Жаз басталғалы бері апта сайын аталып өтетін әр сала мамандары мерекелері арасында биылғы жылғы мәдениет пен өнер қызметкерлері күні мерейі асып, мәртебесі тасып, ерекше атап өтілді.

Бәлкім жаңадан тағайындалған Мәдениет министрі А.Ораловтың аманаты болды, болмаса облыс әкімі Н.Нәлібаевтың аймақтағы “мылтықсыз майдан» майталмандарына мойын бұрғаны, әлде аймақтағы жанына спортты серік етіп қайта құрылған мәдениет және спорт басқармасына басшы болып жақында барған Мира Қазбекованың құрметі, әйтеуір, мереке күні облыстағы ақын-жазушылардан, мәдениеттен іріктелген 20 адамға биліктен 500 мыңнан сыйақша берілді.

Жұрттың бәрі бар керегін телефоннан тапқан, әдебиет пен өнер ауылына ат қоспаған жандар кітап, газет-журнал оқылмайды деп желпініп жүргенде кешегі мен бүгінгінің бары мен жоғын түгендеп қағазға түсіріп, әдеби шығарма жазып, оқырманға жыр, өлең, эссе, юмор, тебіреніс, роман, новелла ұсынып жүрген, әрі қандай жағдай болғанда да сол бағытынан таймайтын, шаршамайтын М.Әміреев, С.Жұбатырұлы, О.Әлжік, Қ.Жәленова, Н.Елтай, Ш.Әбдікәрімов, Н.Рахмет, Қ.Есімсейітова, Н.Әбілқасымовтар үшін бұл 500 мың теңге 500 мың қой-жылқыдан кем болған жоқ…

Доллармен айтқанда 1000-нан сәл асатын бұл пұл біреулер үшін, айтпақшы басқаларға беріліп жатқан сыйақшадан 2-3 есе аз болып көрінуі мүмкін, сондай-ақ сыйға берілген 100 мың теңгелік сертификатқа да сыр бермейтіндер үшін көп те көрінуі мүмкін…

Мәселе, сыйақшаның аз-көптігінде емес… Биліктің ақын-жазушылардың еңбегін, есімін елегенінде… Олардың рухани дүниесімен қатар өздеріне де қоғам қажеттілігін байқатқанында.

Ресми ақпарат: Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, Сыр елінің мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деген болатын. Өздеріңізге ақжолтай жаңалықпен келдік. «Сырдың елі – жырдың елі» атанған қасиетті мекеннің абыройын асырып, бақ-беделін сақтауға үлес қосушы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерінің сан жылдан бергі тілегі – облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын табыстайтын боламыз. Жүлде қоры 500 мың теңгені құрайтын облыс әкімінің сыйлығы әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылығын шыңдауға септігін тигізетініне сенімдімін. Он жылдан астам уақыттан соң арасы үзіліп қалған дәстүрді қайта жалғадық. Талай дарын мен талант түлеген Сыр өңірінде мұндай сыйлық пен марапаттың болуы – заңдылық», – деді аймақ басшысы.

Жиында өнер иелеріне «Тұран» сыйлығын табыстау, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттау рәсімі өтті. Мұнан бөлек аймақтың бірқатар мәдениет саласының қызметкері Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аймақтың мәдениет ұйымдарындағы 8 өнер ұжымына 40 домбыра тарту етілді.

АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР

ӘМІРЕЕВ Махмутбай – Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Сыр ардагері» газетінің бас редакторы, Сырдария ауданының құрметті азаматы;

ЖҰБАТЫРҰЛЫ Сайлаубай – Эколог-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері;

ӘЛЖІК Орынбасар Қарабалаұлы – Сатирик-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;

ЖӘЛЕНОВА Қатира Сыздыққызы – Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері;

ЕЛТАЙ Нұрмахан – Сатирик-жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сыр бойы» газетінің Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы меншікті тілшісі;

ӘБДІКӘРІМОВ Шәкизада Өтетілеуұлы – Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері;

РАХМЕТ Несібелі – Жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сырдария ауданының Құрметті Азаматы;

ЕСІМСЕЙІТОВА Қаршыға Құрмашқызы – Ақын, «Қазақстан Телерадио Академиясының «Алтын жұлдыз», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы;

ӘБІЛҚАСЫМОВ Нұрмұхаммед Қанатбекұлы – Ақын, «Шабыт» шығармашыл жастар сыйлығының лауреаты, Сырдария ауданының Құрметті Азаматы (мүмкіндігі шектеулі жан).

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

СЫДЫҚОВ Мұрат Сыдықұлы – Ақын, жырау, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;

АҚҚҰЛОВ Жұмабек Жарылқасынұлы – жырау, өнер зерттеушісі, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері;

НОҒАЙБАЕВ Әлмырза Әлиұлы – Дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері;

НҰРМАХАНОВ Оңталап Дүйсенәліұлы – Ақын, сценарист, қалалық Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері;

ҚАЛЫМБЕТОВА Күлән Жантемірқызы – Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі;

БҰРХАНОВА Орынкүл Балтабайқызы – Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының сценарист-режиссері, «Шапағат» медалінің иегері;

МЫРЗАБАЕВА Гүлбану Елубайқызы – «Томирис» би ансамблінің бас балетмейстері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері;

САҒЫМБАЕВ Темірбек Нұрғалиұлы – С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының суретшісі;

АСАНОВ Еркін Берікболатұлы – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артисі;

БАҚЫТ Аида Бақытқызы – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының ұйымдастырушысы;

БАЙДӘУЛЕТОВ Мамыр Бәйментайұлы – Айтыскер ақын, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі.

Биыл Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында көптеген жағымды жаңалық бар. Жыл соңында Қызылорда қаласындағы 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы», ал тамыз айында «Анаға тағзым» орталығы іске қосылады. Оған қоса өнер әлеміне қанат қаққан мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жобасы мақұлданды. Таяу арада бұған дейін үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театрын» өз алдына кәсіби ұжым болып құрылады.

Мұнан бөлек биыл өнердің қарашаңырағы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры 18 жылдан соң апталық бағдарламамен Алматы қаласына гастрольдік сапарға шығады. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың жаңа ізбасарларын дайындау мақсатында өңірде тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жасөспірімдер айтысы өткізіледі.

P.S. Әдебиет пен мәдениетке , өнерге биліктің мойын бұрғаны қоғамда адам тәрбиесіне оң көзқарас қалыптаса бастағаны?..

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған