 жылдан бастап саланы аймақтық дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ана мен бала денсаулығын қорғау саласы бойынша 2023 жылға біліктілікті арттыру мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен дәрігерлерге 18 бағыт бойынша орта буын қызметкерлеріне 22 бағыт бойынша оқыту жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген штаттан тыс бас мамандарымен, оның ішінде гастроэнтерологы және Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының ауруханасының эндоуролог дәрігерінің,бүйрек трансплантациясынан кейінгі науқастарды бақылау бойынша Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының доценті, Қазақ ұлттық медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының доценті, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының урология, нефрология және бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі және өңірдің штаттан тыс бас нефролог дәрігерінің қатысуымен семинар сабақтар өткізіліп, мастер класс және науқастарға кеңес жүргізілді. Н.Д.Батпенов атындағы ғылыми орталығының, артроскопия және спорттық жарақат бөлімің маманы жоғары санатты травматолог ортопед күрделі 8 ота жасады.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс республикалық бас ревматолог маманы Мукушева Зәуре Серикпаевна «Балалар жасындағы аутоиммунды патологияны ерте диагностикалау» тақырыбында ЖТД, ревматолог, педиатр мамандарына семинар өткізіліп, 46 науқасқа кеңес берілумен қатар, 4 балаға буынішілік глюкокортикоидттардың енгізілу тәжірибесін көрсетті.
Астана қаласы Ұлттық ғылыми медицина орталығының кардиохирург дәрігері Мынбаев Марат Талғатұлы облыстағы есепте тұратын туа пайда болған ақаумен туған балаларға кеңес берді. 62 бала қаралып, 18 бала отаға жіберілді.
ҚР ДСМ-нің бас неонатальды хирургы Ерекешов Асылжан «Туабітті өт шығару жолдарының даму ақауы», «Туабітті асқазан ішек жолдарының даму ақауы» тақырыптарында шеберлік сағаттар өткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Тұрғындарға берілетін дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Жалпы облыс бойынша емдеу мекемелерінен 2023 жылға 3,1 млрд. теңгеге сұраныс беріліп, 300-ден аса препарат түрлерімен және ОСМС бойынша 200-ден аса препарат түрлерімен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар сирек кездесетін ауру түрлеріне жергілікті бюджет қаражат есебінен 500 млн. теңгеге жуық науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. 2023 жылы «Қазақстан Халқына» қорынан 34 млн. теңгеге 3 науқасты керекті «Цинрайз», «Рисдиплам» препараттармен қамтамасыз ету үшін сұраныс берілді. Алдаға уақытта берілген өтініш бойынша науқастардың препараттармен қамтамасыз етілуі назарда болады.
Денсаулық сақтау саласы үшін халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету – басты басымдық. Бұл ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды дамытуда жалпы құны – 9,7 млрд. теңге болатын 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылыстары, жалпы 27 нысан құрылыстары бастау алды.
Қазіргі таңда құны 6,5 млрд. теңге болатын Арал ауданы Бөген, Қызылжар, Қазалы ауданы Каукей, Абай, Бозкөл, Қармақшы ауданы Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, Ақжар, Жалағаш ауданы Есет батыр, Мырзабай, Сырдария ауданы Н.Ілиясов, Шиелі ауданы Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Жаңақорған ауданы Қаратөбе, жалпы 15 дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізуге республикалық бюджет есебінен- 5,7 млрд. теңге бөлінді. Ал, Арал ауданы Көктем елді мекені медициналық бекет құрылысына ағымдағы жылы республикалық бюджетке түзетулер енгізуде 96,4 млн.теңге қаралу жоспарлануда.
Бүгінгі күні «Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Жобаның құны 36,4 млрд. теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта, онкологиялық орталығы толыққанды медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермей отыр.
Осы орайда құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін, Басқарма облыс әкімдігінің келісуімен науқастарға жағдай жасау үшін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының модулдік бөлімшесі ғимаратын материалдық-техникалық жабдықтарымен бірге облыстық онкология орталығына беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысының қолдауымен салаға бөлініп отырған қаржы облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысын айрықша ілгерілетуде.Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала бермек.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар