Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы» атты Жолдауында 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

Осыған орай еліміздің барлық өңірінде жұмысшы мамандықтарды насихаттау, еңбек адамын қолдау және жұмысшы кәсібінің мәртебесін арттыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынды.

Сыр өңірінде де «Жұмысшы мамандықтар жылын» мазмұнды әрі жүйелі өткізу мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, түрлі жобалар жүзеге асырылуда.

Қызылордада «Жұмысшы жас мамандар республикалық слеті» өтті. Ауқымды жиынға еліміздің бірнеше өңірінен, сондай-ақ барлық аудандар мен қалалардан 100-ден астам жұмысшы жас маман арнайы қатысты.

Пленарлық отырыста облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, өңірде «Жұмысшы мамандықтар жылында» атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген қағида бар. Мемлекет басшысының бұл бастамасын әсіресе, жастар қауымы ерекше ықыласпен қарсы алды. Республика көлемінде түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылып, жастарды қолдау­ға бағытталған игі бастамалар қолға алынуда. Қазіргі таңда, өңірімізде 28 колледж бар. Оның 19-да 45 мамандық, 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярланып, жалпы 20341 студенттің 4890-ы жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда. Осы жылы 2 колледж базасында тігін цехы ашылды.

Аймақта облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен «Жұмыс­шы мамандықтар жылын» лайықты және жүйелі жұмыстармен жүзеге асыру мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, аймақтағы кәсіптік білім беру саласын трансформациялаудың жол картасы қабылданды.

ЖҰМЫСШЫ ЖАС МАМАНДАР АССОЦИЯСЫН ҚҰРСАҚ ДЕЙМІЗ…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмысшы мамандықтарға ерекше көңіл бөлуде, соның айғағы ретінде биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, түрлі бағыттағы шараларды ғана емес, сонымен қатар мамандықтың мәртебесін арттырып, жұмысшы жастарды дайындайтын оқу орындарының әлеуетін күшейту, жан жақты қолдау,еңбек адамын насихаттау бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде  мемлекетіміз экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Соның ішінде Қызылорда өңірінде бірнеше жылдан бері цемент өндірісі қолға алынып, өңірдің экспорттық әлеуеті артып, экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Цемент – ел экономикасының іргетасы саналатын құрылыс индустриясының басты материалы. Инфрақұрылым, тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол бәрінің сапасы осы өнімге тікелей байланысты. Сондықтан цемент өндірісі – өңірдің құрылыс индустриясы дамуының тірегі. Біз,жастар – заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандармыз. Бүгінгі күні цехтарымызда цифрлық жүйелер енгізілген, процестер автоматтандырылған. Бұл – еңбектің өнімділігін арттырып, адам капиталын дамытуға мүмкіндік беруде. Өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жас ретінде біз өз болашағымызды осы елмен, туған өлкемізбен байланыстырамыз.  «Еңбек – елдің тірегі» дейді.Біз жаңаша ойлайтын, жақсы өзгерістерге ұмтылатын жас мамандар ретінде өңір дамуына үлес қосуға әрдайым дайынбыз. Бүгінде Гежуба цемент компаниясында 500-ден аса адам жұмыс жасайды, оның 300-ден астамы жұмысшы мамандар, соның басым көпшілігі жастар. Әріптестермен болған өзара пікір алмасу барысында «Қызылорда облысының жұмысшы жас мамандарының ассоциациясын» құру идеясына келгенімізді атап өткім келеді. Біздің басты мақсатымыз – жұмысшы жас мамандарды біріктіре отырып, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау, жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасында алтын көпір болып,еңбек адамының беделін арттыру. Барлық жастарды «Адал еңбек-адал табыс» қағидатын әрдайым жоғары ұстап, еліміздің өркендеуіне жастық күш-жігерімізді аямай жұмсауға шақырамын.  
А.АЛДАЖҰМАНОВ
“Гежуба Шиелі” цемент компаниясы ЖШС-і өндіріс басқару бөлімінің мехоникалық жөндеу цехы бастығының орынбасары

Жалпы, статистикалық мәлі­мет­терге сәйкес өңірдегі еңбек нарығында 334,8 мың адам жұмыс­пен қам­тыл­ған. О­ның 52,2%-ы – жұмысшы маман­дықтары. Олар негізі­нен экономи­каның көлік, ауыл шаруа­­шылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, сауда, құрылыс пен  өнеркәсіп сала­ларында басым.

Атаулы жыл аясында жұмысшы мамандықтар бойынша білім алатын жастар қатарын көбейту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда өңірімізде 17-і мемлекеттік, 11 жекеменшік барлығы 28 колледж бар. Оның ішінде 19 колледжде 45 мамандық 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлары даярлануда.

Жалпы – 20 341 студенттің (10729 – мемлекеттік, 9612 – жекеменшік, күндізгі бөлімде – 19 390 студент) 4890-і жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда. Ағымдағы жылы Арал индустриальды-техникалық және Қызылорда құрылыс және бизнес колледждерінде «Тігін цехы» ашылып жұмыс жасауда.

Халықаралық байланысты дамы­ту бағытында колледждеріміз Түркия, Қырғызстан, Германия, Ресей, Латвия, Өзбекстан, Польша мемлекеттерімен 7халықаралық, 98 республикалық және 56 аймақтық оқу орындарымен барлығы 161 ынтымақтастық меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы 11 мемлекеттік колледждің мате­риалдық-техникалық базаларын жаб­­дықтауға 2,02 млрд. тенге 4 кол­леджг­е күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге 1,9 млрд. тенге 1 колледжге қосымша асхана, акт зал, спорт зал құрылыстарын жүргізуге 732,3 млн. тенге қаржы бөлу жоспарлануда.

«Мансап компасы» платформасы арқылы 3000 оқушыға кәсіби бағдар беріліп, 20 мың оқушыға кәсіпорын базаларына экскурсиялар ұйымдастырылып, 40 мектеп базасында бейінді сыныптар ашылды.

1500 оқушының қатысуымен «Jas Skills», «Junior Skills» шеберлік конкурстары өткізілді. Колледждер базасында 3000 кәсіпорындар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмең­кесімен ашық есік күндері ұйымдастырылды.«Бизнес стартап» орталығы арқылы 150 студенттің кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру шаралары жүзеге асырылды.

1 маусым Халықаралық бала­ларды қорғау күніне орай «Саутс-ойл» компаниясының демеушілігімен құны 4,8 млрд теңгені құрайтын 250 орындық жатақханасы бар 400 орындық Музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Бүгінгі күні мемлекеттік 15 колледж ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелермен шефтік қамқорлыққа байланысты екі жақты келісім-шарттарға қол қойып, тиісті жұмыстарды жүзеге асыруда.

«Мамандығым – Болашағым»  жобасы аясында мамандықтар «Атла­сы» әзірленуде.

Мамандықтар атласында их­тиолог, омарташы, аңшылық және аң өсіру шаруашылығы, құс шаруашылығы, жылы жай шаруа­шылығын ұйым­дастырушы, тоқыма өндірісі, өсімдік шаруа­шы­лығы өнім­дерін өндіру және қайта өңдеу технологиясы, саябақ шаруашылығы, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, ет және етөнімдерін өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу, қат­ты тұрмыстық қалдықтарды сұрып­таушы оператор, IT-робот­­­техника, IT-мехатроника маман­дықтары қамтылады.

Жас мамандарды кәсіптік бағдарлау және жұмысшы маман­дықтарға қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі көрмелер, семинарлар мен форумдар ұйымдастырылып, осы салалардың маңыздылығы насихатталуда.

Еңбек нарығы зәру болып отырған мамандықтар бойынша 525 жұмыссыз қысқа мерзімді курстардан өтуде. «Скиллс Еңбек» электронды білім порталы арқылы тегін біліктілігін арттыру сабағынан былтыр облыста 3 мың жұмыссыз өтсе, биыл 20 мыңнан аса адамды қамту межеленген.

Қызылорда облысында жұмыс­шы мамандықтарын игерген жастарға «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Даму» мемлекеттік бағдарламалары аясында түрлі гранттар ұсынылып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтілді.

Жұмысшы жастарды қолдау мақсатында «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие­мен жаңа пәтер алу мүмкіндіктері жасалды.

БҰЛ БУЫН ӨЗГЕЛЕРДЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы он жылдан астам уақыт бойы Қазақстан жастарының әлеуметтік көңіл-күйі мен әлеуметтанулық-мәдени үдерістерін жүйелі әрі терең зерттеумен айналысып келеді. Біздің аналитикалық жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – жастардың жұмыспен қамтылуын және кәсіби өзін-өзі жүзеге асыруын зерттеу. Жыл сайынғы «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеуінде бұл мәселелер дәстүрлі түрде маңыздылығы бойынша алдыңғы орындардың бірін алады. Жастардың жұмысқа орналасуы мәселесі  жастардың өздері мемлекеттен шешім табуды талап ететін негізгі үш мәселенің қатарында тұрақты орын алады. Бүгінгі таңда жастардың жұмыспен қамтылуы тек әлеуметтік мәселе емес, елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін мемлекеттік стратегиялық басымдық болып табылады. Биылғы жылы біз жастарды жұмыспен қамту саласында кәсіби түсінуді қажет ететін бірнеше тұрақты үрдістерді тіркедік.  Жастар жұмысқа орналасудың түрлі форматтарын қолдануда. 42% тұрақты жұмыс істегісі келеді, бірақ көбі икемді жұмыс, қашықтан жұмыс немесе фриланс сияқты еркін жұмыс түрлерін таңдайды. Бұл олардың жұмыс пен жеке өмір арасында тепе-теңдік іздейтінін көрсетеді. Жұмысшы мамандықтар жылында біз осы салаға ерекше назар аудардық. Респонденттердің жартысына жуығы жұмысшы мамандықтар өз сұранысын сақтайды деп есептейді, ал бестен бір бөлігі олардың маңыздылығы артады деп күтуде. Яғни автоматтандыру трендтеріне қарамастан, қолданбалы еңбек маңыздылығы мойындалуда. Алайда сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірі технологиялық өзгерістерге байланысты жұмысшы мамандықтарға сұраныстың төмендеуі мүмкін екенін атап өтті. Мұндай қарама-қайшы көзқарастар кәсіптік-техникалық даярлауды стратегиялық тұрғыдан қайта пайымдаудың, оны жаңғыртудың және мәртебесін көтерудің қажеттілігін көрсетеді. Жастар еңбек нарығындағы жағдайды жақсы түсінеді, мүмкіндіктер мен шектеулерді дұрыс бағалайды, сонымен қатар дамуға, икемділікке және өзін-өзі көрсетуге ұмтылады. Қазіргі жастар үшін тек табыс қана емес, мағына, тұрақтылық қана емес, жеке даму да маңызды. Бұл буын өзгерістерден қорықпайды, бірақ оларға институционалдық қолдау қажет: айқын мансаптық өсу жолдары, ресурстарға тең қолжетімділік, экономикаға тартудың икемді тетіктері. Жастарды жұмыспен қамту – бұл тек жұмыс орны мәселесі емес. Бұл – елдің болашағы, оның зияткерлік және әлеуметтік капиталының мәселесі. Жастарды еңбек жолында қолдау эпизодтық емес, жүйелі, реактивті емес, озық болуы тиіс. Осылайша біз заман талаптарына жауап беріп қана қоймай, жастар саясаттың нысаны емес, оның белсенді қатысушысы болатын қоғам моделін қалыптастыра аламыз.
Т. ҚАЙДАРОВА
“Жастар” ғылыми-зерттеу орталығының жастар ресурстық орталығын әдістемелік сүйемелдеу басқармасының басшысы, философ

Облыс әкімінің орынбасары Ш.Баймановтың сөзінен аймақта жұмысшы мамандарын, жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелігі белгілі болды.

Сондай-ақ слет жұмысы барысында жастар «Қызылорда облысының жұмысшы жас маман­дарының ассоциациясын» құру бастамасын көтерді. Бұл бастама өзге өңірлерден келген қатысушыларды да қанаттандырып, зор қолдауға ие болды.

Жиын соңында еліміздің және аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан жастар аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Слетке қатысушылар өңірдегі өндіріс орындарын аралап, оқу орындарының заманауи  материалдық-техникалық базасы­мен танысты.

Жастар «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытына, Бесарық ауылындағы өндірістік нысандарға, «Qaysar Arena» стадионы мен Оқушылар сарайына, сондай-ақ Теннис орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, музыкалық колледж, «Анаға тағзым», «Өнер» және «Отбасы орталықтарына” барды.

С. Ықсанов атындағы құрылыс және бизнес, И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық колледж­дерінің оқу-өндірістік мүмкіндіктері мен жабдықталу деңгейін көріп, ондағы білім беру үрдісімен танысты.

Слет қатысушылары Байқоңыр қаласына арнайы сапармен барып, әлемге әйгілі ғарыш айлағы мен тарихи музейлерді аралады. Бұл іссапар жастарға Сыр бойындағы ғылыми-техникалық жетістіктерді өз көзімен көруге, сондай-ақ, Байқоңырдың ел дамуындағы тарихи маңызы жайлы мол мағлұмат алуға мүмкіндік берді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған