Тілшінің тіршілігі көпке қызық. Ізденіс ізінде жүретін қауымның «арқалаған алтыны» сапасызданды ма, әлде журналистің жұмысын тек биліктің жұмысын ақпараттандыру деп қабылдау басым ба, әйтеуір, саланың бүгінгі буыны қалқансыз батыр сезінеді өзін. Әңгіме бұл жайында емес, оқшау ойды жеткізуде жатыр…
Айтсын, айтпасын, бүгінде ескерткіш орнату сәнге айналған. Осыдан тура екі жыл бұрын көктем мезгілі кезінде сырбойылық әнші, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО және республика көлемінде атап өтіліп, Қызылорда қаласындағы Орталық алаңда оның ескерткіші ашылды.
Сол сәтте «Сырда өнердің тойы басталды. Сырдан қанаттанып, өресі биік ән падишасына айналған ғазиз-ғұмыр иесінің мерейтойлық шаралары Қызылорда қаласының Орталық алаңында Роза Бағланова ескерткішінің ашылуымен бастау алды» мәтінімен ақпарат құралдары жаңалықты жарыса жазып жариялады.
Бүгінде сол Орталық алаң қайта түрленіп, жаңаша өңмен қаланың көркін ашып тұр. Көз тыныш болғанымен, сана сәнденбей тұр. Ұзындығы 5-7 метрді құрайтын ескерткіш әркімнің есімін ойып жазатын орнына айналып кете ме деген ой алаңдатады.
Ескерткіштің авторлары мүсіншілер Мұрат Сыдықов пен Бауыржан Кененбай. Тұғыры граниттен, негізі қоладан құйылған ескерткіш қаншалықты қала көркі болса да, оны өз мүлкіндей көріп, жаны ашитын жерлес көп болса игі. Жолдан өтіп бара жатып, жасөспірімдердің соған су шашып, қолындағы заттармен зиян тигізуге әрекеттеніп жатқанын байқадық. Көре сала Бағланованың базынасын сезінгендей күй кештік.
Жалпы вандализм қоғам үшін үлкен зиян келтіреді. Біріншіден, ол мәдени мұраны жойып, тарихи және өнер туындыларын бүлдіреді. Мүсіндер мен ескерткіштер тек өнер туындысы ғана емес, олар өткен ұрпақтың мәдениеті мен тарихының куәсі. Вандализм оларды жою арқылы келешек ұрпаққа мәдени мұраны жеткізу мүмкіндігінен айырады.
Екіншіден, вандализм қоғамның моральдық құндылықтарын төмендетіп, азаматтардың арасындағы сенімділікті бұзады. Қоғамдық орындардағы мүсіндер мен өнер туындыларына зиян келтіру – бұл қоғамдық мүлікке жасалған қиянат. Бұл әрекеттер қоғамның өз мүлкіне деген құрметін азайтып, адамдар арасында негативті көзқарастарды тудырады.
Өмірінде тек ақшыл түсті ұлттық киім киіп, ән салғанымен мәңгілік тұғырында сұр түсті көрінетін ескерткіш Бағланованың мекен-жайы өзіне сай көрінбейді. Орталық алаңның бір бұрышында «сұрланып» тұрған өнер иесі жаңадан ашылған «өнер орталығының» алдында тұруға сұранып тұр…
Мұхаммедшах КАЮП