Қызылордада қала күніне орай дәстүрлі түрде өтетін «Үздік аула» байқауы өткізілді. Шаһарды жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға өз үлестерін аянбай қосып келе жатқан қала тұрғындарын ынталандыруды мақсат еткен бұл байқау 2018 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.
Аталған байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, қала әкімінің аппарат басшысы Жасұлан Абатов және «AMANAT» партиясының Қызылорда қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева арнайы қатысып, аула бағбандарына қала әкімінің дипломын және қаржылай сыйақыларын табыстады. «Байқау қала тұрғындарын тазалыққа шақыратын, туған өлкені жасыл-желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына өз үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше жоба. Қызылорда шаһарының көркеюі мен таза болуы сіздердей жандардың тынымсыз еңбектерінің арқасы. Қызылорда қаласын жасыл-желекке айналдыру бағытында туған қалаға қызмет ететін өздеріңіздей жанашыр және белсенді азаматтар қатары арта берсін», – дейді Ибадулла Дүйсенбайұлы.
Биыл алтыншы мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға 16 аула өтінім білдірді. Байқау үздіктерінің ішінен көгалдандыру ісін көпқабатты тұрғын үйдің барлық тұрғындары болып қолға алған, сәндік безендіру мен аула қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөлген «Астана-1» мөлтек ауданы №1 үйдің ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды.
Ал ІІ орынды тұрғын үй ауласынан көршілердің демалыс орнын ұйымдастырған Жаппасбай батыр көшесі 8 үй, ІІІ орынды жаңа мөлтек аудандағы 3 жылдық еңбегі нәтижесін берген «Сол жағалау» тұғын ауданы №22 тұрғын үй иемденсе, «Бірлігі жарасқан аула» номинациясын көршілердің ауызбіршілігі үзілмеген Әбдірахманов көшесі №19 үй, «Жасыл-желекті аула» номинациясын 10 жыл көлемінде әртүрлі жеміс ағаштарын егіп, көше бетті көгалдандырумен айналысып келе жатқан Тоқтыбаев көшесіндегі №10 жеке тұрғын үй, «Еңбекке баулыған үлгілі аула» номинациясын балаларды жастайынан еңбекке баулуды мақсат етіп, ауласын көгалдандыру ісіне араластырған Жаппасбай батыр көшесіндегі №5 үй тұрғынына бұйырды.
Шара барысында Қызылорда қаласының тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, қала әкімінің «Алғысы» мен қаржылай сыйақылары табысталды.
Айта кету керек, жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2023» тақтайшасы ілінді. Көпқабатты тұрғын үй ауласын өз еңбектерімен жасыл-желекке айналдырып, сүйікті қаламыздың көгалдануына белсенді үлесін қосып жүрген барлық қатысушыға алғысымызды білдіреміз!