Қызылордада соңғы жылдары мәдениет саласы айтарлықтай қарқын алды. Кейінгі жылдары театр әртістері қалың көрермендердің қошеметтеріне бөленіп жүр. Өткенге көз жүгіртсек, 2016 жылы Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанынан құрылған Жастар театры нақты кезеңде көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Биыл Жастар театрының шымылдығы түрілгеніне 7 жыл толып отыр.
Жастар театрының жетекшісі – есімі елге белгілі режисер-сценарист, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов. Талантты режиссердің бастамасымен құрылған Жастар театрының өнерлі өрендері ә дегеннен «Алғашқы махаббат» пьесасын, «Қыз қасқыр» қойылымын сахналап, қызылордалық өнерсүйер қауымды қуантты. Бұған қоса, түрлі мерекелік шараларға өз үлестерін қосып жүр.
Өткен аптаның жұмасы күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұлт мақтанышы Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай «Өнер – тектің тірегі» атты этно-ретро концерт өтті.
Қалалық мәдениет үйінің фойесінде алдымен жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов пен театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат қатысты.
Театрдың көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов 2024 жылдан бастап жаңа мекеме болып өз жұмысын бастайтын Жастар театрының штаттық құрылымы, алдағы жоспарлары мен репертуары тұрғысында кеңінен ақпарат берсе, Сәпен Аңсат өнер ұжымының кезекті қойылымына сәттілік тіледі.
Ендігі кезекте А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің жанынан ашылған Жастар театры өз алдына жаңа мекеме болып, Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөлімінің «Қызылорда қалалық Жастар театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып жаңа бастамаларымен өз жұмысын бастайтын болады.
Мұнан кейін Жастар театрының сахналауымен өткен тарихи тағылымды қойылым-концерт 1936 жылғы Мәскеу төріндегі қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігі аясынан сыр шертті. 1936 жылы 17-27 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен онкүндік қазақ әдебиеті мен өнерін әлемдік деңгейге көтерді. Жастар театрының әртістері өздеріне берілген рольдеріне тыңғылықты дайындалып, қалың көрерменнің алдында тамаша өнер көрсетті. Жүз жасаған дүр Жамбыл, күміс көмей Күләш, сазды әуенімен сайын даланы тебіренткен Нартай, мың бұралған Шара, сатираның сардары Асқар, күй анасы Дина, Мәскеудегі онкүндікті жоғары деңгейде ұйымдастырған ұлт мақтанышы нарком Темірбек Жүргенов, сол шақтағы Одақ көсемі Сталин образдары көрермен көңілінен шықты. Кеш соңында ерекше қойылымды сахналаған Жастар театрының әртістеріне қала әкімінің Ықылас гүлі тарту етілді.
Қойылымнан кейін сахна төріне қалалық мәслихат төрағасы, депутат Ибадулла Құттықожаев пен облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова шығып, Жастар театрына өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
– Қойылым-концерт барысында Ұлт мақтанышы, жерлесіміз Темірбек Жүргеновтың қайраткерлігінің арқасында жүзеге асқан ерекше сапарда бірге болғандай әсер алдық. Бұл Жастар театрының жаңа биіктерге құлаш ұруының, шығармашылық әлеуетінің, әртістердің деңгейінің өскендігін білдірсе керек. Тәуелсіздік үшін күресіп, ұлттың үкілі үмітін аялаған тұлғаларымыздың еңбегін ұлықтайтын осынау тағылымды шараның Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуі де символикалық тұрғыда өте жарасымды болғандай. Театр жұмысынан бөлек шаһардың қоғамдық өміріне, қала көлемінде өткізілген барлық мәдени шараларға қатысып, жоғарғы деңгейде өтуіне өз үлестерін қосып келе жатқан өнер ұжымына қашанда алғысым шексіз. Осы ретте, мақтанышпен айтсақ болады аймақ басшысының қолдауымен қалалық Жастар театры жақын күндері өз алдына еншісін алып, Теміржолшылар клубы ғимаратына орналасады,-деді Ибадулла Құттықожаев.
Сондай-ақ, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова Жастар театрын жаңа белесімен құттықтап, алдағы уақытта үлкен қолдаулар жасалатынын айтса, Т.Жүргенов қорының төрағасы, еңбек ардагері Сәпен Аңсат қор атынан керегесі кеңейген өнер ұжымына 500 мың теңге сыйақы табыстады және театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер-сценарист Оңталап Нұрмахановқа шапан жауып, өз ризашылығын білдірді.
Мұхаммедшах Маратұлы