Шиелі кентіндегі “Руханият” орталығында 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов қатысып, тұрғындарды көктемнің алғашқы жарқын мерекесімен құттықтады.
– Алғыс айту күні – халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілін, татулық пен өзара сыйластықты айшықтайтын ерекше мереке. Сонымен қатар, бұл күн – аудандағы барлық игі бастамаларды қолдап, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында өз үлесін қосқан ардагерлерге, кәсіпкерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, қоғамдық ұйымдарға, білім және мәдениет саласының ұжымына, алтын қолды дәрігерлер мен құқық қорғау саласының қызметкерлеріне, жалпы ауданымыздың дамуына үлес қосқан әрбір азаматқа алғысымызды білдіретін күн. Осы ретте, ауданымыздың өркендеуі мен гүлденуі үшін аянбай еңбек еткен, рухани дамуына үлес қосқан барша азаматтарға, әрбір аудан тұрғынына шын жүректен алғыс айтамын!, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси жаңғыру үдерістеріне тоқталып, 15 наурызда өтетін республикалық реформаға белсенді қатысуға шақырды. Елдің ертеңіне бейжай қарамай, маңызды саяси науқанда азаматтық ұстаным таныту – әрбір тұрғынның парызы екенін ерекше атап өтті.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының әсем әндері мен көркем би нөмірлеріне ұласқан концерттік бағдарламаға жалғасты. Кеш барысында патриоттық мазмұндағы туындылар орындалып, жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады.