Ел дамуы турасында жауапты бірнеше сала болғанымен, мәдениеттің ойып алар орны ерек. Ұлттық болмысты, құндылықтарымызды бейнелейтін, адамдық көкжиегімізді айқындайтын, бүгінгі руханиятымызды дәйектейтін мәдениет саласы қашан да өз биігінде болары белгілі. Соның ішінде, мәдениеттің отаны саналатын Сыр елінде бұл бағыттың ілгерілеуі әуелден жоғары сатыда. Осы орайда, қала мәдениетінің қай сатыда екенін біліп, ондағы жобалар мен жоспарлар жайында сөз еттік. Жақында ғана аталған бөлімнің жілігін шағып, лауазымы көтерілген Алмат Өтегеновті сала бойынша кеңірек ақпарат алу мақсатында әңгімеге тарттық.

– Бірнеше жыл қатарынан қала мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрсіз. Осы орайда, еңбегіңізді бағалап, қызметіңіз жоғарылап жатыр екен. Құтты болсын! Жауапкершілік жүгі әдеттегіден артқан болар?

– Пейіліңізге рахмет! Басшылар саладағы табанды қызметімізді ескеріп, осындай үлкен жауапкершілік артып отыр. Бұл мен үшін белгілі бір лауазымға жеттім деп тоқмейілсуге емес, қайташар болаттай шыңдалуға, өзіме артылған сенімнің үдесінен шығуға үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Жалпы, отыздың ол жақ бұл жағындағы азаматтардың «маған елім не береді емес, мен еліме не беремін» деп аласұратын шағы ғой, сондықтан бұл қызмет сатысының биіктеуін салқын-қанды қабылдадық.

– Өз жұмысыңызға есеп беріп көріңізші, басшы орынбасарлығына дейін қала мәдениетінің ілгерілеуі турасында қандай ауқымды жұмыстарды тыңдырып, жобаларды жүзеге асырдыңыз?

– Мәдениетте жалпы мына шаруаны мен тындырдым деп кеуде соғу артық деп түсінемін. Өйткені мұнда біраз шаруа көппен бітеді. Басшылық құрамның міндеті бөлімге қарасты барлық мекеменің дайындап әкелген жобаларын қолдап, жетпес жеріне бағыт-бағдар беріп, жүзеге асу жолындағы жұмыстарды үйлестіру. Бүгінде алғашқы әріптерінен бастап өзім куә болған көптегенжобалардың дәстүрлі сипат алғанын, белгілі бір биіктерді бағындырғанын көріп марқайып отырамыз.

– Мәдениет бөліміне тиесілі өзге де ауыс-түйістер болып жатыр. Бұл қала мәдениетіне қандай оң өзгерістер әкеледі?

– Кадрлықтағайындаулар мен ауыс-түйістер кейбір кісілердің шырағын қайта жағып, екінші тынысын ашатыны рас, сондықтан үлкен сенім артылып, иығындағы жауапкершілік жүгін сезіне білген кез-келген маман нәтиже көрсетуге барын салуы керек деп түсінемін.

– Жасыратыны жоқ, кейде бірсарынды, жыл сайын өткізіле беретін жобалар көпшілікке жауыр болды. Жаңашылдық, жаңа леп әкелетін де уақыт жеткен секілді. Бұған қатысты не айтасыз?Бұл кадр құрылымына байланысты ма, әлде…

– Сіздің қай саланы айтып отырғаныңызды білмеймін, бірақ мәдениетте бір күнің бір күніңе ұқсамайды. Дегенмен, халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру бағытында бір сәтке болсын қалғып кетпеу керек деп меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Қала мәдениетінде бұған дейін де халықтан өз бағасын алған көптеген ауқымды жобалар болған, қазіргі уақытта сол биігінен төмендетпеу қамында жаңаша көзқарастарды тоғыстырған жақсы жобаларды халыққа ұсыну үшін еңбектеніп жатырмыз.

– Өзіңіз жаңа лауазымға ие болғалы бөлімге тиесілі қандай өзгешелік әкелемін деп айта аласыз, немесе жоспар бар?

 – Бұл сұрағыңыздың қысқаша жауабын жаңа ғана айтып өттім. Десек те халық ұйғарған жұмыстан кешікпеу, кез келген ұлттың бет-бейнесі саналатын мәдениет саласын өркендету жолындағы барлық игі жұмыстың, жақсы бастамалардың қызметінде болуға әрқашан дайынбыз.

– Жастар театрының да еншісін беріпсіздер. Оң болсын! Құрамындағы әртістердің таңдалуы қалай? Жалпы, жастар театрына ден қойғандағы үміт қаншалықты ақталуда?

– Ұлт мақтанышы Ілияс Жансүгіров: «Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі» десе, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Өнер – басқаруға да, басынуға да болмайтын, кісінің кәсіби парасатымен тікелей байланысты нәзік те сезімтал әлем» деп айдар тағады.

Мінекей, қазақ өнерінің көшін жалғап, өнердің киесін сақтап, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлы өнерді насихаттап жүрген «Жастар театры»осылайша белгілі өнер тарланы, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер-сценарист, ақын Оңталап Дүйсенәліұлының табандылығымен, аймақ басшысының қолдауымен мәдениет үйінің жанынан кезінде жай ғана үйірме болып ашылған болатын.«Жастар театрының» бүгінде өзінің айтары бар, шығармашылық әлеуеті мықты жас мекеме болып құрылып, өңірдің мәдениет саласын, қазақ театр өнерін дамыту жолындағы ресми қадамын басып отыр.

Әртістердің таңдалуына келетін болсақ, өз алдына мекеме болып құрылардан бұрын арнайы кастинг жарияланып театр труппасы жаңа әртістермен толығып, жаңа қойылымын халық назарына ұсынып үлгерді.

– Осы жоба бөлімге тиесілі салмақты жобалардың бірі деуге негіз бар. Бұдан бөлек, мәдениет бөліміне тиесілі қандай жобалар бойынша жұмыс жасаудасыздар?

 – Иә, рас айтасыз, қалалық «Жастар театры» жан-жақты мойындалған жобаларымыздың бірі. Сондай-ақ, өткен жылы ғана А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Арман» инклюзивті театрының да аймақ басшысының тікелей қолдауымен, жанашыр азаматтардың тынымсыз еңбек етуінің арқасында штаты шешіліп жұмысы жолға қойылды. Бөлімге қарасты кітапханалар жүйесі, мәдениет үйлері, спорт мекемелері және Қызылорда қаласының тарихы мұражайында көптеген жобалар жүзеге асуда. Бабаларымыз «Арық сөйлеп, семіз шық» демей ме, қаржы қажет етілетін біршама жобаларымыз қолдау тапса алдағы уақытта халық куә болады деп ойлаймын. Одан бөлек белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдәулетов ағамыздың авторлығымен «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы, «Рухани болмысты жаңғырту ұрпақ ұлағаты» тақырыбымен өтетін оқушылар арасындағы облыстық ділмар шешендер байқауы, қалаға қарасты елдімекендердің мәдени-рухани байланысын нығайтуға арналған «Ел іші – өнер кеніші» жобалары дәстүрлі сипат алып, халық асыға күтетін шараларға айналды.

– Мәдениет саласы бойынша өткен жыл қандай толағай табыстарымен, серпімді жобаларымен толықты? Биылғы жылға жоспарланған қандай ауқымды жобалар бар?

– «Өткен жылға өкпе жоқ» демекші, қоян жылы мәдениет саласы үшін ақжолтай жаңалықтарымен есте қалды. Көптен мәселе болып көтеріліп, халық аңсап күтіп келген Қарауылтөбе мен Талсуат ауылдарында «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 150 орындық типтік үлгідегі жаңа мәдениет ошақтары ел игілігіне берілді. Одан бөлек А.Тоқмағамбетов мәдениет үйіне көптен күткен заман талабына сай жарақталған жылжымалы сахна алынды. Сондай-ақ, қаламыздағы өнер ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Биылғы жылды да жақсы жаңалықпен бастап отырмыз. Көптен шешімі табылмай келген мәдениет саласына ең қажетті жарық қондырғылары мен қосымша дыбыс күшейткіш құрылғылары алынатын болады. Жыл бедерінде атқарар басқа да ауқымды жобаларымыз жеткілікті. Алдағы уақытта елмен бірге игілігін көреміз деген үміттеміз.

– Мәдениет жанашыры ретінде осы салада жұмыс істеп жүрген өнер адамдарына бөлім тарапынан қандай қолдау не қолғабыс көрсетілуде?

– Сала мамандарына, соның ішінде шығармашылық өкілдеріне қолдау жеткілікті. Оның бір ғана мысалы 2021 жылдың басында үш бірдей маман қызметтік үйге ие болды. Одан бөлек талай сында шыңдалған жалынды жастарымыз бүгінде бөлімге қарасты мәдениет ошақтарына меңгеруші болып тағайындалып жатыр. «Болам десе, бетін қақпай, белін бу» демей ме, біз әрдайым өзін дәлелдеген, болашағынан көп үміт күттіретін жастарды, мықты мамандарды қолдауды жалғастыра бермекпіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған