Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ұлы Отан соғысының ардагерi Әбдірахман Бәйтіковтің үйіне арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын табыстады.
– “Біз Отан үшін от кешкен аға буынның ерен ерлігі мен еселі еңбегінің арқасында бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Өскелең ұрпақ ардагерлеріміздің даңқты жолы мен қаһармандық шежіресін үнемі үлгі тұтады” – делінген Президент құттықтауында.
Облыс әкімі ізгі тілегін жеткізіп, ардагерге сый-сияпат көрсетті. Аға ұрпақтың егемен еліміздің өсіп-өркендеуіндегі ерекше рөлін атап өтті.
Әбдірахман Бәйтікұлы 1942 жылы Ашхабад қаласындағы командирлер дайындайтын курсқа түсіп, оны аяқтамастан майданға аттанған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған. ҰОС жылдарындағы көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың ІІ дәрежелі медалімен, “Қарулы күштердің 50 жылдығы” орденімен, “Жеңіске 20, 30, 40, 55, 65, 70, 75 жыл”, тағы да бірнеше медальдармен марапатталды. 1944 жылы соғыстан оралған соң “Кооператор” (кейінгі атауы “Комсомол”) колхозының қой шаруашылығында учетчик, есепші және зейнет жасына дейін бригадир болып жұмыс атқарған. Бүгінгі күні 10 баладан тараған 30 немере, 35 шөберенің атасы.