Еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстандағы сирек кездесетін аңдардың және жануарлардың генетикалық жүйесін түзеуге, олардың популяциясын сақтауға білек сыбана кіріскен сыңайлы.

Биыл көктемде министрлік Торғай өңіріне Чехиядан жабайы жылқыларды алып келген. Енді Экология министрлігінің бастамасымен елге Нидерландыдан, Ресейден жолбарыстар әкелінеді. Бұл туралы мәжілісте депутаттардың сауалына жауап берген министр Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, елімізде сирек кездесетін Тұран жолбарысы кезінде 1948 жылы Іле өзенінің жағасындағы орманда және Балқаш өзеніне құятын жердегі қамыс өсетін алқапты мекендеген. Сондықтан келешекте министрлік осы жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру үшін, сондай-ақ жолбарыстың ғана емес, жабайы жылқылардың да санын арттыру үшін үлкен бағдарлама жасапты. Бағдарлама аясында 2026 жылға дейін елге әкелінетін жабайы жылқылардың санын 40 басқа дейін жеткізу жоспарда бар. Ал жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру үшін осы қыркүйектің соңына дейін Нидерландыдан елге екі жолбарыс әкелінеді. Келесі жылы Ресейден тағы төрт жолбарысты әкелеміз. Осылайша, Экология және табиғи ресурстар министрлігі популяция мәселесін шешіп алмақ.

Популяция деградацияға апарып жүрмей ме?

Жалпы, экология заңында популяция деген бар. Кез келген ел өзінің елді мекенінде сиреп бара жатқан аңдардың, жануарлардың, өсімдіктердің, ауыл шаруашылығы дақылдарының тепе-теңдігін сақтап отыру үшін популяцияға жүгінеді. Мұны Дүниежүзілік экологиялық ұйымдар да қолдайды. Экология министрі Нысанбаев та мұны қайта-қайта алға тартуды ұмытпайды. Жолбарыстарды әкелу үшін Дүниежүзілік табиғат қорымен меморандум жасалғанын, аңдарды шетелден Қазақстанға әкелу қаржысы да солардың есебінен өтелетінін құлаққағыс етті.

Хош, шетелден сирек кездесетін аңдар мен жануарлар әкелінсін делік. Бұған қатысты арнайы бағдарлама мен жобалар жасалсын. Тіпті Қазақстан тарапынан шетелден тасымалдау шараларына қаражат та шықпасын. Алайда ол жануарлар мен аңдар жерсіне ме?

Генетик мамандардың айтуынша, аңды жерсіндірудің өзі қыруар еңбек. Ал жабайы жылқыларды да Торғайдың маңына әкеліп жібере салуға болмайды. Оларды арнайы күтіп баптайтын адам керек. Олардан тұқым алу үшін де сауатты жұмыстар жүргізілу қажет

– Бір мысал айтсам, бізде өзімізде өсіп өнетін Қостанай асыл тұқымды жылқысы бар. 2000 жылдары бұл жылқылардың басы 336 болыпты. Былтыр бұл жылқыдан 47 бас қана қалған. Бұл негізі – Қазақстанның бренді еді. 138 жылдық тарихы бар бұл жылқының жоғалып кету қаупі бар. Өйткені бұл жылқыларды өсіруге субсидия бөлінбейді. Осыдан барып шаруалар ол жылқыларды дұрыс баға алмайды. Өйткені мұндай асыл тұқымды жылқыны бағу үшін ең алдымен қаражат керек, екіншіден, білім керек, үшіншіден, уақыт керек. Сол тәрізді министрлік елге әкелгелі отырған Прежевальский жылқыларына да ерекше күтім керек. Оларды Торғай алқабына жібере салғаннан бұрын, броконьерлерден қорғау жоспары құрылуы қажет. Климатқа төзімділігі, ыстық-суыққа шыдамдылығы барлығы бақылауға алынғаны жөн. Ал жолбарыстарға қатысты айтатын болсам, жолбарыстардың да климатқа төзімділігі әбден зерттелуі керек. Министр жолбарыстардың хайуанттар бағында ұсталынатынын айтып отыр. Ал Амур жолбарысы гендік тұрғыдан «Сібір қабыланы» деп аталады. Ол қақаған суықта жеке-дара орманда желіп жүретін аң. Оны бізге алып келіп, хайуанаттар бағына қамап қою да қисынға келмейді, – дейді генетик-ғалым Айғаным Мұқажанова өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Маманның ойынша, мұндай популяциялық үрдістің соңы деградацияға апаруы да мүмкін.

Арал мен Каспий және полигон аймақтарын не істейміз?

Қазір жолбарыс әкеліп, жорта қимылдағаннан гөрі Нысанбаев басқа мәселелерді шешуде белсенділік таныту керек. Өйткені елде бұдан да өзге бас қатыратын жайттар көп. Соның ішінде Аралдың азайып, Каспийдің тартылуы, Азғыр, Капустин Яр, Семей, Тайсойған, Байқоңыр ғарыш айлағының елге қауіпсіздігі деген өзекті мәселелер бар.

