Тәуелсіз еліміздің мәдени-рухани өркендеуіне зор үлес қосып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихымызды насихаттау, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, елді бірлік пен ынтымаққа шақыру жолында қызмет етіп жүрген мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше.
Қала әкімі Асылбек Шаменов руханиятты дамытуға, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті қалыптастыруға жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға және молайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлерін атаулы мерекемен құттықтады.
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен шарада сөз алған шаһар басшысы Асылбек Шаменов: – “Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау» деген болатын. Расында, елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Шаһардағы мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен ерекше таланты, қажыр-қайраты қаламыздың рухани кемелденуіне игі ықпалын тигізуде. Бұл ретте, мәдениет саласының дамуына үлес қосып, бүгінде арқа сүйер ақылшысы болып жүрген сала ардагерлеріне де құрметім мол” – деген лебізін білдіріп, бірқатар үздіктерге облыс әкімінің Алғыс хаты мен арнайы марапаттарды тапсырды.
Мерекелік шара ары қарай қала өнерпаздарының концертіне ұласып, құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, үйлесім тапқан ырғақты би, жарасымды әзіл-сықақ қойылымдары жиылған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі.
Мәдениет пен өнер – әр халықтың дүниетанымын, рухани байлығын, тыныс-тіршілігін тұтас жинақтайтын егіз ұғым. Сондықтан “Мылтықсыз майданның” майталмандарына деген құрмет ешуақытта ортаймайды.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар