Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші» деп үнемі жастарды қолдау мәселесін басты назарда ұстайды. Бұл жас ұрпақтың жан-жақты дамуына және алдына қойған мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндіктер ашады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде студенттерге арналған «әлеуметтік сатылар», «әлеуметтік жобалар», мемлекет есебінен оқу мүмкіндігі, оқу ақысы, қоғамдық көлікте жүру, студенттік жатақханаға орналасу жеңілдігі мен тамақтануға өтемақы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысу, шығармашылықпен, спортпен шұғылдануға мүмкіндіктер және басқа да әлеуметтік қолдаулар қарастырылған.
Президентіміздің тапсырмасы бойынша жыл сайын жаңадан студенттік жатақханалар салу мәселесі біздің аймағымызда да оң шешімін табуда. Университеттің студенттік жатақханаларымен қатар,мемлекет қолдауымен салынған жеке кәсіпкерлермен де келісім-шарттар жасалған. Университеттебарлық өтініштер қанағаттандырылып,1218 білім алушы орынмен қамтамасыз етілді. Түрлі әлеуметтік санаттар бойынша студенттерге жатақханада тегін және жеңілдікпен тұруға мүмкіндіктер жасалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын жастардың тегін жоғары білім алуына қолдау артып келеді. Бұл білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Университетте 2024-2025 оқу жылында 10231білім алушы бар. Оның ішінде 4905 жас мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.
Сонымен қатар, студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында оқу ақысына жеңілдік жасау мәселесі де жүйелі қолға алынған. Қазіргі таңда әр түрлі санаттағы 1552 білім алушыға облыстық әкімдік, университет, демеуші ірі компаниялар, қоғамдық қорлар мен қаржы институттары тарапынан білім гранттары мен оқу ақысын төлеуге қолдау көрсетілген.
Ел Президентінің 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім алушылардың шәкіртақы көлемінің 2 есеге өсіру жөніндегі тапсырмасы жастар үшін қуанышты жаңалық болды. Біздің өңірде білім алудың ең басты ерекшелігі – еліміз бойынша берілетін ең жоғары шәкіртақы мөлшері. Шәкіртақының өсуі студенттерді әлеуметтік қолдаумен қатар, білім алуға деген ынтасын арттырады.
Жыл сайын облыстық әкімдіктің қолдауыменәлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан білім алушыларға қоғамдық көлікте жүру үшін қаржылай көмек көрсетіліп келеді. 2024-2025 оқу жылы бойынша 216білім алушы осы мүмкіндікке ие болды.
Биылғы оқу жылында ата-аналарының қамқорлығынсыз жетім қалған 57 білім алушыға тамақтану үшін өтемақы және біржолғы ақшалай жәрдемақы берілді.
Президентіміздің еліміз бойынша Жасанды интеллект бағытындағы нақты тапсырмаларына сәйкес университеттің бас оқу ғимаратының жанында Жасанды интеллект базасында жұмыс атқаратын BIC орталығының стартап коворкингі салынып, жақында қолданысқа берілді. Бұл өз кезегінде креативті жобалардың пайда болуына жол ашады.
Университеттеспорттың 11 түрінен секциялар қызмет жасайды. Атап айтқанда шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, бокс, пауэрлифтинг, жүзу, фитнесбойынша бағыттар бар.Университеттің 95 студентіӘлем, Азия және түрлі халықаралық чемпионаттардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Кез-келген студенттің оқу-тәрбие үдерісінде өзін-өзі дамытуына барлық жағдайлар жасалған. Ол үшін 5 оқу залы, 4 электрондық оқу залы және OPEN SPACE жаңа үлгідегі кітапхана, 1 958 057 миллион кітап қоры, жаңа үлгідегі компьютерлік парк, 64 мамандандырылған оқу зертханалары, әрбір білім беру бағдарламаларының жанындағы пәндік үйірмелер, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залы, университеттің тарихи мұражайы, Студенттер сарайы, дыбыс жазу студиясы, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, 7 спорт залы мен 5 жазғы спорт алаңы, 7 студенттік асхана, бас оқу ғимараты жанындағы асханасы бар коворкинг орталығы, медициналық пункт қызмет етеді. Барлық оқу ғимараттарында WІ-FI желісі қосылып, білім алушылардың үзіліс уақытында демалып отыруларына арнайы орындар, көңіл-күйлерін көтеруге оң әсер ету үшін музыкалық аппаратуралар ұйымдастырылған.
Жандос Базартай
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры