Қазақ қоғамы әрдайым нәзік жандыларға ерекше құрметпен қарап, қол ұшын созуға дайын тұрады. Бұл қазақы менталитет мен ұлттық құндылықтарымызды қастерлеген әр азаматтың бойынан табылатын қасиеттер. Әйелді ана, ұрпақ өрбітуші, шаңырақтың ұйытқысы деп ғана емес, қоғамның толыққанды мүшесі, қызмет пен отбасыны қатар алып жүретін тұлға ретінде құрмет көрсетіп жатамыз. Осы орайда мемлекет те мол мүмкіндіктер қарастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы әйел-аналарға, қыз-келіншектерге әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетумен қатар, олардың өзін-өзі жан-жақты дамытуына қаржылай қолдау көрсетіп отырады. Сонымен қатар, біліктілік арттыру курстары мен шеберлік сағаттары да қарастырылған. Осы мақсатта Қызылорда қаласының отбасын қолдау орталығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығы грантының аясында өтіп жатқан «Қызылорда облысындағы жұмыссыз мүгедек әйелдерді қоғамға дайындау (психологиялық қолдау, кәсіби бейімдеу және бағдарлау)» жобасының қорытынды перезентациясы ұйымдастырылды.
«Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің аталмыш жобасы аясында Қызылорда қаласы және аудандардағы 20-дан аса мүмкіндігі шектеулі жандар «Қолөнер» және «Мобилография» курстарына қатысып, қажетті дағдыларын дамытты. Қыз-келіншектер «Мобилография» курсы барысында жарнамалық видео әзірлеу, монтаждау, дизайн, сапалы видео түсіру әдістерін үйренді. Қазіргі таңда меңгерген дағдыларын жеке кәсіптерін дамытуда қолданып, табысты жұмыс жасауда. Сонымен қатар, қоғамда жоғары сұранысқа ие СММ мамандығын үйреніп, қазіргі таңда Тик-ток, YouTube арналарында өз қаналын ашып, қосымша табыс тауып отыр. Сондай-ақ, 50 респондент заңгерлік кеңесті тегін алды. Кәсіби психологтардың қатысуымен жоба бенефициарларына психологиялық қолдау көрсету мақсатында 2 оқыту семинары өткізілді. Тренерлікке NARXOZ университетінің профессоры, әлеуметтанушы, халықаралық тренер, PHD докторы — Әбенова Күлзада Абдрахманқызы, профессор, практик- психолог, ҚР Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, PhD доктор — Елшібаева Күлмаш Ғалымжанқызы шақырылды. Семинар-тренингке 50-ден астам адам қатысып, жан-жақты қажетті ақпараттар алды. Сондай-ақ оқу курстары арқылы мамандықты игеріп, жақсы жетістікке жеткен қатысушылар арасында 5 әйелдің жетістік тарихы жасалып, арнайы бейнеролик әзірленді. Күні кеше бейнеролик презентациясы өткізіліп, жоба қатысушылары бүгінге дейін үйренген білім-білігі жөнінде өз пікірлерімен бөлісіп, жобаның мән-маңызы мен пайдасына тоқталып өтті. Шара қорытындысымен қатысушылар белсенділігі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Сәрсенкүл АЙТЖАНОВА, көп балалы ана:
Сәрсенкүл Айтжанова көп балалы ана, 9 баласы бар. Бүгінге дейін отбасылық жағдайына байланысты тұрақты жұмыс жасамаған. Қолы бос кезінде түрлі тәтті тоқаштар пісіріп, сатумен айналысқан. Жақында «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Қызылорда өңіріндегі мүмкіндігі шектеулі жұмыссыз қыз-келіншектерді қоғамға даярлау (психологиялық қолдау, кәсіптік бағдар-беру, кәсіпке бейімдеу)» жобасы аясында мобилография курсына қатысып, кәсіби біліктілігін арттырды. Курс барысында жарнамалық видео әзірлеу, монтаждау, дизайн, сапалы видео түсіру дағдыларын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге ие болды.
Курс қатысушыларына арналған телеграм каналында жабық чат ашылып, қазіргі таңда қажетті ақпараттар мен өз жұмыстарымен бөлісіп отырады.
«Аталған курсты оқи отырып, өзімді жаңа қырымнан ашып, заманауи қабілетімді шыңдай түстім. Қазіргі таңда «Instagram» әлеуметтік желісінде өзім қолдан жасайтын тәтті торт өнімдерін жарнамалап, кәсібімді дөңгелетудемін. Оқырман саны артып, тапсырыс көлемі артуда. Ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіре отырып, біз секілді көп балалы аналарға мұндай жобалардың мол мүмкіндік екенін айтқым келеді».
Айгүл ИБРАГИМОВА, II топ мүгедегі:
Білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Айгүл Ибрагимова қазіргі таңда түрлі қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Бос уақытында сәндік қолданбалы өнермен, әшекей бұйымдарын жасау және құрғақ жүннен панно әдісімен қазақы кеудешелер жасайды. Ол жоба аясында «Қолөнер» курсына қатысып, заманауи технологиямен панно жасау, ұлттық стильде композициялық туынды мен арнайы ине мен жүнмен картиналар орындауды үйренді. Алдағы уақытта жеке кәсіппен айналысып, үйренген дағдысын әрі қарай дамытпақ. Сонымен қатар, мүгедектігі бар тұлғалардың түрлі көрмелері мен жәрмеңкелеріне белсенді қатысып, Қызылорда облысы әкімінің және қоғамдық даму басқармасының арнайы алғыс хатымен марапатталған.
«Мен осы жоба аясында көп пайдалы дүниені үйрендім. Әсіресе, құрғақ жүннен түрлі бұйымдарды жасау технологиясы алдағы уақытта өз кәсібіме үлкен көмегін тигізеді деп білемін. Ерекше жандардың қолөнер көрмелері мен жәрмекесіне жиі қатысамын. Алдағы уақытта өз бұйымдарымның ассортиментін көбейтемін деп ойлаймын».
Тамара АКМАГАМБЕТОВА, жеке кәсіпкер:
Шиелі ауданының тумасы Тамара Асқарқызы өзінің ерекше болмысына қарамастан, «Мамық» жеке брендін қалыптастырып, тоқыма, тігін, құрақ секілді ұлттық нақыштағы бұйымдарын ел игілігіне ұсынып жүрген зейнеткер. Ол жоба аясында «Қолөнер» курсына қатысып, заманауи технологиямен панно жасау, ұлттық стильде композициялық туынды мен арнайы ине мен жүнмен картиналар орындауды үйренді. Сонымен қатар, ерекше жандардың қолөнер көрмесі мен жәрмеңкелеріне белсене қатысқаны үшін Қызылорда облысы әкімінің және қоғамдық даму басқармасының алғыс хатымен марапатталған.
«Мен ерекше нақышта қазақы бұйымдарды әзірлеп, қолөнер туындыларын жасап жүргеніме 10 жылдан асты. Қарамағымда бірнеше қыз-келіншекті жұмыспен қамтып, өз білгенімді басқа да жандарға үйретіп жүрмін. Әрине, олар өз кезегінде айлық алып, өз нәпақаларын тауып отыр. Десе де, «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» демекші, заманауи технологиямен панно жасау әдісін бүгінге дейін білмеген едім. Әсіресе, құрғақ жүннен панно жасау әдісін үйрену арқылы алдағы уақытта қазақы нақыштағы киіз жасау технологиясын қайта жаңғыртып, кәсібіме қосқым келеді. Жоба ұйымдастырушыларына шексіз алғысымды білдіремін».
Күләш МӘЛІКҚЫЗЫ, мүмкіндігі шектеулі жан:
Күләш Мәлікқызы мүмкіндігі шектеулі жан. Мүмкіндігі шектеулі болса да, мүмкіндігі шектеусіз әлемнің барлық игілігін білсем, көрсем, үйренсем дейтін әмбебап тұлға. Ол жоба аясында «Қолөнер» курсына қатысып, заманауи технологиямен панно жасау, ұлттық стильде композициялық туынды мен арнайы ине мен жүнмен картиналар орындауды үйренді. Қолөнерге ебі бар, түрлі қазақы бұйымдар жасауды жаны суйетін Күләш Нәлікқызы өз-өзін дамытудан еш жалыққан емес. Оның қолынан шыққан түрлі тоқыма бұйымдары жоғары сұранысқа ие. Алдағы уақытта заманауи технологиямен үйренген киіз басу әдісін жеке кәсіпке айналдырмақ.
«Жоба ұйымдастырушыларына шексіз алғысымды білдіремін. Біз секілді жандарға ақылы білім-білігімізді арттыру кейде қиынға соғады. «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Қолөнер» курсы аясында түрлі жаңа технологияларды, заманауи әдіспен киіз басу, панно әдісін қолдануды үйрендім. Қазір қолөнер бұйымдарыма басқа да жаңа бұйымдар қосудамын. Алдағы уақытта жеке кәсібімді дамытқым келеді».
Назерке РАХМЕТОВА, кәсіпкер:
Назерке Қадиярқызы өте ісмер, жастайынан тігіншілікке жақын, «он қолынан өнер тамған» жан. Бала кезінен түрлі бұйымдарды пішіп-тігіп, қажетті киімдерді тігін машинасымен қайта өңдеумен айналысады. Бірақ өзінің қабілетін ары қарай дамытып, кәсіби деңгейде меңгеру үшін қолының қысқалығы мен ақылы курстарға мүмкіндігінің болмауы кедергі болған. Қазіргі таңда «Қолөнер» курсына қатысып, түрлі қазақы киім түрлерін жаңаша, заманауи үлгіде пішуді, тігуді үйреніп, қазіргі таңда зор табыстарға жетіп отыр. Жоба аясында өткен «Қолөнер» курсына қатысқаннан кейін, Жеке кәсіпкерлік ашып, қазіргі таңда шағын ателье жұмысын дөңгелетіп отыр. Сонымен қатар, Назеркенің қолынан шыққан киім үлгілері жоғары сұранысқа ие болып, саудасы табысқа жетелеп отыр.
«Мен осы жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Себебі, адам бойында бар қабілетті ашу үшін оның кәсіби түрде білім жетілдіргені өте маңызды екен. Мен күнделікті тұрмыста киімдерімді өзім тігіп алсам да, оны нарыққа лайық, сапалы етіп тігуді осы жобадан үйрендім. Ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығымды білдіремін».