Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күресу – әрбір азаматтың, мемлекеттік қызметшінің міндеті.
Сыбайлас жемқорлық тек қылмыс қана емес, ол – мемлекет беделіне деген халықтың сеніміне сызат түсіріп, қоғамның барлық салаларына зиян тигізері сөзсіз.
Осы ретте, халық тек нәтижелі ғана емес, сонымен қатар адал әрі ашық жұмыс істейтін жергілікті билікті көргісі келеді. Сондықтан біз әрбір азамат әділдік пен теңдікке сенетін болашақты бірге құруды мақсат етеміз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екендігін атап өтті. Баршамызға сыбайлас жемқорлықты болдырмау, онымен барынша күресу қажет деп қатаң талап қойды.
Осы мақсатта елімізде, өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған көптеген кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Қала әкімдігі жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия тұрақты жұмыс жасайды. Онда қала көлеміндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу бағытындағы шаралар қаралып, тиісті шешімдер қабылданып келеді.
Қала әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін мониторинг, талдау шаралары жүргізіледі. Талдау нәтижелері біздің ресми сайтта жарияланады. Бұл жүйе қажетті ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етіп, күмәнді жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету барысында онлайн түрде қызмет көрсетуге басымдылық берілуде. Биылғы жылы 80 130 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 70% пайызы электронды түрде берілген. Бұл өз кезегінде қызмет беруші мен қызмет алушы арасындағы тікелей байланыстың болмауына септігін тигізді.
Әр мекемеде, әр ұйымда арнайы құқықтық оқулар ұйымдастырылып, қызметкерлердің кәсіби біліктіліктері арттырылуда. Биылғы жылы 852 қызметкер арнайы оқу курстарымен қамтамасыз етілді.
Құқық қорғау органдары басшыларымен түрлі салаларды қамти отырып, ашық есік күндері, қоғамдық қабылдаулар, есепті кездесулер тоқсан сайын өткізілуде. Осындай ашық қарым-қатынас форматы көптеген құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алуға өз септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ, сенімді әрі нәтижелі әріптестік орнатуға көмектеседі.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендететін маңызды құралдардың бірі – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Бұл жоба қала тұрғындарына бюджет қаражатын бөлу және оны іске асыру процесіне тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Азаматтардың тікелей қатысуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жемқорлық схемаларының алдын алуға ықпал етеді. Шешімдер тұрғындармен бірге және олардың мүддесі үшін қабылданғанда, әрбір бөлінген теңге халық игілігі үшін ашық әрі тиімді жұмсалады.
Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 14 жоба жүзеге асырылды.
Бюджет ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етіліп келеді. Әр бюджет шығыстары, өзгерістер енгізілуі арнайы қалалық қоғамдық кеңесте, одан әрі қалалық мәслихатта қаралады.
Қала әкімдігі және оған қарасты дербес бөлімдер, кент, ауылдық округтер интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына, яғни gov.kz порталына шоғырландырылған. Бұл мемлекет пен азаматтар ақпарат алу мен өзара іс-қимыл жасаудың бірыңғай терезесіне айналды. Осы порталда бюджеттік заңнама саласындағы құқықтық актілер, бюджеттік есептілік орналасады. Сұрақ-жауап сервисінің көмегімен пайдаланушылар бюджет қаражатының жұмсалуы бойынша сұрақтар қойып, жауаптар ала алады.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік маңызды жобалар үкіметтік емес ұйымдармен жүзеге асырылып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет ресурстар, әлеуметтік желілер арқылы және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою бағытындағы жұмыстарымыз алдағы уақытта негізгі міндеттеріміздің бірі болып қала береді.
Н. АХАТОВ
Қызылорда қаласының әкімі