Аймақ басшысы Президентке жасалып жатқан өзге де бағыттағы жұмыстарды атап өтті. Облыс үшін ауқымды мәселенің бірі – «Қызылорда – Жезқазған» автожолының құрылысы болуда. Реті келсе, жол сапалы салынудан бөлек, уақыт жағынан да ұтымды болса екен деген көптің қалауы бар. Осыны негізге алып, бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалған.
Нұрлыбек Нәлібаев: – Өткен жылдың тамыз айында өзіңіздің қабылдауыңызда болғанда халықтың қалауын жеткіздім. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланды. Сіз үкіметке тапсырма бердіңіз. Бүгінде бұл жолдың бойымен 10 мыңнан астам көлік қатынауда. Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады, – деп мәселені де сөз еткенінше болған жоқ, Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдың расында өте тар екенін алға тартып, уақыт күттірмей кеңейту жұмыстарына кірісу қажеттігін тапсырды.
Одан өзге, кездесу барысында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі космодром қалашығы турасында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысынан Ресей тарапымен тығыз байланыста жұмыс істеу керектігі жайында тапсырма алды.
Жаңа жылу электр орталығы салынады
Облысқа тиесілі жағымды жаңалықтың бірі – жылу электр орталығының бой көтеруі болды. Президентпен кездесу барысында аталған жобаның жоспары да таныстырылды. Жобаның тиімді тұсы – ЖЭО қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік бермек.
Айта кету керек, күрделі жөндеуден өткен жылу электр орталығының әбден тозығы жеткен. Жаңартуды қажет еткен орталық бүгінде шетелдік инвестиция есебінен салынуда.
Энергетикалық қауіпсіздікке баса мән берген Президент бұл орталықтың мерзімінде салынып, іске қосуды тапсырды.