Қыпшақ руының тарихы ғасырлардың терең тұңғиығына кетеді.А.Бернштамның пікірінше қыпшақтақтардың тарихы біздің заманымызға дейінге дәуірден басталады және қытай жылнамаларында «цюше» атауымен белгілі.С.Кляшторный қыпшақтардың ежелгі тарихында  «сирлар» (сеяното) атымен белгілі болғанын жазады.

«Қыпшақ» атауына келсек бұл атау VIII ғасырда пайда болған, ал ХI ғасырда қыпшақтар кәрі құрлықтың ұлан-ғасыр бағындырған жерлері ислам әлемінің географиясына енгізілген. Алтай мен Еділ (Итил) аралығы мұсылман ғалымдарымен Маффазат ал-Гузз (гуздар даласы) аталған. Кейін парсы ақыны, саяхатшысы Насири Хосровпен алғаш рет «Дешті Қыпшақ» атала бастаған. Бұл бүгінгі қазақ елі мен Ресейдің оңтүстік даласында қыпшақ билігінің орнатылғандығының айғағы болып есептеледі. Кейін өз билігін Дунайға жеткізген қыпшақтар Еуропада «куман», Мажарстанда «кун», Киев Русында «половцы» атана бастайды. Қазақтың басқа руларымен салыстырғанда қыпшақтардың қалыптасуы өте күрделі кезеңді қамтиды. ХI-ХIII ғасырларда қыпшақтар рулық қалыптасудан құрамына әртүрлі этникалық топтарды енгізіп, тұтас халыққа айналған. Оның көпшілігі бүгінгі башқұрт, өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, т.б. халықтар құрамына кірген руларды құрайды.

ХIII ғасырда моңғол мен шығыс түрік халықтарының қанды шабуылы қыпшақ билігін уақытша тоқтатқанмен ХIХ ғасырға дейін Ұлы дала Дешті-Қыпшақ атала берді. Моңғолдар қыпшақ хандары мен олардың жақындарын қуғынға ұшыратып, өлтіріп, тірі қалғандарын моңғол даласы мен Қытайға жөнелтіп отырған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Қазақ шежіресі) қыпшақ хандары династиясының Ұлы даланың жалғыз билеуші тобы ежелгі түрік патшалары Ашинадан тарайтынын көрсетеді.

Моңғолдарға қарсы шықпай, олармен одақтас болған қыпшақ  билеушілерінің қатарында дурут қыпшақтардың ханы Қотанмен жауласып өткен тоқсоба қыпшақтар­дың билеушісі Ақ Көбек пен Қидан бидің аттары аталады.Бұл туралы Сібір татарлары, Алтай, Хақас халық­тары арасындағы дастан ХIХ ғасырға дейін сақталған. М.Ж.Көпейұлы: «Қыпшақтан-Шойым алып, одан Ақкөбек алып, одан Мүйізді алып, одан Сары алып, одан Тоқтар, одан Қобыландыны таратады. А.Көш­кімбаев қара қыпшақтардың шежі­ресінде көрсетілген Ақ көбік алыптың қыпшақ ханы Аққубол (Аққубек), оның Қобыланды батырдың генеалогиялық бабасы екенін көрсетеді.Қазақ қыпшақтары ежелгі қыпшақтардан тараған аздаған бөлігін ғана құрайды.

Арғын, уақ руларының шежіреле­рінде қыпшақтардың арғы аталарын олардың жаулары ретінде, Қобылан­ды­ның Ақжол биді және уақтардың арғы бабасы Ер Көкшені өлтіргендігі, ал Ер Көкше ұлы Ер Қосанның Қобы­ландыны өлтіргені айтылады. Шәкәрім Ақжол бидің Қобыланды қолынан қаза табуы Керей мен Жәні­бектің Әбілқайыр хан қосынынан  көшіп кетіп, Қазақ хандығын құруға себепкер болған деп есептейді. Бұл көптеген еңбектерге, Қазақстан тарихына енген. Алайда, тарих дерек­теріне сәйкес Дайыр қожаның ұлы Қара қожа Тоқтамыс ханның серігі болғандығы және онымен бірге 1406 жылы қаза болған.»Едіге» эпосының татар нұсқасында Арғын биі Қара қожа Тоқтамыс ханның ең сенімді тоғыз серігінің бірі ретінде көрсетілген. Бұл жайт «Маджму ат-таварих» шығармасында Қара қожа әкесі Темір қожаның (Ай қожа) Тоқтамыс ханның серігі ретін­де  баяндалған. Сонымен қатар бұл шығармада оның досы ретінде қырғыз батыры Манастың аты аталады. «Манас» эпосы арқылы біз Ер Көкше мен Манас батыр­дың достығы туралы, «Едіге» эпосы­ның қазақ нұқсқасы арқылы біз Қобыландының да Тоқтамыс ханның жақын серігі екенін білеміз.Алайда, «Едіге» эпосының татар нұсқасында Тоқтамысқа жорыққа аттанған Ақсақ Темір әскерінің оң қанатын әскердің қырық батырының бірі, ержүрек жетекші Қаплан бидің басқарғандығы көрсетілген. Ноғай батырлар жырында Қобыланды батырдың аты «Қаплан», «Қапланды» деп көрсетілген. Бұл  батырдың Тоқтамыстың жауы болған Едіге би жағында болғандығын көрсете­ді. Бұдан Қара қожа би мен Қобылан­дының бір мезгілде өмір сүргенін және олардың  бір-біріне қарсы жауынгерлік топтар қатарында болғанын аңғаруға болады. Бұдан туындайтын қорытынды, егер де олардың арасында қанды жанжал орын алса, онда ол оқиға ХV ғасырдың басында болғандығын байқатады. Қазір жазылып жүргендей Керей мен Жәнібектің Моғолстанға қоныс аударуына себепкер болмаған.

Тарихи еңбекте Едігенің ұлы Мансұр бидің сенімді серіктерінің бірі ретінде Айяс қыпшақтың аты аталады.1427 жылы Барақ хан өзінің әмірі Мансұрды өлтіреді. Досының қазасы үшін кек алуды мақсат тұтқан Айяс  Едіге ұрпақтарының Барақ ханға жасаған шабуылы кезінде оны өлтіреді. Мансұрдың інілері Ғази мен Наурыз Айястың еңбегін жоғары бағалап, жылына отыз мың алтын теңге алатын Сарайшықтың даруғасы қылып тағайындаған. Бір деректерде Ойбас Қобыландының көкесі деп көрсетілсе, тағы бір деректерде оның немересі деп көрсетілген. Бізге белгілісі, Ойбас есімі (Айяс) өзінің ел есінде сақталған ерліктерімен атағы жер жарған Қобыландыдан жоғары болып, бүткіл бір іргелі тайпаның ұранына айналған. Біз бұдан қыпшақ­тың жауынгерлік ұраны болған «Ойбас» пен Айяс батырдың бір адам екенін білеміз. 

Қыпшақ руының келесі бір халық есінде сақталған белгілі ерекше бір тұлғасы Қарабалық ұлы Танабұға. Торғай қыпшақтарының әңгімесі негізінде А.И.Добросмыслов: Танабұ­ғаның абыройының атақты әкесінің абыройынан асып түсіп, көпшілікке танымал болғандығын жазды.             

Өкінішке орай қыпшақтардың Қазақ хандығы құрамына кірген уақыты белгісіз. Ә.Марғұлан Орынтай Құрымбайдың деректерін басшылыққа алып  қазақ халқының құрылуы кезінде Жайық пен Еділдің төмеңгі жағалауын мекендеген қыпшақтардың үлкен роль атқарғандығын баяндаған. Ж.Сабитов С.Ремезов пен Ф.Страленбергтің тарихи картасында қыпшақтардың мекенінің Қазақ хандығынан бөлек жатқанын басшылыққа алып: қыпшақтардың бір бөлігі қазақтарға 1630 жылғы қалмақ шапқыншылығынан кейін кірген деп есептейді. Сол уақытта ноғай құрамында болған қыпшақтардың қалған бөлігі қарақалпақ, башқұрт құрамына кіріп, аздаған бөлігі ноғай құрамында қалды деуге негіз бар. Біз бұдан қыпшақтардың ұзақ уақыт өздерін бөлек халық есебінде санап келгенін және өз мемлекетін құруға ұмтылып келгенін байқаймыз.

Есім  хан әскері құрамында қатағандарға шабуыл жасап, жауды жеңуге үлес қосқандығы үшін қатаған ханы Тұрсынның сұлу қызы қыпшақ билеушісінің үлесіне тиіп, одан  торы қыпшақтардың Дәулетбике ата­лығы тараған. Мұса Шорман шежіресіне сәйкес қыпшақтар арғын, найман, қоңыраттармен бірге Ақжол­дың бірінші әйелінен тарайды. М.Ж.Көпейұлы қыпшақтарды Жанарыс­тың үшінші ұлынан тарқа­тады. Үлкендігі жағынан қыпшақтар арғын, найманнан кейінгі үшінші болып аталады. А.Тевкелевтің қып­шақ­тардың билеушісі жоқ екендігі туралы хабарламасын Шыңғыс әулетінен шыққан хан, сұлтан­мен емес, би, батырлармен басқарыл­ғандығымен түсіндіреміз. Өйткені Кіші жүз руларымен көршілес көшіп жүрген қыпшақтар хан, сұлтан ықпалынан қашық жерде орналасқан. Кейін ХVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Ертіс қыпшақтарының билеу­шісі  болып Абылай сұлтанның немере ағасы Сұлтанмамет сұлтан сайланғанмен билік башқұрт, жоңғар­ларға қарсы шайқастардың басты каһармандарының бірі Қошқарбай батырдың қолында болады.

ХХ ғасырдың басындағы халық аузындағы әңгімелерге қарағанда қыпшақтар Ертіс жағасына шамамен 200 жыл бұрын  естектер мен жоңғарлар ығыстырылғаннан кейін барған.Қошқарбай батырдың есімі қазақ жерінен пана сұраған жоңғар хандығына үміткер Даваци мен Әмірсананы қорғаған және қазақ жеріне басып кірген Цин империясы әскерлеріне қарсы соғысқан батырлар қатарында айтылады. 1757 жылы Абылай сұлтанның Цин билеушілеріне Орта жүз туралы хабарлаған деректері ішінде 5 мың түтіннен тұратын қыпшақтардың билеушісі ретінде Қошқарбай батырдың есімі аталады. 1758-59 жылдары Қошқарбай батыр қарамағына ала бастаған Ресей үкіметінің қарсылығына қарамастан бірнеше рет жасағымен Ертістің жоғарғы ағысында орналасқан бұрын жоңғар қарамағында болған Алтай тайпаларын шауып, еліне үлкен олжамен оралады. Кейін Қошқарбай батыр өзіне құрылған торға түсіп, екі ұлымен жау қолынан қаза табады.Есімі үлкен үрей туғызып, есімімен балаларды қорқытып жұбатқан, бір жарым ғасыр бойы Алтай халықтары аузындағы әңгімелерге арқау болған, Қошқарбай батыр қыпшақтар тарихында ең қорқынышты адам ретінде саналды. Нағыз халық қорғанына айналған Қошқарбай батырдың қазасынан кейін оның орнын ұлы Қонай батыр басты.

Батыс қыпшақтары арасында көлденең қыпшақ Рысмамбет батырдың ұлы Төле батырдың шоқтығы биік. Ол 1732 жылы А.Тевкелев пен Әбілқайыр ханға орыс тұтқындарын құтқаруға көмек­теседі.1937 жылы башқұрттарға шабуыл жасаған қыпшақ қолын басқарған. 1742 жылы Әбілмәмбет, Күшік хан, Барақ сұлтан, тағы бірнеше батырлардың қатысуымен Еділ қалмақтарымен жүргізілген келіссөзге қатысқан. 1745 жылы Әбілқайыр ханның Орынбор губернаторы И.Неплюевке жіберген елшілер құрамында болған. ХVIII ғасырдың 30-шы жылдарында Сырым батыр бастаған қыпшақтардың бір бөлігі Абылай сұлтан әскері құрамында уақ, керей, атығай, қарауыл рулары­мен шығысқа жасалған жорыққа қатыс­қан. ХVIII ғасырдың 40-шы жыл­­дарында Тобыл жағасына қоныс аудар­ған қыпшақтарды Бостан батыр (орыс деректерінде Бустан, Бус­танбай) бастап барған.Оның есімі Я.Гавер­довский жазбаларында кездеседі.

1743 жылы Ор қамалында Ресей үкіметіне ант берген қазақ би, батырлары арасынан ұзын қыпшақтан Байымбет батыр, оның ұлдары Тоқбай, Тлеулі батырлардың, көлденең қыпшақтан Ақботауұлы Түрке батырдың, қарабалық қыпшақтан  Есеналы би мен оның ұлы Қылыштың, танабұға қыпшақтан Аққұтықбайұлы Еділбай батырдың есімдері аталады.

1771 жылы қыпшақтар билеушісі Сұлтанмаметтің ордасында болған саяхаттанушы Х.Барданес басқа тайпалармен салыстырғанда қыпшақтың қыздарының асқан сұлулығы туралы жазған. Сұлтанма­мет сұлтан мен Қонай батыр туралы И.Г.Андреев  жазбаларында кездеседі. Олардың арасында орын алған жанжалды Абылай ханның өзі реттегендігі туралы деректер сақталған.

Орынбор губернаторы Волконскийдің 1803 жылғы жазбасында  Есіл, Обаған өзендері арасында көшіп жүрген Төлеген батырдың 1000 отбасынан, Үй, Тобыл, Аят өзендері жағасында көшіп жүрген Мәметек, Ешмұрат, бастаған 4 бөлімнің 3000 отбасынан, олармен бірге көршілес көшіп жүрген  Шолпан, Төлеген бастаған танабұғаның алты бөлімінің 2000 отбасынан, екінші және үшінші топпен бірге көшіп жүрген Тастемір, Қонақбай, Жахангир, Баба сұлтандар бастаған көлденеңдердің 4 бөлімінің 2000 отбасынан, Торғай даласы мен Қарақұмда қыстап, Аманқарағай мен Белібейде жаз жайлауын өткізген Есерғап, Қазыбай билер, Киікбай батыр мен Өсен сұлтан басқарған торайғырдың 4 бөлімінің 3500 отбасынан, Сары бұтақ, Торғай, Қайындытас өзендері бойында қыстап, Торғай даласы мен Обаған өзенінің жоғарғы жағында жаз жайлауын өткізген Мандай батыр мен Дербіс бастаған ұзынның 6 бөлімінен тұратын 2000 отбасынан тұратындығы баяндалған.

Орынбор губернаторының 1843 жылы таратқан ақпаратында қыпшақтардың жоғарыда көрсетілген топтарының жалпы саны 22908 отбасынан тұратындығы белгілі болған. Сібір губернаторына қарасты  шығыс қыпшақтарының жағдайы батыс қыпшақтарына қарағанда біршама төмендеу болған. ХVIII ғасырдың аяғы мен ХIХ ғасырдың басында олар қазақтың басқа руларымен бірге Ертістің сол жағалауынан ығыстырылған.   Оларға шекараға 10 шақырымға жақындамау туралы шектеу қойылған.           Ресей үкіметінің бұл шешімі бүгінгі Ақмола, Павлодар облыстары аумағын мекендеген қазақ руларының жер жайылымдары үшін таласуларына  ұласады. Қыпшақтардың едәуір бөлігі Омск,Томск аймақтарына көшуге мәжбүр болады.

Қыпшақтар арасынан шыққан Ақмола өңірінің аға сұлтаны Ибра­гим Жайықбаевтың, батыс қыпшақтары арасынан шыққан ұзын бөлімінің  басқарушысы Ыбырай Алтынсариннің атасы Балқожа бидің (Балгуджа Ямгурчин) шоқтығы биік. Ресейге адал қызметімен танылған Балқожа бидің бір уақытта Кенесары ханмен байланысы да болған, кейін олардың аралары суып, бір-бірінің қосындарына шабуылдар ұйымдастырған.

Кенесары хан көтерілісін Аманкелді Имановтың атасы Иман батыр қолдап, жорықтарына қатысқан. Белгілі тарихшы Е.Бекмаханов қазақтың соңғы ханының атақты қыпшақ батырының атын атамай үнемі Аяке деп атағандығын жазды.  Кейін ХIХ ғасырда қазақтың басқа рулары сияқты қыпшақтар да бірліктен айрылып, майда топтарға бөлінеді. Бұл кез «Ойбас десең, қыпшақ жоқ» деген халық аузында қалған сөздермен ерекшеленеді.

Дегенмен 1916 жылы Торғай қыпшақтары патша үкіметіне қарсы көтеріліске шығып қана қоймай, араларынан атақты Тілеулі батырдың ұрпағы Әбдіғаппарды хан сайлап, ұлттық әскер құрып, оны Аманкелді Имановқа басқартып өздерінің бірлестігін құрады. А.Харлпампович: «…көтерілісшілердің шығыс қыпшақ хандығын құрғанын жазды. Кейін Әбдіғаппар хан атағынан бас тартып, әмір атанып, халықты 20 адамнан тұратын кеңес арқылы басқарған. Бұл кезде Торғай қазақтары арасында бұрын кеңінен етек алған ұрлық, барымта қылмыстарының күрт қысқарғандығы байқалған.

Н.Э.Масановтың пікірінше ХIХ-ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қыпшақтардың жалпы саны шамамен 160-170 мыңды құраған. А.Темірғадиевтің 1911 жылғы жазбасына сәйкес олардың саны 190 мыңды құраған. Олардың Қостанайдағы саны 56 мыңды,  Торғайдағы саны 45 мыңды, Перовскідегі саны 23 мыңды, Павлодардағы саны 13 мыңды, Ақмоладағы саны 12,5 мыңды, Омбыдағы саны 12 мыңды құраған.

