Жосалы кенті. 1948 жыл. 21 мау­сым. (Қай өңірлерді қамты­ғанын білмеймін, сол кезде Қармақшы ауданы бойынша жұқпалы оба ауруына байланысты карантин режимі болған. Дарияның арғы-бергі жағы, ауыл мен ауыл арасындағы қатынастар тоқтатылған.)  Қараөзектің Сырдарияға құярлығы. Қараөзек үстінен салынған теміржол көпірі мен құярлыққа дейінгі аралықта кент тұрғындары бақша егеді.  Әкем түске дейін бақшалықта жұмыс істеді. Мен қасында ойнап жүрдім. Жұмыстан кейін әдеттегідей әкем суға шомылды. Сегіз жасқа толмаған кезім. Әкем суға жүзе алмайтын. Белуардан келгенше суды кешіп барып, орнында тұрып, суға бір-екі сүңгіді. Мені де шомыл­дырып, жағаға көтеріп әкеп, енді бір сүңгіп алайын деп қайтадан суға түсті. Жүрелеп суымды сарқып отырмын. Әкем күндегіден өзгеше судың терең жағына қарай малтып бара жатқандай жағадан ұзай берді. Қарап отырмын, және әкемнің суға жүзіп бара жатқанына қуанғандай күйдемін. Өзектің ағысы түйені жұлып кететіндей тым қатты және өте терең болатын. Ортасына дейін барып қолдарын бір-екі сермегендей болып әкем көрінбей кетті. Біраз отырдым. Әкем жоқ. Бір кезде қол насоспен бақшасын суарып тұрған орыс әйелдің қасына аяғын ақсаң­дап басатын Өшім (ол кісіні білетінім, балалардың тамағына суық тиіп ауырғанда, таңдайын басып ем жасайтын) деген кісі келді. Екеуі сөйлесті.

– Мына баланың әкесі суға ба­тып кетті, – деп орыс әйел айт­қан болу керек. Әлгі кісі маған жақындап:

– Әкең қайда?- деді.

– Жаңа суға түсіп жатқан, жоқ, – дедім.

– Әй, қасқа қасқиған  екенсің ғой – деді. Әкемнің суға батып кеткенін енді ғана түсініп, су жағалап жүгіріп жүріп жыладым…

Дарияның басына көп адамдармен бірге анам келді. Анам да, мен де жылаудамыз. Көпшілік басу айтып жатыр. Қайқы төс Жақан деген кісі суға әлденеше мәрте сүңгіді, суға жылым салды, ошақ салып іздеді. Бір апта бойы ағайын-туыстар күндіз-түні дария жағалаумен болды. Табылмады. Бір аптадан кейін Жосалыдан 30 шақырымдай дарияның «Қызылжар» деген тұсында қайырға тіреліп тұрған адам денесін көрген малшы кісілер Қармақшы ауданының милициясына хабарлаған. Әкемнің денесін тапқан кісілер дарияның сол жақ жағалауына судан шығарып уақытша (дене бұзылмас үшін) жерлеген.

Әкем жұмыс істеген механикалық зауыт жүк (полуторка) машинасын, жолда кедергі болмас үшін арнайы рұқсат (пропуск) қағаз және бізге туыстығы бар милиционер Ұзақбай Балабаев ағаны қосып берді. 11 жас­тағы апам Ағайшаны, 3 жастағы інім Сәдуақасты үйде қалдырып,  анам мені ертіп, Сқақ деген Отан соғысының мүгедегі, әкемнің немере інісі, қасына Жүніс молданы алып, жүргізушімен бес адам Сырдарияның оң жақ жағалауымен жолға шықтық.

Межелі жерге жеткенде дария жаға­сындағы малдың жағдайымен отырған үй иелерімен  қасымдағы үлкендер ұзақ сөйлесті. Түсінгенім, жағалаудағы кісілер карантин  режи­мін бұзған болып жазаланудан қорық­қаннан, бізді арғы бетке өткізуге келі­сім бермеген.  Мен, анам және  мили­ционер Ұзақбай ағам әкемді жерлей алмай Жосалыға қайттық. Сқақ аға мен Жүніс молда сол жерде қалды.  Жағалауда отырған кісілер сол түні оларды дариядан қайықпен арғы бетке өткізген.  

Жүніс молда біздің отбасы және әулет үшін ардақты жан. Жүк маши­на­сымен жолға шығып, түн ішін­де қайықпен арғы бетке өтіп, күн шығысымен әкем Аңсатұлы Әбдіқадырдың денесін ақ жуып, арулап, кебіндеп сол жерде мал жағдайымен отырған кісілердің қатысуымен жаназасын шығарып, өзге де ислами шарттарын орындап, мәңгілік мекеніне орналастырған Жүніс молданың еңбегі өлшеусіз…    

Жүніс молда көбіне есек мініп жүретін.  Ол кісінің нұр шашқан дидары, жұмсақ қоңыр үні, есекке мініп, түсіп жатқандағы келісті келбеті әркімге де сүйкімді болатын. Ол кісіні анадайдан байқағаннан өзіңізге парасат пен ізгілік жақындап келе жатқандай сезілетін.

Көп жылдан кейін өзім Жосалы механикалық зауытының бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік еткенде, поселкелік, аудандық Кеңестің депутаты болған кездерімде аудандық партия комитеті Жүніс және басқа да бес-алты молдаларды шақырып, түрлі қыспаққа алып жатқандарына куә болдым. Партия комитеті басшыларының талаптары: Дінді насихаттай беруді тоқтату. Жаназа намазына көп адам, құран шығару істеріне көп молда қатыстырмау, тағы да басқа болмайтын, қисыны келмейтін майда мәселелер. Жүніс молда айтылған талаптарға майдай жұмсақ сыпайы қалпымен келіскен сыңайда жауап беретін де, райкомнан шығып ақ есегіне мініп кете беретін…

Бірақ, ауданның тұрғындары бақилық болған кісілерін намаздауды, құран аударту рәсімдерін Жүніс молда бастаған молдалардың басшылығымен орындап отырды.  Партия-кеңес  органдарында қызмет атқарғандардың жаназа намазы жасырын өткізіліп, ақ матамен кебіндеп, ағаш (орысша) табытқа салып, қабірстанға жеткізгеннен кейін көрге саларда ағаш табытты сыртта қалдырып, ислами шартпен жерлеп жүрді.

Партия органдарының қайта-қайта шақырып қыспаққа ала бергені ол кісінің жүйкесін жұқартты. Қисынсыз талаптарына көне-көне көнтері болды. Жүніс молда сабырлы көркем мінезімен Құдайға, исламға шын берілген ұстанымынан айнымады. Көкілташ медресесінен алған білім-ілімін, өзінің ғұламалық потенциалын іске асыра алмай пұшайман болды. Аппақ-аппақ армандары қырқылды. Тәніне тыртық, жанына жыртық таңба салынды.  Осыншалық қыспақта жүріп тоқсан бір жыл өмір сүргені, ол кісінің ішкі ерік-жігерінің мықтылығы деген ойдамын.

Жосалының Комсомол деген көшесінде қарапайым шаруа, мейірбан, тақуа жан Қарабазар кете Дайыров Баймұрат деген ақсақалмен бір аулада көрші тұрдық. Байекең қорада майда мал ұстайды. Бағып семіртеді. Мал сойған күні, Құрбан айт пен ораза күндері ауыз аштырғанда  Жүніс, Әлмұрат, Мінаж, Асан мақсұм деген кісілерді шақырады. Құран оқытады. Аталған кісілерді шақырып беруді Байекең маған жүктейді. Мүлтіксіз орындаймын. Баймұрат ақсақал теміржолдың вагон жөндейтін цехында слесарь боп жұмыс атқарды. Разряды төмен болғасын, жалақысы да төмен. Жүніс молдаға Байекең: – Мен өзіммен бірге істейтіндерден айлықты аз аламын. Маған орыс басшыңа бір шиша арақ алып берсең разрядыңды көтереді, айлығың өседі дейді. Арақ алып беріп, айлығымды көбейткенім қаншалықты дұрыс, осыған қалай қарайсыз?, – деп сауал қойды.

– Арақ алып беріп айлығыңды көтермей-ақ қой. Адал еңбегіңмен, таза ұстанымыңмен тапқан малың, ішкен асың адал, оның жұғымы мен берекесі мол болады. Шүкір жағдайың жаман емес қой, – деді Жүніс молда. Байекең осы ұстанымда қалды. Ой жарықтықтар-ай!

Байекеңнің үйіне шақырылған молдалардың қолдарына су құю, кебістерін қойып, таяғын алып беру сияқты қызметтерді атқардым.  Кейінірек тұрмыс түзелген кездері кісісі өлген үй иесі Жүніс молданы басшы етіп жеті-сегіз, кейде онашақты молда шақырып, арнайы бір үйді дайындап, Құран шығартып жүрді. Туған-туыстарым мен ағайындардың осындай қажеттіліктерінде молдалардың дәрет суларын жылытып беріп, құмандарын дайындап, қолдарына су құйып қызмет жасағанымды өзіме мәртебе көріп жүрдім. Жүніс молда қатысқан түрлі жиында ол кісіден басқа ешкім артық-ауыз сөз айтпайтын.  Ол кісі шариғат шарттарына, пайғамбар хадистеріне қатысты қойылған сұрақтарға тұшымды жауап беріп отырушы еді.

Аманжолұлы Жүніс, оның зайыбы Ысқаққызы Рахима марқұмдардың рухтары шат болғай. 

        Сәпен Аңсат

Қызылорда, еңбек ардагері

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған