Қызылорда қаласының тұрғыны Д. есімді келіншек өзінің сіңілісі Н.-ға жылжымайтын мүлікті сатуға сенімхат беріп, жер учаскесін сатып беруді сұраған. Бұл ұсынысқа келіскен сіңілісі апасының жер учаскесін өзінің танысы Н. есімді азаматқа 3 миллион теңгеге сатқан. Тиісінше, сатып алу-сату шарты жасалған.
Дегенмен, аталған жер учаскесі даулы болып шыққан. Сондықтан, Қызылорда қалалық сотының шешімімен тараптардың арасында жасалған сатып алу шарты жарамсыз деп танылған. Сот шешімі бүгінгі күні заңды күшіне енген.
Жер учаскесін сатып алу үшін өзінің қаражатын жұмсаған азамат қалалық сотқа жүгініп, ақшасын жауапкерлерден өндіріп беруді сұраған. Өзінің талап қоюында ол жер учаскесін сатып алған уақытта даулы жер екенін білмегенін, қазіргі күні осы оқиғаның салдарынан материалдық зиян шегіп отырғанын, жауапкерлермен өзара бітімгершілікке келіп, бөліп төлеуге келіскенімен, олардың қазіргі күні жалтарып отырғанын көрсеткен.
Қызылорда қалалық соты сату-сатып алу мәмілесінің жарамсыздығы салдарынан талап қоюшыға келген залалды өндіру туралы талабы заңды әрі негізді деп санап, жауапкерлерден жер учаскесі үшін төленген ақша ортақтасқан түрде өндірілуге жатады деген тұжырымға келген.
Осылайша, жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына 3 000 000 теңге өндіру туралы сот шешімі шығарылған.
Алайда, жауапкерлер соттың бұл шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген.
Істің мән-жайын зерттеген Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз, бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.