Экология және радиациялық қауіпсіздік саласын зерттеп жүрген ғалым Аймара Тілеукина БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қазір осы жайттарды шешуге бел шешіп кіріскен жөн.

– Солтүстік Арал мен Сырдария өзенінің саласындағы инфрақұрылымды дамыту және гидрологиялық жағдайын жақсартуға экология министрлігі белсене кірісу керек. Қызылорда облысындағы экологиялық жағдайды қолдау осы министрліктің еншісінде болуы қажет. Бұдан бөлек, қазір Каспий таязданып барады. Ғылыми дерек бойынша, көмір, торф, мұнай, газ сияқты қазба отынды жылдан жылға көп жағуына байланысты атмосферадағы газдың мөлшері тым көбейіп кеткен. Сондай-ақ, өзендердің бойындағы зауыттар мен фабрикаларды, шаруашылыққа пайдаланылатын мыңдаған гидротехникалық құрылғыларды қосыңыз. Мұның барлығы су шығынын жылдан жылға көбейте беретіні сөзсіз, – деді ғалым.

Ұшақ мініп келген қойлар

Бізде бұған дейін да популяциялық жұмыстар жүргізілген. Мысалы, 2013- 2015 жылдары шетелден елге бірнеше мәрте асыл тұқымды жылқылар, сүтті сиырлар әкелінді. Сол кездерде де Прежевальский жылқысын елге әкелгендер болды. Тіпті Австралиядан биязы жүнді қойларды ұшақпен әкелген кездерге де куә болдық.

– Елге жаппай шетелден асыл тұқымды мал басын әкеле бастау да популяциялық үрдіс. Сол сәттерде министрлер «енді елде асыл тұқымды мал басы көбейеді» деп мақтанды. Бірақ көп ұзамай, ұшақпен әкелген қойлар біздің суыққа шыдамай, өле бастады. Сүтті сиырлар да климатқа үйрене алмады. Шетелде молынан сүт беріп жүргендері біздің елге келіп сүт бермеді. Асыл тұқымды жылқының да кебі солай болды. «Оларды жерсіндіреміз, эмбриондарын алып, өзіміздің жылқылармен шағылыстырамыз» деген ғылыми орталықтардың көрген жемісі аз болды. Сондықтан әрбір популяцияны жасау үшін ғылыми негіз керек. Қазір бұл сала шынымен ақсап тұр. Негізінде, орманда болсын, ашық табиғатта болсын, тепе-теңдік сақталуы керек. Онсыз табиғи баланс бұзылады, – дейді А.Мұқажанова.

Гербарий қоры мен тұқым банкі қажет

Бұдан бөлек ең қажетті дүние – гербарий қоры мен тұқым банкін жасау. Осы арқылы елдегі сирек кездесетін өсімдіктер мен жойылып кеткен тұқым қорын жасақтап алғанымыз абзал.

Өсімдіктердің тектік қорын сақтап, оны жетілдіріп алмасақ, болашақта экологиялық дағдарыс өрши береді. Өзен-көлдеріміз тартылып, оның залалы көбейеді.

– Бүгінде Қазақстанда 6 мыңнан астам өсімдік өседі. Болашақта осыны ұқсатуды ойластыру керек. Егер бұл өсімдіктердің тұқымы арнайы банкте сақталатын болса, бұл саланы кәдімгі өндіріс орнына айналдыруға болар еді. Жуырда мен Оңтүстік Корея елінде болдым. Корея гербарий қорын сақтап қана отырған жоқ. Бұл елде 800-дей ғана өсімдік қоры өссе де, қолында бар санаулы ғана өсімдік қорынан дәрі-дәрмек, косметика, биологиялық белсенді қоспа жасау арқылы бізді таңғалдырып отыр. Сол тәрізді Қытайда да осы сала дамып жатыр. Өте бай өсімдік қорымыз бола тұра біз бұл бағытты ұстана алмай отырмыз. Сондықтан келешекте экология министрлігі осы жайттарды дамытуды ойлау керек. Мұндай қорсыз бізге экологиялық дамыған елге айналу қиын, – дейді А.Тілеукина.

Ғалым атап өткендей, гербарий қоры – экология саласының негізгі төлқұжаты. Жаман айтпай, жақсы жоқ», табиғи апаттар орын ала қалған жағдайда өсімдіктердің тектік қорынан бір сәтте айырылып қалуымыз мүмкін.

P.S. Бұл мәселелерді Ерлан Нысанбаев ескере ме, жоқ па, ол жағына сенімді емеспіз. «Таза бейсенбі» мен «Таза Қазақстан» деп, ұран мен науқандатып жүретін министрлік «аңдар мен жануарлардың популяциясын реттейміз» дегенде мамандардың пікіріне құлақ асты ма екен?

Қазақта «Арыстан айға шабам деп мерт болыпты» дейтін тәмсіл бар. Жолбарыс әкеліп, жыртқыш аңды көбейтемін деп, айды аспанға шығаратанның кебін киіп жүрмесек етті.

 Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған