Бүгінде Қызылордаға сапарлатып келіп, салынған, салынып жатқан ғимараттарды санамалап, ел игілігіне пайдалануға берілген нысандардың жұмысына оң баға беріп кетіп жатқан үлкенді-кішілі лауазым иелері де, депутаттар да, үлгілі істерді үйренгісі келіп алыстағы Абайдан, жақындағы Жамбылдан келіп жатқан делегациялар да Қызылордадағы оң істерге “керемет” деп таңқалып жатады. Әралуан тақырыптағы республикалық форумдарға қатысуға басқа өңірлерден келгендер де Қызылорданы аралап көргеннен кейінгі жақсы әсерлерін жарияға жариялап жүр.

Сол сияқты әріптесіміз Гулжаханның «кеше Алматыдан келген қонақтарға қаланы көрсетпекші болып, сол жағалауға барып едік, таңғалдым. Бірі- бірінен өтетін керемет ғимараттар бой көтеріпті» дегені “Қызылорда кереметтері» туралы ой салды.

Оның үстіне алдында көпшілік бас қосқан жерде « Президент паркі» әңгіме болды.Саясатқа қатысы, билікте шаруасы жоқ қарапайым адамдар» Парк керемет болып жатыр, көпір үстінен өтіп бара жатқанда «Колесо « көз тартады, Нәлібаев осындай идеяларды қайдан ойлап табады?» деп таңырқап жатты.

Нәлібаевтың мұндай идеяларды қайдан ойлап табатыны бізге де беймәлім.»Былай болу керек» деп болжам жасап, сәуегейлік ету ниетіміз де жоқ. Білетініміз «бәрі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен». Нәлібаев өзі ойлап шығарып жатқан жоқ.

Былтырғы жылдың наурыз айының бас жағында « ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ» ашылды.Орталықтың іргетасы 2022- ші жылы қыркүйек айында қаланды.Құны 3,7 млрд.теңге тұрады.1000 адам сияды.

Сол жылы шілде айында ҚАН ОРТАЛЫҒЫ ашылды.Құны 2,7 млрд.теңге.Жылына 10 мыңнан аса адам қан тапсыра алады.

Биылғы жылдың маусым айының бас жағында ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ- ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫ арнайы стандартпен салынған жаңа ғимаратқа көшті.Жергілікті әкімдік « Samruk- Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірлесіп қаржыландырған. Мұражай директорының айтуынша «ең кереметі бұнда палеонтология залы бар».

Бұдан екі жыл бұрын , нақтылағанда 2023- ші жылдың қазан айында Н.Нәлібаев «Саутс-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжановпен Қызылорда қаласының сол жағалауынан 650 орындық МУЗЫКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ғимаратын салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.Нәтижесінде биылғы маусым айынан бастап, Қызылорданың музыка әлеміне құлаш ұрған жастары жаңа колледжде білім ала бастады.

Биылғы жылдың қазан айында 11 мың көрерменге арналған СТАДИОН ашылды. Ел де аң- таң, өзіміз де аң- таң.Бұндай стадион түске кірмеген.

Биылғы жылғы тағы бір жақсы жаңалық : мамыр айында «СЫР ЖҰЛДЫЗДАРЫ» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды. Балалардың өнерін, қабілетін дамытуға арналған қаржы «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпейді.

Қайта жаңғыртудан өтіп жатқан «ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ПАРКІ» негізі 2007- ші жылы ашылған.Ашылған деген аты болмаса үнемі құлып тұратын. Әлі ашылмаса да, жасалып жатқан жұмыстарға қарағанда әлден ел таңырқап жүргендей керемет көрікті орынға айналары сөзсіз.

Бұлардан бөлек ел игілігіне жарап жатқан «АНАҒА ТАҒЗЫМ», «ОТБАСЫ ОРТАЛЫҒЫ», «ТЕННИС ОРТАЛЫҒЫ,» КІРПІШ ЗАУЫТЫ, “ҚЫЗЫЛОРДА НАН КОМБИНАТЫ», “ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБІ”, салынып жатқан «ДОСТЫҚ ҮЙІ», «ҚЫЗЫЛОРДА АРЕНАСЫ», ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ тағысын тағылары тағы бар…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған