Қармақшы аудандық сотына талап қоюшы Қуаңдария ауылдық округінің әкімдігі жауапкер ауыл тұрғыны С.-ны өз бетінше иемденіп алған жер учаскесін қайтаруды және өз бетінше иемденіп алған жер учаскесіне салған құрылыстарды өз есебінен бұздыруды міндеттеу туралы талап қоюмен жүгінген.
Талаптың мәні бойынша жауапкер С. есімді әйел мемлекет меншігіндегі жерді өз бетінше иеленіп, жер учаскесіне ауыз су желісін тартып, көлік жолын жүргізіп, заңсыз пайдаланып отырған.
Татуластырушы-судья тараптармен әңгімелесу барысында заңнамадағы татуластыру рәсімдерінің тиімділігі мен салдарын түсіндірді.
Сотта тараптар татуластыру рәсімдерін жүргізу нәтижелері негізінде дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізілгенін көрсетіп, жауапкер С. талап қоюшы Қуаңдария ауылдық округі әкімдігінің талап қоюын мойындап, өздігінен қоршап алған жер учаскесін 2024 жылдың 15 маусымына дейін өз еркімен босатып беруге міндеттеліп, тараптар өзара бітімгершілікке келді.
Келісімге сәйкес жауапкер міндеттемені тиісті түрде орындамаған жағдайда, талап қоюшы сотқа мәжбүрлі түрде орындау мақсатында атқару парағын алу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы екендігі түсіндіріліп, іс жүргізу тоқтатылды.
Қармақшы аудандық соты