Сонымен қатар қыпшақ руының санына байланысты бірнеше деректер Мұхтар Мағауинның «Алтын Орда» танымдық тауарих (Magauin Publishing, Алматы-2025) еңбегінде жарияланған. Әйгілі жазушы, даңғыл тарихшының жан-жақты, терең толғау, жаңаша көзқарас нәтижесімен жазылған аса құнды еңбегінің «Халық» атты бөлімінің 188 бетінде:»…Алтын Ордаға дейін Еуразия құрылығын тұтасымен дерлік қамтып отырған қыпшақ тайпасының елеулі бір бөлігі Күтен (Котян,авт.Х.Қ.) хан бастаған 40 мың шаңырақ, шамасы 200 мың жан Батысқа-Мажарстан жеріне, кейін Болгария шегіне ауып көшті. Қазіргі заманның білгір маманы С.Плетневаның зерттеуі бойынша Батыс қыпшақ жұртының жиын саны 600 мың шамасында болған. Біз бұдан кемі 150, әйтпесе 200 мың артық көреміз. Өйткені… Батыс Дәшті жеріндегідей тым жиын емес. Шығыс қыпшақтары, өз ішінде қалғаны тұрыпты, құдандалы, одақтас, достық қатынастағы Хорезмге ешбір қиналмай-ақ, 100 мың, тіпті, одан да көп әскер беріп отырған.

Әрине  Қыпшақ хандығында жетекші роль ойнаған қыпшақ руымен қатар бұл бірлестікке көптеген түркі тілдес халықтар, оның ішінде бүгінгі қазақ руларының басым бөлігі енгені түсінікті ғой. Бұл жерде хандық атымен қыпшақ  әскері атанғанмен оның арасында қаңлы, т.б. туыстас рулардың сарбаздары кіруі мүмкін.

М.Мағауин  Қазақ Ордасы мен Сібір хандығының еншісі толық бөлінбегендігі, шектестігі өз алдына, әуел бастан-ақ Сібір жұртындағы ең негізгі түрік рулары-керей, уақ, арғын, қыпшақ, жалайыр және табын болғандығын жазған (Қазақ тарихы­ның әліппесі. Алматы,1995-154 бет).

Қыпшақ руына қатысты келесі деректер қазақтың көрнекті зиялысы, Түркістан автономиясының бірінші премьер-министрі Мұхаметжан Тынышбайұлының шығармаларынан көрініс тапқан. Кітаптың қыпшақ  руына қатысты бөлімінде орыстардың Алтын Орданы ең саны көп тайпа қыпшақтардың атымен Қыпшақ Ордасы деп атағаны, қыпшақтардың Қоқан хандығында үстем тап құрғаны, Құдияр хан мен халықты үрейде ұстаған әйгілі регент Мұсылманқұл, Ташкент қорғаушысы Әлімқұлдың өзбек қыпшақтары болғандығы туралы деректер келтірілген. (М.Тынышбайұлы. Қазақ халқының тарихы. Алматы:AmalBooks, 2024. 49-49б.б. Б.Бұқарбаудың бастамасымен жарық көрген).

Бір қызығы қарақалпақ халқы арасында қыпшак табындар сақ­талған. Башқұрт тарихшылары фино,угор, түрік халықтарынан құралған башқұрттардың ішіндегі табын руының ішіндегі аға баласы, үлкені болып саналатын қара табын­дардың ұлы қара қыпшақ­тардың ұрпақтары болып саналады деп жазады. Олар біз атап жүрген қыпшақтардың «қос сызық», «қос әліп» таңбаларын «қос алып» деп атайды.Бұл екі ұлы, қуатты, алып қыпшақ руының (мүмкін екі батырдың.авт.Х.Қ.) бір бірлестікке, одаққа бірігуін білдірсе керек. Алып-құрметті, ежелгі, атақ, дәреже, лауазым.Орыс тіліндегі великан сөзі қырғыз, башқұрт, татар, қазақ тілдерінде алып,алпамса, дәу мағынасын білді­реді. Қара мағынасы да ұлы, қуатты, зор күш иесі мағынасын білдіреді. Қара қыпшақтар ұлы, қуат­ты қыпшақтар ру-тайпа бірлестігін білдіреді.

Хұсайын Асанұлы Қоразбаев

Заңгер – журналист. Ақпарат саласының үздігі. Запастағы полиция полковнигі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған