Жамбыл облысында білім бөлімінің басшылары 12 жастағы оқушының жүктілігін бір жыл бойы жасырып келген.
Жүкті болып қалған қыздың анасы мектеп әкімшілігі Жаңатас қаласындағы жаға ұстатар жағдайды жылы жабу үшін ескертусіз қызына түсік жасатқанын айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазір жетінші сыныптағы жеткіншекке азғындық жасады деген күдікпен аудандық мәслихат депутатының күйеуі қамауға алынды. Сондай-ақ, полиция қылмысты дер кезінде хабарламаған білім саласының қызметкерлеріне қатысты іс қозғалғанын жеткізді.
12 жастағы қызды ұзақ уақыт бойы 55 жастағы күдікті қорлап келген. Телефон сыйлап, тілін тауып, оқушыға ойына келгенін істеген. 12 жастағы қыздың ақыры аяғы ауыр болып, анасына бар шындықты айтуға бел буған.
«Қызым «Мама, керек жоқ. Оның байланысы мықты. Әйелі – депутат. Балабақшада меңгеруші болып жұмыс істейді» деп жылады. Маған қызым жүкті екенін тек жаңа жылдың қарсаңында айтты. Жүктілік мерзімі шамамен алты айлық», – деді 12 жастағы қыздың анасы Мариям Смадиярова.
Жалғызбасты әйел қызының жүктілігін мектеп басшылары да жасыруға тырысқанын айтады. Бұл оқиға жатып оқитын мектеп-интернатының қабырғасында бір жыл бұрын болған екен. Жүктіліктің алты айлығында оқушыны білім ошағының қызметкерлері Жаңатастан, Қаратау қаласына алып кеткен.
«Маған түсік жасататындарын айтқан жоқ. Олар түсіктен бұрын толғақ шақыратын дәрі берген. Мен білмедім. Тек түнде қызым түсік жасатқызғаны туралы хат жазып жіберіпті. Омырауын сүт тарауы үшін шарфпен буып, үйге әкеліп тастады. Түсік жасалғаны ешқандай құзырлы органдарда тіркелмеген. Түсік жасатудың жолын тапқандар жеке гинеколог жалдаған дейді» – деді Мариям Смадиярова.
Болған оқиғаны растаған білім бөлімінің басшысы күдіктінің балабақшада күзетші болып істегенін айтты.
«Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу жұмысы аяқталмай, ешнәрсе айта алмаймын. Оқиға болғаны рас», – деді Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов.
12 жастағы қызды қорлап келген күдікті «Айгөлек» балабақшасында күзетші болып жұмыс істеген. Бұл – мемлекеттік балабақша. Қазір полиция департаменті бұл айтылғандарды тергеумен дәлелденгенін жеткізді. Жетінші сыныптағы жеткіншекке азғындық жасаған күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ, осы іске қатысы бар білім бөлімінің қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
«Тергеу барысында жыныстық қатынас салдарынан 2022 жылы жүкті болғанын анықтаған. Жүктілік дерегі мектеп басшылығымен жасырылған. Тиісті органдарға хабарласусыз түсік жасалған. Айыпталушының кінәсі дәлелденіп, қамаққа алынды. Іс сотқа жіберілді. Мектеп басшылығына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни «қылмыс туралы хабарламау» туралы іс тіркелді», – деді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.